Біздің Қостанай Социум

Қала іргесіндегі жаңа шағын ауданның тұрғындарын не алаңдатады?

Үш жыл бұрын Қостанай қаласында «Қонай» деген атаумен жаңа шағын ауданның құрылысы басталған еді

Осылайша Қонай қыстауының маңы қаланың жаңа шағын ауданына айналды. Қала іргесіндегі тақыр жерге салына бастаған тұрғын үйлердің бүгінде қатары көбейген. Биыл қаланың 145 жылдығы. Қаланың құрылысы қарқынды дамуда. Оған енді еңсе тіктеп келе жатқан шағын ауданның бүгінгі келбеті дәлел. Мұнда қаз-қатар тізілген жаңа баспаналар да бар. Аулалар да абаттандырылып, сауда орындары да жұмыс істеп жатыр. Қарап отырсаң шағын қалашық сияқты.

Ажарын ашып келеді

Қазір мұнда 33 көпқабатты тұрғын үй бар. Шынымен де Қонайдағы қоңыржай тірлік жанданып жатыр. Тұрғындар да үйлеріне кіріп, қоныстой жасауда. Бірақ тұрғындарды алаңдатын сұрақтар әлі бар ма? Осындай мәселені білу үшін шағын ауданға барып, аралап шықтық. Ондағы өмірді көріп, сол жердің тұрғындарымен кездесіп, тілдесіп қайтқан едік.

Ғабдолла Бегділдин жұбай Алмагүл апаймен Қонай шағын ауданына көшіп келгендеріне де көп болмады. Бұрын Заречный ауылында тұрған болатын. Бір бөлмелі үйлерін сатып, осы жерден екі бөлмелі баспана алды. Екеуі де зейнеткер. Баспана алып, көшіп келгендеріне еш өкінбейді.

–Сәуір айынан бері осы жақтың тұрғынымыз. Көктемде үйіміз жылы болды. Қыстап көрмеген соң қыс айлары бұл жақта қалай боларын білмедік. Үйіміз кең. Жарық. Жылы. Жаңа. Ал бізге одан артық не керек. Көршілеріміз де жақсы кісілер. Су келіп тұр, тоқтаған емес. Осы біз келгеннен бері ауламыз, маңайымыз жақсарып келеді. Үйдің алдына балалар алаңын салса тіптен жақсы болады. Дәл жанымызда спорт алаңы бар. Қоршалған, тап-таза. Үйдің алдына орындықтар қойды. Біз сияқты зейнеткерлерге тіптен тамаша. Кешке шығып, әңгіме айтып, отырып демаламыз. Өзіме ұнайды, – дейді Алмагүл апай.

–Ең бастысы тыныш, – деп сөзге араласты отағасы. – Өзіңіз көріп тұрсыз айнала тап-таза әрі тыныш. Қаладағыдай у-шу жоқ. Ауасы да кең. Түнде көшенің бәрі де самалдай жарқырап тұрады. Қалаға барғымыз келсе аялдама дәл қасымызда. №103 автобус жарты сағат сайын қатынайды. Бірақ әлі де атқарылар жұмыс көп. Ол енді белгілі дүние. Жаңа бой көтеріп келе жатқан шағын аудан болған соң құрылыс болып жатыр.

Көгілдір отын берілсе дейміз

Тұрғындарды алаңдататын бір-ақ нәрсе. Ол – көгілдір отынның жоқтығы.

–Қазір тамақты электр пешіне пісіріп отырмыз. Газ болады деп сендіруде. Сөздерінде тұрады деп сенеміз. Осы жылдың аяғында болады деді. Бесінші қабатта тұратын көршілер төбеден су ағады деп еді, әкімдіктен адамдар келіп, жөндеп берді. Осы үйде 45 пәтер бар. Бәрі толығымен көшіп келіп орналасқан. Біздің үйде оқушы бала жоқ. Ал баласы барларға мектепке тасу жағы қиындау шығар. Бірақ мектеп те салынып жатыр. Мүмкін көп ұзамай беріліп қалар, – дейді зейнеткерлер.

Қонайда желтоқсан айында 900 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық тағы бір мектеп бой көтереді. Балабақша құрылысына 1,3 млрд теңге қарастырылып отыр. 280 орындық балабақшаның жобалық-құндық құжаттамасы әзірленуде. Қала әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, газ осы жылдың аяғына дейін тартылуы тиіс екенін айтқан болатын.

Мектеп те, шағын коттедждер де салынуда

Өз кезегінде жергілікті «Экспо Транс» компаниясы осы шағын ауданда тағы коттедж үлгісіндегі 69 бір қабатты үйлер салып жатыр. Бұл нысандар су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 14 үй сияқты мерзімнен бұрын пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта мердігерлер сыртқы қабырғалар мен қалқаларды төсеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық инженерлік желілер нысандарға қосылды, мұнда жылу автономды болады. Құрылысшылар үйлер биыл пайдалануға беріледі деп сендіріп отыр. Қала әкімі де мердігерлерге қарқынды арттырып, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсыруда. Жеке үйлер «Отбасы банкі» арқылы несие бағдарламасы бойынша сатылады. Игеріліп жатқан аудан аумағында екі мыңға жуық жеке тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда.

Аий ӘБДІЛДА, суреттер «НК» архивінен алынды және автордыкі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77