Біздің Қостанай ЖКХ

Қалада көп үйлердің алдымен жүре де алмайсың

Жазы жауынды, қысы қарлы біздің өңір үшін табиғаттың әр мезгілі – үйреншікті құбылыс. Он екі ай бойы құбылып тұратын шаһардың мінезі біреуге сырлы көрінсе, енді біреулер оның қаталдығына сын көзбен қарайтыны да жасырын емес.

Биыл да жыл басталмай жатып-ақ қалың қар жауып, қала көшелеріне аппақ кілем төселгендей әсер сыйлады. Ақ ұлпа қар қаламызға ерекше көрік беріп, қысқы ертегіні еске салғанымен, оның әдемілігімен қатар әуресі де аз емес екені белгілі. Қыстың сынағынан сүрінбей өту – ортақ міндет. Әсемдік пен әурелігі қатар жүретін бұл маусымға қаншалықты дайынбыз?

Қыс – тек сән-салтанат пен әсемдік мезгілі ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен жүйелі жұмысты талап ететін кезең. Қардың қалың түсуі көлік қозғалысын қиындатып, жаяу жүргіншілер үшін де қауіп төндіруі мүмкін. Осы орайда коммуналдық қызметтердің дайындығы, жолдардың уақытылы тазалануы, аулалар мен қоғамдық орындардың мұздан аршылуы аса маңызды.

Бүгінде қала көшелерінде қар тазалау жұмыстары жүргізіліп, арнайы техника мен жұмысшылар жұмылдырылып жатыр. Дегенмен, тұрғындар тарапынан әлі де сын-ескертпелер айтылып, кейбір аумақтарда қардың уақытылы шығарылмауы, мұздың қатуы секілді мәселелер көтерілуде. Бұл – қысқа дайындықтың тек бір мекемеге ғана емес, баршаға ортақ жауапкершілік екенін көрсетеді.
Жаңа жылдың алғашқы онкүндігінде Қостанай қаласын қалың қар басып, шаһар қыстың қаһарымен бетпе-бет келді десе де болады. Ақ ұлпа үйлердің аулаларынан бастап, автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларға дейін қалыңдап түсті. Соның салдарынан жаяу жүргіншілердің қозғалысы қиындап, кейбір аумақтарда қоғамдық көлік қатынасы да баяулады.

Тұрғындар тарапынан шағым-ескертпелер азаймай отыр

Осыған байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысқа кірісіп, көшелер мен тротуарларды қардан тазалау шараларын қолға алды. Алайда атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, тұрғындар тарапынан шағым-ескертпелер азаймай отыр. Қар аршу жұмыстарының баяу жүруіне қатысты «iKomek» ситуациялық орталығына күн сайын ондаған қоңырау мен хабарлама келіп түсуде. Ресми мәліметке сүйенсек, бір аптаның өзінде мыңға жуық арыз-шағым тіркелген.

Аталған мәселеге қала әкімі Марат Жүндібаев арнайы пікір білдіріп, мердігер ұйымдардың жұмысына сын айтты. Оның айтуынша, қар тазалау жұмыстарын атқарып жатқан мердігерлердің қолында қажетті техника да, қаржыландыру да жеткілікті. Соған қарамастан, тұрғындар қардың толық әрі сапалы аршылмай жатқанына наразылық танытып отыр.

– Мұндай жағдайда мердігер ұйымдар күндіз-түні жұмыс істеуге міндетті. Іс жүзінде автокөлік тұрақтарында, жол жиектерінде, аялдамалар маңында тау-тау болып қар үйіліп жатыр. Біз тарапымыздан негізсіз тапсырмалар беріліп жатқан жоқ. Қала аумағында алты мердігер ұйым жұмыс істейді және олардың әрқайсысына нақты аумақтар бекітілген. Егер әр ұйым өзіне тиесілі аймақтың қарын уақытында әрі сапалы аршыса, мұндай мәселе туындамас еді, – деді қала басшысы.

Қала әкімінің мәліметінше, күн сайын Қостанай көшелерін тазалауға 300-ден астам арнайы техника жұмылдырылып отыр. Биыл қысқы күтім жұмыстарына алты мердігер ұйым тартылған. Сонымен қатар қарды шығарып, уақытша сақтауға арналған полигондардың саны төрттен беске дейін ұлғайтылған. Бұл өз кезегінде жиналған қарды жедел тасымалдауға мүмкіндік бермек.

Қар аршу жұмыстары белгіленген алгоритм бойынша жүргізілуде. Ең алдымен орталық көшелер, қоғамдық маңызы бар жолдар мен әлеуметтік нысандардың кіреберістері тазаланады. Одан кейін шағын көшелер, квартал ішіндегі өткелдер мен аулалар кезекке алынады. Үшінші кезеңде әлеуметтік сала ұйымдары, бизнес нысандар, ПИТК және МИБ ұйымдары өздеріне қарасты аумақтарды тазалауға міндетті.

Қала әкімі мердігерлер мен жауапты мекемелерге жұмысты жеделдетіп, қарды уақытында шығаруды тапсырды. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіз әрі емін-еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау. Қыс мезгілі қала қызметтері үшін нағыз сынақ екені белгілі. Ендігі міндет – осы сынақтан сүрінбей өтіп, қостанайлықтардың күнделікті тіршілігіне кедергі келтірмей, шаһардың қысқы тазалығын қамтамасыз ету.

