Біздің Қостанай Социум

Қалқаман Жақып саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары жайлы деректерді зерттеп келеді

Қазақстанда жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен белгіленген. Мақсаты – тоталитарлық жүйе кезінде жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамдардың рухына тағзым ету, олардың есімін ұмытпау.

XX ғасырдың бірінші жартысында, әсіресе 1930 жылдары, Қазақстанда және басқа да кеңестік республикаларда жаппай тұтқындау, жер аудару, ату жазасы сияқты саяси қуғын-сүргіндер жүрді. Адамдар көбінесе дәлелсіз «халық жауы», «кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізді», «ұлтшыл болды» деген жалған айыптармен жазаланды. Бұл зұлматтан зиялы қауым өкілдері, қарапайым шаруалар, жұмысшылар, әскери қызметшілер, мәдениет пен ғылым қайраткерлері жаппай зардап шекті. Тарихшылардың мәліметінше, Қазақстан аумағына 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері күштеп жер аударылды. Ел аумағында ГУЛАГ жүйесіне кірген ең ірі лагерлер – Қарлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) және Степлаг орналасқан еді. Аштық, ауыр еңбек, суық пен қысымнан ондаған мың адам қаза тапты.

Қазақ халқы үшін бұл зұлмат жылдар ұлт зиялыларының тағдыры арқылы тіпті де ауыр өтті. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев сынды көптеген ұлт көсемдері мен ағартушылар ұлт мәдениетін, тілін, рухын сақтап қалуға ұмтылғаны үшін қуғындалып, атылды немесе айдауға жіберілді. Бүгінде елімізде бұл қайғылы кезеңнің тарихи шындығын сақтау мақсатында түрлі шаралар атқарылып келеді. Өңірлерде ескерткіштер мен мемориалдар орнатылған, қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейлер жұмыс істейді, мектептерде ашық сабақтар, көрмелер, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық – қазақ халқының XX ғасырдағы ең ауыр трагедияларының бірі. 31 мамыр – осы зұлмат жылдардың құрбандарын еске алу күні. Бұл күн туралы бізге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қостанай облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып баяндап берді. Ол ұзақ жылдар бойы қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы ақпарат жинап, олардың тізімін зерттеп жүргенін айтты. Оның айтуынша, бұл – жай ғана деректер мен сан емес, бұл – бүтін бір халықтың басынан өткен тарихи қайғы, қасірет.

Қалқаман Жақыптың айтуынша, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін бірнеше кезеңмен жүргізілген. Бірінші кезең 1928–1932 жылдарды қамтиды. Бұл уақытта дәулетті байлар отбасымен бірге жер аударылды. Екінші кезең – 1932–1938 жылдар аралығы. Бұл – ең қанқұйлы, ең көп адамның құрбан болған уақыты. Үшінші кезең – 1947–1953 жылдар, соғыстан кейінгі саяси қудалаулардың жалғасқан шағы. Бұл зұлмат жылдарда тек билікке қарсы шыққандар емес, жай ғана шеттен келген немесе өз ойын ашық айтқан, оқыған, көзі ашық азаматтар да репрессияға ұшырады.

– Мен «Азалы кітапты» парақтай отырып, Қостанай облысы бойынша 1930–1950 жылдар аралығында 1294 адамның жазықсыз жазаланғанын анықтадым. Бұл кітапта атылғандар, түрмеге жабылғандар, лагерьлерге айдалғандар тізімі көрсетілген. Тек ер азаматтар емес, әйелдер де, қарттар да, жасөспірімдер де бұл тізімде бар. Мысалы, Циммерман София Карловна – 1923 жылы туған, небәрі 19 жасында, 1942 жылы сотталған. Ол Қарабалық ауданы, Терентьевка ауылында тұрған. Ең жасы үлкені – 1865 жылы туған Ромашкина Евпраксия Ивановна, 1937 жылы 72 жасында қуғын-сүргінге ұшыраған. Ал ерлер арасында ең жасы – Ли Су Ир, 1919 жылы туған, 1938 жылы небәрі 19 жасында сотталған. Ең қарт репрессияға ұшыраған – 1854 жылы туған Унтилов Демьян Федорович, ол 1937 жылы 83 жасында Таранов ауданы, Варваровка ауылында тұрып жатқан жерінен ұсталған, – дейді Қалқаман Жақып.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұлтына келсек, Қалқаман Жақыптың мәліметі бойынша, Қостанай облысы бойынша жазықсыз сотталған 1469 адамның 40 пайызы қазақтар. Қалғандары 28 түрлі ұлт өкілдері. Арасында бір-бір адамнан құрбан болған ұлттар да бар: австрияк, грек, курд, қытай, литов, түрік, сыған, чуваш. Бұл – Қазақстанның полиэтникалық құрылымының да қалыптасу тарихының бір бөлігі. «Көпұлтты ел» деген түсініктің өзі де осындай зорлықпен, күшпен орын алған көші-қон мен депортациялар нәтижесінде пайда болды, – дейді.

