Культура

Абай – өзі жеке бір ғылым

Абайды тануға, түсінуге, одан тәрбие алуға шақырамын

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,- деп жырлаған ақынның әр жыр жолынан үлкен мағынаны көресің. Иә, Абай кемеңгер, ақын, данышпан. Бір адамның бойына осындай бірнеше асыл қасиет қалай сияды деген ойда қаламын.

Жаратылысынан ерекше, білімді, зерек болған Абайдың ішкі жандүниесі қандай керемет. Ойы неткен терең. Қырағы көзі қандай көреген деп таң қаласың.

Әкесі Құнанбай білімге құштар ұлын ел тірлігіне араластырып, ел басқаруға баулыса да, өлеңге жаны құмар, ақындықты серік еткен Абай қарапайым халықтың арасында жүріп, көп дүниенің мән-жайымен танысады. Қазақ даласындағы ыдырай бастаған рулық қатынастардың кереғар қайшылықтары мен әлеуметтік теңсіздіктің зардаптарын түйсінеді. Кейін «Болыс болдым мінекей» деп ел ішіндегі жер мен жесір дауына араласып, әділ төрелік етеді.

Сол кездері ол болыс болып елді басқаруды емес, айналасындағыларды тура жолға сілтеп, олардың арасында бір-біріне деген адамгершілік, түсіністік, сыйластық сынды адами қасиеттерді орнатқысы келеді.

Данышпан Абай өмірінде басшы болуды емес, құнды дүниелер жазуды қалаған. Міне, осы баға жетпес туындылары бүгінде біз үшін рухани азық болып отыр емес пе.

Көп жылдар бойы елеусіз қалған Абайдының шығармаларын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында жаңғыртып, оның 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ден қойдық.

Осыған орай, биыл елімізде «Абай күні» атты республикалық мереке пайда болды. Бұл мереке халық тарапынан бірден қолдау тауып, жақында алғаш рет «Абай күнін» атап өттік.

Кемеңгер Абайдың мерекесіне орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлемді мақала жариялады.
Осы мақаланы оқып отырып, оның «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деген сөздеріне риза болдым.
Абайдың әр сөзі түсінген адамға үлкен мағына, тәрбие береді. Қазақ халқының жан-жақты білімді, көп тілді меңгергенін қалады. Ұлтының жанашыры бола білді. Сол Абайды халқымыз енді ғана оқып, оның арман мақсатын жаңа ғана түсініп жатқандай.

Қарап отырсақ, қазақтың данышпаны қазіргі заманның барлық мәселелеріне сол кездің өзінде жауап беріп кеткендей. Оның өлеңдерінің сыртында қара сөздерінде жатқан тағылымды біз толық меңгере аламыз ба.

Міне, Ұлы Абайдың артында қалдырған құнды дүниелерін толық меңгеру үшін бізге «Абай күні» мерекесі өте қажет еді. Алдағы уақытта жылда «Абай күнін» атап өтіп, оның өлеңдерінің түп мағынасына үңіліп, шығармашылығынан рухани байлық алап отырарымыз анық.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы әлем бойынша коронавирус дерті дамып, елімізге де жетпегенде дүркіреп аталып өтілетін еді. Өкінішке орай, мемлекетіміздегі карантин режиміне байланысты көптеген рухани дүниелерге толы іс-шаралар шектеліп қалып жатыр.
Мысалы, өзім жұмыс істейтін тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын «Абай оқулары» байқауын ұйымдастырып келеді. Өкінішке орай, карантин режимін бұзбау үшін биыл оны өткізбейміз деген шешімге келіп отырмыз.

Абайды тану бір күнмен, бір жылмен ғана шектеліп қалмауы керек әрине. Абай қай жағынан қарап, танысақ та таусылмайтын бір ғылым деп білемін.
Сондықтан кемеңгер тұлғаның құнды дүниелерімен кеңінен таныса отырып, өмірдің мәнін түсініп, қоғамды қалыптастыруға болады. Осы ретте замандастарымды, жас ұрпақты Абайды тануға, түсінуге, одан тәрбие алуға шықармын.

Бақытгүл СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қостанай облыстық тілдерді дамыту
басқармасының бөлім басшысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77