Қаламыздағы жекеменшік білім ордасының жұмысына тұрғындар дән риза
Облыс орталығында 2012 жылы қазан айында ашылған «Айгерім-ай» бала бақшасында алғашында 2 топ ғана болған еді.
Уақыт өте мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеудің қыр-сырын жақсы меңгерген ерлі-зайыптылар Құралай мен Ермек Шодоровтар жеке кәсіптерін барынша дамыта түскен. Оның себебі, қала тұрғындарының тарапынан сұраныстың арта түсуі.
– Біз алғашында бала бақшаны өзіміз тұрып жатқан үлкен үйімізде аштық. Екі қабатты ғимараттың астында өзіміз тұрдық та, екінші қабатында екі топтан тұратын «Айгерім-ай» деп аталатын бала бақша болды. Уақыт өте бізге балаларын бергісі келетін ата-аналардың саны арта бастады. Сөйтіп, бала бақшада 4 топ жұмыс істеді. Жеке кәсібіміз жүргеннен кейін балалар санының жылдан жылға артуына байланысты өзіміз басқа жерге көшіп, екі қабатты ғимаратты толық бала бақшаға айналдырдық.
Балалары біздің бала бақшада тағылымды тәрбие алған ата-аналар, мектеп алды сыныбын ашуымызды сұрады. Осылайша ата-аналардың қалауымен 2015-2016 жылдардағы оқу жылында мектеп алды сыныбын аштық.
Біздің бала бақша мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істегендіктен түске дейін болатын тәрбиеленушілер үшін тегін. Егер бала таңертеңнен кешке дейін бала бақшада болатын болса, онда 1 айға 40 мың теңге. Біз 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз, – дейді «Айгерім-ай» бала бақша және мектебінің директоры Құралай Шодорова.
Бүгін де жеке кәсіптерін шыр айналдырып отырған ерлі-зайыптылар бала бақшаның сыртында бастауыш мектебін ашуды қолға алған. Олар қаламыздағы Введенская, 39 мекен-жайы бойынша бос тұрған ғимаратты жерімен сатып алып, оның орнына жаңа 3 қабатты мектеп салған. Биыл осы мектеп 1 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылды.
– Біз бала бақшамыздың жанындағы ескі ешкім тұрмайтын, қараусыз қалған ғимаратқа жиі көз салатынбыз. Уақыт өте осы ғимаратты ешкім сатып алып жатқан жоқ. Көп жылдардан бері қаңырап бос тұр ғой деп жергілікті әкімдіктен сұрастырып білдік. Сұрастырғанымызда ғимараттың сатылатыны белгілі болды. Сөйтіп, бала бақшамыз тар болғаннан кейін сол ғимаратты сатып алып кәсібімізді кеңейтуді ұйғардық.
Сөйтіп 2018 жылы осы ғимаратты мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2025» бардарламасы бойынша «Центр кредит банкінен несие алып және «Даму» бағдарламасы аясында қолдауға ие болдық. Осылайша аталмыш ескі ғимараттың орнына жаңа 3 қабатты мектеп салдық. Мектептің құрылысы өте қиынға түскен жоқ. Өйткені, жолдасым Ермектың мамандығы құрылысшы. Бұл саланың қыр-сырын толық меңгерген. Сондықтан мектептің құрылыс жұмыстарын басынан аяғына дейін өз қадағалап, сапасына жіті назар аударды. Нәтижесінде қалағанымыздай алыстан көз тартатын ғимарат салып, білім орнын ашып отырмыз.
Бүгінде 1-4 сыныптарға баруға өтінім білдірген 100 бала тіркелді. 1-ші сынып оқушылары үш сыныпқа бөлініп оқиды. Өкінішке орай, жаңадан ашып отырған мектебіміз тек орыс тілін де ғана жұмысын бастап отыр. О, баста мектептебімізде қазақ және орыс тілінде білім береміз деп жоспарлаған едік. Шыны керек, қаламыздағы барлық басылым беттеріне, теле арналарға қазақ сыныптары ашылады деп хабарландыру бердім. Бірақ 6 бала ғана қазақ тілінде білім алуға өтініш берді. Басқа қазақша білім алушылар болмағандықтан, осы 6 баланың ата-анасына өзім жеке хабарласып, қазақ сыныбын ашу үшін бала саны жетіспейтін болғандықтан қазақша оқыта алмайтынымды айтып кешірім сұрадым. Осы кездері сол ата-аналдардың барлығы балаларын орыс сыныбына беретіндерін айтты. Сөйтіп, басында қазақша сыныпқа барамыз деп тіркелген 6 бала орыс сыныпқа жазылды, – дейді Құралай Шодорова.
Ерлі-зайыптылардың жеке кәсібін ашып, табыс тауып отырғанына 10 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыттың барлығында олар мемлекеттік тапсырысты жоғары деңгейде орындап келе жатқандарын айтады.
– Менің ойымша қазіргі жеке кәсібін ашып жатқандардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеудің тиімділігін біле бермейді. Елімізде мемлекеттік тапсырысты орындай отырып, жеке кәсіпті жан-жақты дамытуға толық жағдай жасалған. Өзім осы салада көп жылдар қатарынан табысты еңбек етіп келемін, – дейді «Айгерім-ай» бала бақша және мектебінің директоры.
Қазіргі таңда мұнда балаларға арналған қосымша 10 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде аспаздық, суретшілік, робототехника, мектеп блогері және спорттың баскетбол, жеңіл атлетика түрлері бар. Сонымен қатар бала бақша және мектепте балалардың үнемі спортпен шұғылданып, білімді болып өсуіне барлық жағдай жасалған. Мұнда өз ісінің білгірі, тәжірибелі 100 қызметкер жұмыс істейді.
– Менің қарамағымдағы педагог мамандардың барлығы тәжірибелі. Жоғары сертификат иегерлері. Шынын айтайын, басында бала бақша ашылған кезде тәжірибелі тәрбиешілерді табу қиын болды. Бізге мамандығы тәрбиеші болғанымен ол салада жұмыс істемей үйде отырып қалған жандар көп келді. Бірақ біз олардан бірден тәжірибе талап етпей жұмысқа алдық. Уақыт өте олар осы жерден тәжірибе жинап, қосымша курстардан өтіп, деңгейлік сертификаттарға ие болды.
Қазіргі таңда «Айгерім-ай» бала бақша және мектебінде тек тәжірибелі тәрбиешілер мен ұстаздар ғана қызмет етеді деп толық айта аламын, – дейді Құралай Түлекбайқызы.
Жеке кәсіп ашып, сапалы қызмет ұсынып отырған еңбекқор жандардың әр бастаған ісіне сәттілік тілеміз.
А. ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77