Жаңа жыл – сиқырлар мен ең қымбат тілектер орындалатын уақыт. Әр бала үшін бұл мереке ерекше қуаныш пен шаттық сыйлайды. Ең жарқын сәттердің бірі – ертеңгіліктер мен мерекелік шараларда сүйікті кейіпкер бейнесінде болу. Бүгінгі таңда жаңа жылдық костюмдерді таңдау – ата-аналар үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл міндет тек баланың қалауын орындау ғана емес, сонымен бірге оны ерекше қуантуға бағытталған.
Жаңа жыл қарсаңында балалардың көбі ертегілер мен мультфильмдердің сүйікті кейіпкерлеріне айналғысы келеді. Әрине, олардың қалауы әртүрлі. Біреуі ханшайым болуды армандаса, екіншісі суперқаһарман немесе жануар бейнесін қалайды. Осы таңдаудың арқасында жаңа жылдық ертеңгіліктер ерекше атмосфераға толы болып, әр бала өзін сахнада өнер көрсетіп жатқандай сезінеді.
Өткен жылдардағы трендтерге көз жүгіртсек, мультфильм мен фильм кейіпкерлері бірінші орынға шыққанын көреміз. Қыздар арасында “Мұзды өлке” мультфильмінің ханшайымдары Эльза мен Анна ерекше танымал болды. Олардан бөлек, қар ханшайымдары мен әртүрлі ертегі кейіпкерлері де үлкен сұранысқа ие болды. Ал ұлдар көбінесе суперқаһармандар – Өрмекші адам, Супермен және Бэтменнің костюмдерін таңдады. Бұдан бөлек, жануарлар бейнесіндегі костюмдер, әсіресе жыл символына байланысты, ата-аналар мен балалар арасында жоғары бағаланды.
2024 жылы жаңа трендтер пайда болды. Биылғы жылы балалардың көпшілігі айдаһар бейнесін таңдауда. Бұл таңдау жылдың символикасына байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, Барби мен Кен бейнелері де трендте. Барби фильмінің шығуы қыз балалардың осы костюмді қалауларына тікелей әсер етті. Қарапайым әрі ыңғайлы костюмдер де танымал, әсіресе пижама стиліндегі жануар бейнелері балалар мен ата-аналардың көңілінен шығып отыр.
Қазіргі таңда ата-аналар балаларының костюм таңдаудағы пікірлерін ескеруге тырысады. Бұл жаңа жылдық мерекенің тек ойын-сауық емес, сонымен бірге баланың өзіндік қалауын көрсетуге мүмкіндік беретін кезең екендігін білдіреді. Жаңа жылдық костюм тек әдемі көрініп қана қоймай, сонымен бірге ыңғайлы әрі сапалы болуы тиіс. Балалар үшін қозғалыс еркіндігі маңызды, себебі олар мереке барысында билеп, ойнап, қызықты квесттерге қатысады.
Қала тұрғыны Жанар Ізтілеуова биылғы жылы қызының Барби болғысы келгенін айтады.
– Қызым Барби боламын дегенде, қызғылт түсті көйлек пен аксессуарларды іздей бастадым. Барби мультфильмдерін қарағанды ұнатады. Барлық ұсақ-түйекке дейін мұқият қарауға тура келді, себебі қызыма бәрі ұнауы керек, – дейді.
Ал Аяулым Жұмағалиева ұлының өрмекші адам болуды бірнеше ай бұрын жоспарлағанын атап өтті.
– Ұлым бұл костюмді ұзақ уақыттан бері қалады. Бірақ сатылымда табылмай, ақыры прокаттан алуға тура келді. Бағасы 4000 теңге болды, таңдауға көп мүмкіндік болмады.
Қаладағы бірнеше дүкендерді аралаған кезде, ата-аналардың көбі “Карнавал” дүкенінен костюмдерді прокатқа алатынын байқадық. Бұл жерде костюм бағалары 3000 теңгеден басталады. Қараша айының соңынан бастап-ақ ата-аналар костюмдерді брондап қойған. Ал “Тригуб” дүкенінде костюмдер желтоқсан айының басында сатылымға шыққанымен, ай ортасына дейін көпшілігі сатылып кеткен. Бұл дүкенде бағалар 6000 теңгеден басталады. “Тригуб” дүкенінің сатушысы биыл ханшайымдар мен Барби бейнелерінің ерекше танымал екенін айтты.
Жаңа жылдық костюмдерді таңдаудағы тағы бір үрдіс – оны өз қолымен жасау. Ата-аналар шығармашылықпен айналысып, балаларымен бірге костюм тігуді жиі қолға алады. Бұл тек үнемді шешім ғана емес, сонымен қатар отбасылық уақытты қызықты өткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, қарапайым материалдардан айдаһардың қанаттары немесе суперқаһарманның плащы сияқты бөлшектерді жасауға болады. Мұндай костюмдер бала үшін ерекше әрі есте қаларлықтай болады.
Жаңа жыл – балалардың қиялы шексіз болатын ерекше уақыт. Бұл мереке олардың есте қаларлық сәттерге толы болуына мүмкіндік береді. Сондықтан костюм таңдауға көңіл бөліп, балаға қуаныш сыйлау – әр ата-ананың басты мақсаты. Жаңа жылдық костюмдер тек мерекелік кештің бөлігі емес, ол бала үшін нағыз ертегі әлеміне ену мүмкіндігі.
Аяжан СЕРІК,
сурет дүкендердің әлеуметтік желісінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77