Отбасы – ең басты байлық. Әсіресе төрт ұл тәрбиелеп өсіру – үлкен жауапкершілік пен мейірімді, төзімді талап етеді.
Балалардың әрқайсысына үлгі болып, дұрыс бағыт-бағдар беру — ата-ананың басты міндеті. Ұлдың ұяты – әкенің ұяты, тәрбиелі ұрпақ — жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан әр күнді бағалап, балаларыңа махаббат пен қамқорлық сыйлау — өмірдегі ең маңызды іс. Айдана мен Мараттың отбасын құрғандарына биыл 14 жыл. Осы жылдар ішінде олар тек берік шаңырақ көтеріп қана қоймай, нағыз ұйымшыл командаға айналды. Төрт ұл өсіріп отырған бұл жанұя үшін басты құндылықтар – сүйіспеншілік, өзара сыйластық, тәртіп пен саламатты өмір салты.
Отбасының тірегі Марат – футбол жаттықтырушысы, бос уақытында хоккеймен де айналысады. Балалары – Мансур, Бахтияр, Мадияр және Асанәлі – бәрі де әке жолын қуып, спортқа жақын өскен. Бұл қызығушылық ақыры жеке кәсіби бағытқа айналды: Марат пен Айдана өздерінің жеке футбол мектебін ашып, балаларды баулуға кіріскен.
— Біз үшін футбол – жай ғана ойын емес. Бұл – тәрбие құралы. Балалар спорт арқылы тәртіпке үйренеді, командамен жұмыс істеуді, жауапкершілік пен төзімділікті меңгереді. Біздің мақсатымыз – тек мықты ойыншылар емес, нағыз азаматтарды тәрбиелеу, – дейді Айдана.
Бұл отбасы үшін демалыс күндері – бірге өткізілетін қымбат уақыт. Олар саябаққа серуенге шығады, табиғат аясында шағын пикниктер ұйымдастырады, киноға барады. Ал қыс мезгілінде отбасылық хоккей – ерекше дәстүрге айналған.
— Әр кешкі ас кезінде міндетті түрде бәріміз дастархан басында жиналамыз. Сол кезде әрқайсымыз күн ішінде не істегенімізді айтып, ертеңгі жоспарларымызбен бөлісеміз. Бұл біздің отбасымыздың маңызды дәстүрлерінің бірі, – дейді Айдана.
Айдана мен Марат тәрбиеде ең бастысы – баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру деп есептейді. Ұлдарын адал, еңбекқор, көпшіл әрі өз ойын ашық жеткізе алатын азамат етіп өсіруге тырысады.
— Біз ұлдарымызды өз ісіне жауапты болуға, қиын сәтте де қашпай, шешім қабылдай алатын етіп тәрбиелеуге тырысамыз. Темірдей тәртіп – біздің үйде бірінші орында. Спортта да, өмірде де бастаған істі соңына дейін жеткізу өте маңызды, – дейді анасы.
Бұл отбасы тек өз балаларына ғана емес, айналасындағы жас спортшыларға да үлгі бола білді. Олар футбол мектебіндегі шәкірттерінің жарыстарына бірге барып, қолдау көрсетеді. Ұжыммен бірге жеңіске жетіп, жеңілісте бірге жұбатады.
— Біз әр балаға сенім артамыз. Әрбір жетістікке бірге қуанамыз. Себебі бұл тек спорт емес – үлкен өмір мектебі, – дейді Марат.
Айдана сөзінің соңында жас отбасыларға арнап ақыл-кеңесін де айтты:
– Бала тәрбиесіндегі ең бастысы – махаббат пен құрмет. Отбасыда жылулық пен түсіністік болса, бала өзін қауіпсіз, бағалы сезінеді. Балаларыңызға жақын болыңыздар, дәстүр қалыптастырыңыздар, үлкенге құрмет, кішіге ізет үйретіңіздер. Сонда ғана болашақ берік болады.
Махаббат пен еңбектің, тәртіп пен спорттың бірлігін паш еткен Айдана мен Мараттың жанұясы – «Мерейлі отбасы» атағына әбден лайық. Байқау «Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша «Жастар ортасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында өтуде, «Жаңашыр бол» ҚҚ іске асыруда.
Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған отбасы
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77