COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

102323

Выздоровевших

107529

Зарегистрированных случаев

3472

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1699

Летальных случаев

Біздің Қостанай

Қайда жүрсе де үздік

немесе академик, техника ғылымдарының докторы Мәлік Баймұхамедов жөнінде

Жастайынан алғыр болды

Өзім осы кезге дейін талай зиялы деген азаматтармен араластым. Солардың арасындағы осындай атқа лайықты тұлғалардың бірі – бүгін әңгімемізге арқау етіп отырған Мәлік Файзоллаұлы Баймұхамедов.

Ол адамгершілігі мол, айналасындағыларға тек қана шуағын шашып жүрген жан. Өте мәдениетті, ғылымда өзінің қолтаңбасы бар, кіммен болсын сөйлескенде кішіпейілдік танытады.
Зырылдап өтіп жатқан өмір емес пе. Асыл азамат осы наурыз айының басында мерейлі жетпіс бес жасқа толғалы отыр. Әрине, бұл нағыз кемелдікке келіп, ел ағасы атанып, кейінгі жастарға жол көрсетер шақ.

Мәкең осы кезге үлкен абыроймен жетті. Кешегі талапты бозбаладан абыз ағалық деңгейге көтерілді.

Бұл жөнінде кез келген замандастарынан сұрай қалсаңыз, тек қана шынайы лебіздерін білдіреді.

Журналистік қызмет бабымен кейіпкеріміз қызмет атқаратын академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетіне жиі барып тұрамын.

Темірдей тәртіпті ұнататын ғалымды қашан да өз жұмыс бөлмесінен кездестіресіз.

Әрдайым алдындағы үстелге ұқыпты қойылған түрлі ғылыми жазбаларға үңіліп, болашағынан үміт күттіретін шәкірттеріне ақыл-кеңесін беріп жатқаны.

Қандай биікке көтерілме, оған деген құлшыныс сонау сағымдай бұлдырап артта қалған жастық кезеңнен басталады емес пе. Айналасындағыларға тек қана шарапатын тигізіп жүрген азамат 1945 жылы 6 наурызда бұрынғы астанамыз, яғни әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі – Алматыда ынтымағы жарасқан шаңырақта дүниеге келді.

Бір ерекше айта кетер жай, әу баста ол білім ордасының табалдырығын аттаған сәттен бастап, зерделілігі мен таудай талабын көрсете білді. Барлық пәндерге деген ынтасы да ерекше болатын.

Сондықтан да шығар, 1963 жылы Надежда Крупская атындағы орта мектепті күміс медалмен тәмәмдады. Ұстаздары үздік түлектен үлкен үміт күтті.

Өзінің терең біліміне сенген бозбала бірден жоғарыда аталған әсем қаладағы кез келген өзі секілді жастарға қол жетпестей арман болып көрінетін бұрынғы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына құжатын тапсырды.

Барлық емтихандардан сүрінбей өтіп, жоғары оқу орнындағы автоматтандыру және есептеу техникасы факультетіне студент болып қабылданды.

Мұнда да ұстаздардан жолы болды. Өзі де таңдаған кәсібіне деген қызығушылығын танытты. Осы жерее «Автоматика және телемеханика» мамандығын жетік меңгеріп, қолына институтты үздік бітіргендігін дәлелдейтін диплом алды.

Өз саласының майталманы атанды

Талапты да білімді жасқа қашанда жақсы адамдар кездеседі. Қызметке де көп қиналмай орналасатындығы өмірде әбден дәлелденген. Мәлік Файзоллаұлы да өзінің тұла бойындағы парасаттылықтың, жан-жақтылықтың және біліктіліктің арқасында жандары ізгілікке толы азаматтардың назарына ілінді.

1969 жылы қоңыр күз айында арнайы өткізілген байқауда топ жарып, өзі түлегі болып табылатын Қазақ политехникалық институтына (қазір Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) «Автоматика және телемеханика» кафедрасына оқытушы болып қызметке кірісті.

Ізденімпаз бозбала осында қысқа мерзімде жұмыс істеген соң ғылымға деген айрықша бейімділігінің нәтижесінде Ресейдің жүрегі болып табылатын Мәскеу шаһарындағы энергетика институтының аспирантурасына қабылданды.

Мұндағы жазған диссертациялық еңбегі де өзекті тақырып болатын. Ғылыми кеңесте жоғары бағаланып, ғылым кандидаты дәрежесіне ие болды. Оны ойдағыдай қорғап шыққан жас ғалым көп ойланып жатпастан туған еліне оралды.

Содан 1974-1978 жылдары республикамыздағы байырғы оқу орындарының бірі – Павлодар индустриялық институтының электрлендіру және автоматтандыру кафедрасында доцент болып қызмет атқарды.