Қазақстанға күштеп көшірілгендердің қатарында шамамен 800 мың неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы болды. XX ғасырдың басынан бастап Қазақстанға 5,6 миллион адам көшірілді. Ал сол кездерде жергілікті халық саны 6 миллион шамасында болған. Яғни, бұл көші-қон табиғи түрде емес, мәжбүрлі, жоспарлы, отарлық саясатпен жүзеге асқан. Қалқаман Жақып атап өткендей, аштық пен кәмпескеден енді ғана есін жиған қазақтар өздеріне мүлде жат ұлттарды жатсынбай, діні мен тіліне қарамастан көмектескен, тамағын бөліскен. Бірақ соған қарамастан, қазақтардың өзі де «халық жауларына көмектесті» деген желеумен жаппай қудалауға ұшыраған.

Саяси қуғын-сүргінмен қатар ашаршылық та халықты қынадай қырды. XX ғасырда Қазақстанда үш ірі аштық кезеңі болды. Біріншісі – 1916–1917 жылдар, бұл кезде қазақ халқының 18 пайызы аштықтан көз жұмды. Екіншісі – 1921–1922 жылдар. Ал ең сұмдығы – үшінші кезең, 1931–1933 жылдар, бұл кезде қазақ халқының 42 пайызы қырылып қалған. Аштықтан қаза тапқандар саны 2,5–4,5 миллион адамға жетеді.

– Бұл жай ғана статистика емес. Бұл – бүтін бір ұлттың тағдыры, бұл – әр қазақ отбасының жүрек жарасы. Адам аштықтан баласын пісіріп жеуге мәжбүр болған замандарды бастан өткергенбіз, – дейді Қалқаман Жақып.

Бұл ауыр кезеңдер қазақ әдебиетінде де көрініс тапты. Ақын Ілияс Жансүгіров 1921–1922 жылдардағы аштық жайында «Жұт» атты поэма жазған. Өкінішке қарай, ол репрессияға ұшыраған кезде бұл поэма және басқа да көптеген өлеңдері жойылып кеткен. Халық жадында поэмадан тек бір шумақ қалған:

Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын үйітіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр.

Тағы бір жақын арада тауып алған аса құпия деректердің бірі жайында айта кеетйік. Қостанай губерниясы екі жетіде бір ақпарат алып тұрды. Бірінші 1922 жылы 1-15 ақпан былай делінген: «халықтың көңіл күйі нашар. Біразы кеңес үкіметіне қарсы. Адамның 40 пайызы басқа жаққа көшіп кеткен, аштықтың қиындығы сондай итпен, мысықтың да өлекшелерін жеуде. Боровое ауданында екі әйел бір иттің сүйегіне таласқан. Дәл солай әр жеті сайын халықтың күйі жазылған екен.

Қалқаман Жақып сөзінің соңында: «Бір адамның қазасы – отбасының қасіреті. Ал мыңдаған адамның қырылуы – халықтың қасіреті. Бұл – тек тарих сабағы емес, бұл – тарихи сабақ. Өткенді ұмытпау – келешекті сақтау. Адам, оның өмірі мен құқығы – ең басты құндылық. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – осындай қиын жолдан өткен халықтың жеңісі», – деп қорытындылады.

Бүгінде дүкен сөрелері тағамға толы, мейрамханалар мен асханаларда дәмді тағамның түр-түрі бар. Қазіргі жастардың таңдауында шек жоқ — бірі суши жесе, енді бірі фастфудқа әуес. Қалқаман Жақып бүгінде адамдардың ысырапшылдыққа бейім болып кеткенін, ал бұл үлкен қателік екенін баса айтты. Оның пікірінше, егер артық тамақ қалса, оны лақтырып тастамай, құстарға, жануарларға беру – адамгершіліктің белгісі.

– Нан қалса, ағаш түбіне апарып қойыңыз. Құстарға немесе иттерге беріңіз. Тамақты лақтыру – тек материалдық емес, рухани құндылықты да аяққа таптау. Ұрпақ тәрбиесінде біз осыны ескеруге тиіспіз, – дейді ол.

Оның айтуынша, тамақтың қадірін білу – тек аштық жылдарын еске алумен шектелмейді, бұл – тәрбие, бұл – мәдениет. Сондықтан Қалқаман Жақып жастарды ысырапшыл болмауға, бір үзім нанның өзі қандай еңбекпен келгенін түсінуге шақырады.

31 мамыр – азаттықтың, әділдік пен адам құқығының қаншалықты маңызды екенін еске салатын күн. Бұл – халқымыздың басынан өткен қасіретті ұмытпай, бейбітшілік пен ынтымақты қадірлеуге шақыратын күн.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Абиль ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77