Социум

Қала әкімі мейрам қарсаңында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін марапаттады

Мемлекеттік қызметте жүрген нәзік жандыларға облыс әкімі мен қала басшысының атынан Құрмет грамоталары табыстады

Бүгін Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін табыстады.

Аналар алдында сөз алған қала басшысы оларды келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады.

– Сіздерді келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Мемлекет отбасы институтын дамыту жолында жұмыстар істеуде, барынша қолдау танытуда. Сіздер үйдің де, түздің де шаруасын қатар алып жүріп, қаламыздың дамуына өзіндік үлестеріңізді қосып келесіздер. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген көп балалы аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілігіне әр беріп келеді. Біздің халық әрқашан отбасы құндылығын жоғары қойған. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер. Сіздерге еңбектеріңізге табыс, қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік пен бақыт тілеймін. Марапаттарыңыз құтты болсын, – деді қала әкімі Қайрат Ахметов.

Айта кетейік, «Күміс алқа» наградасы өмірге 6 бала әкелген аналарға табысталады. Ал, 7 баланы дүниеге әкелген аналар «Алтын алқа» иегері атанады.

Қарлығаш Матенова 10 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана, бүгін олда «Алтын алқа» иегері атанды.

– Аллаға шүкір, балаларымның бәрі үйлі-баранды. Өз қызметтерін жасап жатыр. Бұрынырақ «Күміс алқа» алғам, кейін «Алтын алқаға» өтініш беруді құнттамай жүрдім. Кейін балаларымның айтуымен өтініш беріп, бүгін міне қала әкімі өз қолымен табыстады, қуаныштымын. Бұл алқаны алған соң бір балам көлік салығын босатылды, жер салығын төлемейміз, сондай жәрдемі бар екен. Оның үстіне биыл қосымша төленетін ай сайынғы жәрдемақысы да өсті, – дейді «Алтын алқа» иегері Қарлығаш Матенова.

Сонымен қатар, алқа иегерлері мекен-жайын тіркеу, төлқұжат және бас куәлігін беру кезінде нотариаттық және заңдық маңызды іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баждардан босатылады.

Жиын барысында, мемлекеттік қызметте қажырлы еңбек етіп, бөлім басшысы және өзге лауазымдарда еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға облыс әкімі мен қала басшысының атынан Құрмет грамоталары табысталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Абай БАЛАХМЕТОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77