Мұнда шаһарымыздың білім ордаларынан 50-ге жуық мұғалім қатысты
«Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-нің ұйымдастыруымен «Латыннегізді қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін меңгерту» деп аталған семинар өтті.
Аталмыш шараның басты мақсаты – латыннегізді жетілдірілген әліпбидің құрылымы мен ерекшеліктері бойынша практикалық жұмыс жүргізу. Сонымен қатар қатысушыларға латын графикасында жазылған мәтіндерді оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру.
Семинарға қалалық мектептерден 50 мұғалім қатысты. Олар семинар барысында латын қарпінде дұрыс оқу мен дұрыс жазудың қыр-сырымен танысты. Сондай-ақ «Қазақ әліпбиінің жаңа емле ережелерін оқыту бойынша практикалық жаттығулар жасады. Бұл жерде «Жетілдірілген әліпбидегі диакритикалық таңбалар» және «Әліпби және орфография меселелері» басты назарға алынды.
Семинар-тренингтің спикерлері «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Айнұр Нұрбекова мен Қостанай ауданы әкімдігінің аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Жанна Жарасбаева болды.
-Қазақ қарпін латын әліпбиіне ауыстыруға арналған шаралар кең көлемде өткізіліп жатыр. Бұл жолы мектеп мұғалімдері арасында өзекті семинар өтті. Өзім спикер ретінде латын қарпінде сауатты жазу мен сауатты оқудың маңыздылығына тоқталдым. Барлығы бірдей бір мезетте латын қарпін толық меңгеріп кетеді деуге болмайды. Ол үшін әлі көп уақыт керек. Мемлекет тарапынан да бұл бастамаға жеткілікті уақыт беріліп отыр. Осы уақыт ішінде тіл мамандары жергілікті халыққа латын қарпін үйрете алса нұр үстіне нұр болар еді.
Аталмыш жиында мен тіл маманы ретінде жиналған көпшілікке латын қарпінде сауатты жазуды, сауатты оқуды үйреттім. Осы тақырыпта тың мәліметтер бердім, – дейді «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының әдіскері Айнұр Нұрбекова.
Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру еліміздің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77