Енді ашылған №28 мектеп-гимназияға қоғам қайраткері, педагог, публицист Елдес Омаровтың есімін беру ұсынылды
Мектептің ашылуы зор маңызға ие, өйткені Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында белгіленген қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту шеңберінде қолға алынған болатын.
Мектеп-гимназияның ашылау салтанатына қала әкімі Қайрат Ахметов және зиялы қауым өкілдері, ұстаздар оқушылар қатынасты.
– Жобалық қуаты 900 орындық мемлекеттік тілде білім беретін тағы бір мектеп-гимназияға оқушыларымыз қадам басқалы тұр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп атап өткен болатын. Осы тұрғыда қаламызда бүгінгі күні мемлекеттік тілде оқытатын 6 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде өзінің жетістіктерімен, жоғары білім деңгейімен танымал Сырбай Мәуленов атындағы гимназияны мақтанышпен айта аламыз.
Қостанай қаласында балаларды бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін қазақ тілінде оқытатын тағы бір мектеп ашу қажеттілігі туындағанына біраз болды. Сондықтан да қысқа уақыт ішінде, яғни жаз мезгілінде үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары толық аяқталды, химия, физика, биология және робототехника кабинеттеріне қаржы бөлінді. Сондай-ақ сыныптарда жаңа жиһаз, асханалық, музыкалық, спорт жабдықтары орнатылды. Ағымдағы жөндеуге және жабдықтауға екі жүз елу млн теңгеден астам қаражат бөлінді, жергілікті бюджеттен – 160 млн теңге, демеушілік қаражат – 94,7 млн теңге. Мектептің ашылуы қаламызда мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту және жалпы білім беруді дамыту саласында жасалған маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, қазақ тілінде оқытатын мектептерде оқушылар саны өсуде, ал жаңа мектеп-гимназиясы осы шағын ауданның мәселесін шешеді деп ойлаймын, – деді Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.
Білім берумен қатар, мектепке дейінгі тәрбиенің маңызы зор. Осыған орай, гимназия жанынан қарашаның аяғына дейін 90 орындық шағын орталық ашылмақ. Осындай бастаманың балабақша кезегін азайтуға, аз да болса өз үлесін қосатыны белгілі.
– Қаламыздың мерейтойы шеңберінде ашылған қазақ мектеп-гимназиясы өз тарихын ұлы Абай Құнанбаевтың жүз жетпіс бес жылдығын, философ Әл-Фарабидің мың бір жүз елу жылдығын мерекелеу қарсаңында бастағалы отыр. Осындай маңызды оқиғалармен қатар жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалап жатқан мектеп-лицейінің бағыты айқын, ұстаздары еңбекқор, шәкірттері қабілетті болатынына сенімдімін. Сіздер Қостанайда білімнің қайнар бұлағына айналған озық мектептердің игі дәстүрлерін лайықты түрде жалғастыра отырып, әрдайым жаңалық пен шығармашылықтың үлгісін көрсетеді деп ойлаймын. Ал, мектептің алғашқы түлектері емтихандарынан сәтті өтіп, үздік колледждерге, университеттерге түсіп, еліміздің лайықты азаматтары болуына, Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосуына тілектеспін, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, білім ордасының ашылу салтанатында өңірімізге белгілі ақын, көсемсөзші Ақылбек Шаяхмет оқушыларға батасын беріп, қазақ тілінің мәртебесін арттыра берулеріне тілектестік білдірді.
Ата-аналар атынан сөз алған Қыдырбек Қиысхан білім ордасының шәкірттерін жаңа мектеп-гимназияға қадам басқандарымен құттықтады. Сондай-ақ, Қыдырбек Қиысхан өз ұсынысын да жолдады. Ол, осы №28 мектеп-гимназияға қоғам қайраткері, педагог, публицист Елдес Омаровтың есімін беруді ұсынды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77