Мінезі көркем, үнемі ізденіспен жүретін ғалым әріптестері мен өзі дәріс беретін студенттерінің арасында үлкен құрметке бөленді. Жергілікті азаматтар да мұның кісілік қасиеттеріне шексіз ризашылық білдірді.

Ғалым үшін өзінің алдынан білім алған студенттердің биік шыңдарға көтерілгендерінен артық бақыт бар ма? Олардың көпшілігі кең байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті қызмет атқарып, тәлімгерлеріне алғыстарын қарша жаудырып жатады.

Күнделікті дәріс берумен қатар, әлгі аталған жоғары оқу орнының жас ғалымдары кеңесінің төрағасы болды. Сөйтіп, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қаншама шәкірттерінің өмірден өз орындарын табуына өзінің көп ықпалын тигізді.

Білікті маманға үлкен сенім артылып, шет елде, яғни Алжирде екі жыл жұмыс істеп, өзге мемлекетке ұлтымызды кеңінен танытты. Қазақ жігіттерінің де әмбебап болып келетінін де іс жүзінде дәлелдеді.

Замандастары ол 1981-1987 жылдары облыс орталығына жақын орналасқан кеншілер қаласындағы Рудный индустриялық институтының өндірістік процестерді автоматтандыру факультетінің деканы болған шақтарды да ұмыта қойған жоқ.

Ғылымда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан азамат содан кейін Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне шақырылып, осындағы информатика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды.

Аталған кезеңдерде өзін көрсеткен азамат жоғары оқу орнының ғылым және шетелмен байланыс жөніндегі проректоры лауазымын ұзақ жылдар бойы жемісті атқарды.

Олар ұрпақтарымен бақытты

Баршаға белгілі, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зұлқарнай Алдамжар Қостанай өңіріндегі ғылым мен білімнің дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Осы сөзіміздің дәлелі ретінде облыста алғашқылардың бірі болып, жеке әлеуметтік-техникалық университетінің ашылуына тікелей ұйытқы болды. Жанына Мәлік Файзоллаұлы секілді білікті де іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары ғалымдарды жинады.

Өзі жайлы сыр шертіп отырған қайраткер ағамыздың осында ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор болып қызмет етіп келе жатқандығына да біраз жылдардың жүзі болды.

Қазіргі уақытта бұл жоғары оқу орнын кім білмейді. Көршілес мемлекеттердегі әріптестерімен ерекше сыйластық орнап, жас ғалымдардың біліктілігін арттыруға айрықша назар аударылды. Ғылымға ден қойған жастардың өздерін көрсетулеріне толық мүмкіндік жасалды.

Оның сонау бір жылдардағы асыл армандары да орындалып, техника ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды. Халықаралық ақпараттандыру, Еуразия экономикалық академияларының академигі ретінде де есімі жұртшылыққа мәлім.

Ол аз десеңіз, Мәлік аға шетелдегі Йорк университетінің құрметті философия докторы, Уралдағы мемлекеттік аграрлық және Қырғызстандағы техникалық ұлттық университеттерінің құрметті профессоры.

Ғылым және білім саласында талай мәртебелі атақтарға ие болды. Мәселен, Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі. Сондай-ақ осыдан жеті жыл бұрын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды. Осы мысалдың өзінен-ақ оның мектепте, жоғары оқу орнында, жалпы білім саласында үнемі үздік болып келе жақтандығына еріксіз таңданасыз.

Еңбекқор, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын табанды ғалым ағамыз осы күнге дейін 200-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды. Оның 12-сі монография, 38-і оқулықтар мен оқу құралдары. Студенттер қауымы бұл кітаптарды іздеп жүріп оқиды.

Зиялы жан көптеген жастарға ғылыми жетекшілік етті. Олардың арасында кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғағандар да жеткілікті.

Мәлік Файзоллаұлы қызметте білікті басшы, көрнекті ғалым, ұлағатты тәлімгер ғана емес, өнегелі шаңырақтың иесі. Ғұмырлық серігі Гүлзада Сейдуәліқызы да белгілі ғалым. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, экономика факультетінің студенттеріне дәріс беріп келе жатқан ізденімпаз да аяулы жан.

Ерлі-зайыптылар өмірде сыйлы да беделді. Қос перзенттеріне заман талабына сай терең білім, тағылымды тәрбие берді. Үлкендері Айжан Түркияның Анкара қаласында тұрады. Ұлдары Әлімжан да ата-анасының сенімін ақтады. Келіншегі Ленура екеуі Дияр есімді алтын асықтай немере сүйгізді. Атасы мен әжесі демалыс алған кездері оған жеткенше асығады.

Ғылымда өзінің ерекше орны бар ағамыз франуз және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Әншілік қабілеті де жұртшылыққа мәлім. Бос уақытында мамандығына байланысты кітаптар оқиды, табиғат аясында серуендегенді жаны сүйеді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77