Біздің Қостанай Социум

Қаламызда антитерристік оқу-жаттығулар кесте бойынша өтіп тұрады

Шілде айының соңында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайында «Дабыл–Антитеррор–2025» атты кең ауқымды оқу-жаттығу өткізілді

Бұл шара терроризмге қарсы күш құрылымдарының дайындық деңгейін тексеру және ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды пысықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығу барысында шартты лаңкестер әуежай ғимаратын миналап, жолаушылар ұшағын басып алды деген жағдай қойылды. Арнайы қызмет өкілдері мен құқық қорғау органдары күдіктілерді оқшаулап, қауіптің бетін дер кезінде қайтарды. Қысқа мерзім ішінде жағдай толық бақылауға алынып, «террористер» залалсыздандырылды. Полиция департаментінің өкілі оқу-жаттығуға қатысты түсініктеме берді.

– Қостанай қаласындағы халықаралық әуежай аумағында Қостанай облыстық терроризмге қарсы жедел штабының ұйымдастыруымен кезекті антитеррористік оқу-жаттығу өткізілуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – террористік қауіп төнген жағдайда барлық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл әрекеттерін үйлестіре отырып, жедел әрі тиімді шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, – деді ол.

Сондай-ақ, ол тұрғындарға алдын ала ескерту жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

– Мұндай оқу-жаттығу шараларына дейін біз ресми парақшаларымызда, әлеуметтік желілердегі пабликтерде халыққа хабар беріп, олардың түсіністікпен қарап, дүрбелеңге салынбауын, тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұрадық. Тағы да ескертеміз: расталмаған, жалған ақпарат таратқандар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің аясында жауапкершілікке тартылады.

Оқу-жаттығуға Қостанай облыстық ҰҚК департаментінің, полиция департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ облыстық әкімдік, денсаулық сақтау басқармасы және әуежай қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар арнайы техника да жұмылдырылды.

Жаттығуға Қостанай облысының жедел штабының үйлестіруімен бірқатар күш құрылымдары – полиция, арнайы жасақ, жедел жәрдем және төтенше жағдайлар қызметтері қатысты. Қостанай облыстық полиция департаменті мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қорқыныш пен дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды. Ресми мәліметтерге сеніп, расталмаған ақпарат таратпауды сұрады. Мұндай жағдайда жалған ақпарат таратқандарға заң бойынша жауапкершілік қарастырылғаны да ескертілді. ҚР ҚК 274-бабы бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату – қылмыстық іс болып саналады.

Антитеррористік оқу-жаттығулар – бұл қауіптің алдын алуға бағытталған маңызды шара. Олар терроризмге қарсы іс-қимылдың алгоритмін нақтылау, құқық қорғау және арнайы қызметтердің шұғыл әрекет ету қабілетін тексеру, ведомствоаралық үйлесімділік пен байланыс арналарын сынау, әуежай инфрақұрылымындағы осал тұстарды анықтау және жою, сондай-ақ, тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту мақсатында өткізіледі.

Бұл жаттығулар – қауіп-қатердің алдын алудың бірден-бір жолы. Себебі кез келген төтенше жағдайға дайын болу – адам өмірін сақтау мен қоғамдық қауіпсіздіктің басты кепілі. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайында өткізілген оқу-жаттығу шарасы қауіпсіздік қызметтерінің жоғары кәсіби дайындық деңгейін көрсетті. Мұндай іс-шаралар болашақ қауіп-қатерлердің алдын алып, төтенше жағдай кезінде ведомствоаралық үйлесімділікті арттыруға бағытталған.

Антитеррористік қауіптің алдын алу мақсатында Қостанай қаласының әртүрлі бөліктерінде де оқу-жаттығу шаралары кесте бойынша өткізіліп жатыр. Бұл шаралар арнайы бекітілген графикке сәйкес ұйымдастырылып, қаладағы стратегиялық маңызы бар нысандар мен адам көп жиналатын орындарды қамтиды.

Оқу-жаттығулар барысында шартты қауіп төнген жағдайда қызметтердің шұғыл әрекет ету тәртібі, эвакуациялау жоспары, күш құрылымдарының үйлесімді жұмысы пысықталуда. Әрбір эпизод арқылы нақты жағдайға барынша жақын сценарийлер құрылып, қатысушылардың кәсіби даярлығы сыналады. Қостанай облыстық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың мәліметінше, мұндай оқу-жаттығулар қаланың басқа аудандарында да кезең-кезеңімен өткізіледі, әрі бұл – жоспарлы шара болып табылады.

Халықтан түсіністікпен қарап, тыныштық сақтап, ресми ақпарат көздеріне ғана сену сұралады. Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мұндай алдын алу шаралары тұрғындардың қауіпсіздігі мен өміріне төнетін қатердің алдын алуға бағытталған.

Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған полиция департаменті


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77