Бірлік пен түсіністік бар жерде ғана аула таза

Қайырбеков көшесі, 399/2 үйінің ОСИ төрағасы Қайрат Шәлтеновтің айтуынша, ауладағы қар тазалау мәселесі жыл сайын қайталанатын түйткілге айналған. Тұрғындардың бірлесіп әрекет етпеуі мен жауапкершіліктің аздығы жұмысты қиындатып отыр.

– Бір-екі жыл бұрын арнайы көлік жалдап, қар тазалау жұмыстарын ұйымдастырдық. Алдын ала тұрғындарға хабарлап, көліктерін уақытша алып, ауланы толық босатуды сұрадық. Мақсат – аула ішін толық әрі сапалы тазалау. Алайда, өкінішке қарай, тұрғындардың басым бөлігі бұл іске түсіністік танытпады. Көлігін алып кетпейді, өздері де көмектесуге шықпайды, – дейді Қайрат Шәлтенов.

Оның айтуынша, тұрғындардың қолдауы болмаған соң, барлық салмақ ОСИ төрағасының өзіне түседі. Осының салдарынан жалдаған көлік бірнеше сағат жүреді. Ал қаражат сағатына төленеді.

– Бір ғана техниканы жалдаудың өзіне шамамен 100 мың теңгеге дейін қаражат кетеді. Егер аула тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, аздап көмектессе немесе қаржы жағынан қолдау көрсетсе, бір сағаттың ішінде-ақ ауламызды тап-тұйнақтай етіп тазалап алуға болар еді. Сонда уақыт та, қаражат та үнемделер еді, – дейді ол.

Төрағаның сөзінше, мәселенің түп-төркіні – тұрғындардың қар тазалауға ниет білдірмеуі немесе уақытылы қаражат төлеуге дайын еместігі. Осы себепті ОСИ өз күшімен әрекет етуге мәжбүр.

– Қазіргі таңда өз қаражатымызға электрлі қар тазалағыш сатып алдық. Аула тазалаушы сол техниканың көмегімен жаңадан жауған қарды күн сайын тазалап тұрады. Бұл, әрине, мәселені толық шешпегенімен, ауладағы жағдайды біршама жеңілдетіп отыр, – дейді Қайрат Шәлтенов.

Мамандардың айтуынша, көпқабатты үйлердің аулаларындағы тазалық – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұрғындардың да ортақ міндеті. Бірлік пен түсіністік болған жағдайда ғана мұндай мәселелер оңтайлы шешімін табады.

Жалдамалы техниканың құны сағатына 20 мың

Ал 5-шағын аудан, 1-үйдің ауласында да қар тазалау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр десе де болады. Жаңа жылдан бері бұл аумақта аула екі рет тазаланған. Сырылған қар тау-тау болып, үйілген. Ол көктемшыға еріп бұл маңайды су басары белгілі. ОСИ өкілдерінің айтуынша, қар аршу үшін арнайы техниканы жалдауға тура келеді, ал оның қызмет құны – 20 мың теңгеге жетеді. Осылайша, қарды жалдамалы техника арқылы тазалатып отыр.

Алайда мұнда да жауапкершілікті толықтай ОСИ-дің мойнына артып қою үрдісі байқалады. Ай сайынға тиісті төлемді төлемейтіндер көп. Соған қарамастан, бәрі ауласының тап-таза болғанын қалайды. Бұл жағдай ОСИ жұмысына қосымша қиындықтар туғызып, ортақ мәселенің шешімін созбалаңға салып отыр.

Шын мәнінде, аула – барша тұрғынға ортақ кеңістік. Күнделікті сол ауламен жүріп-тұрамыз, балалар ойнайды, көліктер қойылады. Сондықтан оның таза әрі қауіпсіз болуы әр тұрғынға тікелей қатысты. Қар уақытында тазаланбаса, жазатайым жағдайларға әкелуі мүмкін. ОСИ өкілдерінің айтуынша, егер тұрғындар бірлесе әрекет етіп, қар тазалау жұмыстарына ортақ жауапкершілікпен қараса, мәселе әлдеқайда жеңіл шешілер еді. Уақытылы төлем жасау да, мүмкіндігінше көмек көрсету де аула тазалығын сақтауға үлкен үлес қосар еді. Мамандардың пікірінше, көпқабатты үйлердің ауласындағы тазалық – тек бір ұйымның емес, сол үйде тұратын әрбір адамның ортақ міндеті. Бірлік пен түсіністік бар жерде ғана аула таза, орта қауіпсіз болмақ. Сондықтан тұрғындардың да белсенділігі артып, ортақ мүдде үшін жұмыла әрекет етуі – бүгінгі күннің басты талабы.

Қалың қарды аршымағандарға айыппұл

Ал қалың қарды аршуға асықпай отырғандар да аз емес. Осыған байланысты Қостанай қаласының полиция қызметкерлері «қармен күрес» атты арнайы профилактикалық шараны қолға алды. Сақшылар қала аумағындағы абаттандыру қағидаларына сүйене отырып, өздеріне тиесілі аумақта қарды уақытында тазаламаған кәсіп иелері мен тұрғындарды жауапкершілікке тартуда.

Полицейлер алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын еске салады. Әрбір кәсіпкер мен нысан иесі өзіне қарасты аумақтың тазалығына жауапты екені ескертіледі. Ал берілген ескертуді елемеген жағдайда әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салу шарасы қолданылады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған шара басталғалы бері жүзге жуық кәсіпкер мен 90-ға жуық тұрғынға әкімшілік айыппұл салынған. Мамандардың айтуынша, мұндай бақылау жұмыстары қала аумағында тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта да жалғасады.

Ая ӘБДІЛДА,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77