Қостанай қаласындағы әр көше – өз алдына бір тарих. Солардың бірі – Карбышев көшесі. Бұл көше – шаһардың өндірістік тынысын да, тарихи іздерін де, бүгінгі жаңғырудың қарқынын да айқын көрсететін аймақтардың бірі.
Карбышев көшесі алғашында «Трудовая» деп аталған. 1960 жылғы 25 мамырда қаладағы жаңадан пайда болған құрылыс аймағында, яғни Главхлебснаб ауданында осы атаумен көше тіркелген. Бұл атау сол кездегі кеңестік дәуірдің рухын білдіріп, еңбек адамына құрмет көрсету мақсатында берілген еді. Кейін 1987 жылдың 3 қарашасында Қостанай қалалық атқару комитетінің шешімімен көше атауы өзгеріп, оған Ұлы Отан соғысының қаһарманы, инженер-ғалым, генерал-лейтенант Дмитрий Михайлович Карбышевтың есімі берілді. Архив деректерінде оның азамат соғысы кезінде Қостанайды қоршаған бекініс желілерін салуға басшылық еткені айтылады. Фашистік концлагерьде азапталып қаза тапқанымен, Карбышев ерліктің, төзімділіктің символына айналды. Сондықтан бұл көше атауы ерлікке тағзымның бір белгісі ретінде қалды.


Бүгінгі таңда Карбышев көшесі – Қостанайдың өндірістік әрі дамып келе жатқан аудандарының бірі. Мұнда түрлі зауыттар, шеберханалар, құрылыс материалдары сататын дүкендер, көлік жөндеу орталықтары мен қоймалар орналасқан. Көшенің бір бөлігі арқылы жиі жүк көліктері өтеді. Бұл аймақ көп жылдан бері қаланың өндірістік белдеуі болып саналады.
Дегенмен соңғы жылдары көшенің бейнесі айтарлықтай өзгерді. Бұрын тек орталықтар мен қоймалар тұрған аймақта қазір жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Қаланың кеңеюі мен урбанизация үдерісі осы маңнан да айқын байқалады.




Сол көшеде тұратын тұрғындардың айтуынша, мұнда өмір сүру ыңғайлы. Айгүл есімді тұрғын өз пікірін былай білдірді.
– Біздің көшенің қала орталығынан біршама жерде орналасса да, көлік қатынасы жақсы, кез келген бағытқа жету оңай. Соңғы жылдары жаңа үйлер көбейіп, көшенің келбеті өзгерді, – дейді тұрғын.
Шынымен де, көше бойында 5, 38, 25, 21, 113А сияқты автобустар қатынайды. Қаланың кез келген бөлігіне жету оңай.
Ал зейнеткер Болат ағай бұл ауданның болашағына сеніммен қарайды.

– Бұрын Карбышев көшесі тек өндіріс ауданы саналатын. Қазір мүлде басқаша. Жаңа көпқабатты үйлер, дүкендер, сервис орталықтары пайда болды. Жастар көптеп көшіп келіп жатыр. Яғни бұл ауданның болашағы зор. Ең бастысы, тыныш әрі жұмысқа да, өмірге де қолайлы.
Тұрғындардың айтуынша, кейбір тұстарда жол шұңқырлары мен көлік тұрақтарының аздығы қиындық тудырады. Дегенмен қала әкімдігі тарапынан жол жөндеу мен инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.

Тағы бір маңызды фактор, бұл көше соңында орналасқан Қостанай қалалық автовокзалы. Қостанайдағы автовокзал ғимараты 1984 жылы ашылған. 2007 жылы автовокзалдағы жолаушылар ағыны алғаш рет жылына 1 миллионнан асты. Қазір бұл жеке меншік ғимарат – «Саяхат» базары, тек шет жағында ғана автовокзал орналасқан.
Айта кету керек, 2017 жылы жазушы Серікбай Оспанов бастаған бір топ тұрғын Карбышев көшесін Шақшақ Жәнібек батырдың есімімен атау туралы бастама көтеріп, 350 адамның қолын жинап, облыс әкімдігіне ұсыныс жолдаған болатын. Бірақ ол кезде шешім қабылданбай, Уральская көшесіне Шақшақ Жәнібек батыр есімі берілді. Дәл Карбышев көшесі бойында батырдың ескерткіші тұр.
Айта кету керек, қала тұрғындарының көбі Карбышев жайында біле бермейді екен. Ол кісі кім, қайдан шыққан деген сұрақтарға ешкім жауап бере алмады десек те болады. Кейбірі тіпті, өзіміздің қазақтардың есімін берсе деп армандайтының атап өтті.


Бүгінде Карбышев көшесі – Қостанайдың өндірістік қуаты мен тұрғын аймағы қатар дамып жатқан ерекше бөлігі. Мұнда еңбек дәстүрі мен жаңа заман тынысы қатар өріліп, қала келбетінің бір бөлшегіне айналып отыр. Көшенің ұзындығы шамамен бес киллометр, әр бөлігінде жұмыс қайнап жатыр. Тарихы терең, болашағы жарқын бұл көше – қостанайлықтардың еңбегі мен өмірінің куәсі.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
