Оқушыларға қажетті оқу-құрал, киім-кешектің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда еш өзгермеген
Оқушылардың жазғы демалысының аяқталып келе жатқанының белгісі ретінде қаламыздағы орталық базарда «Мектеп базары» ашылып, жұмысын бастап кетіпті.
Жылдағыдай қаз-қатар қойылған палаткалардың ішінде мектепке қажетті оқу-құрал мен киім-кешектің бәрі сатылымға қойылыпты. Бағасы бір қараған жанға өте қымбас емес сияқты.
Бізде алыстан көзге түскен «Мектеп базары» деп жазылған қатарға арнайы барып, оқу-құрал мен мектеп формасының бағасын пайымдап қайтқан едік.
Оқушылардың ең қажетті жай дәптері 15, ал қаламы 20, қалың дәптерлер 100 теңгеден жоғары екен. Ал күнделікті баланың сабақ үлгірімін көрсететін күнделікті 400-600 теңге аралығында алуға болады.
Оқу құралдарын салып, арқалап мектепке баратын сөмкенің бағасы 5000-нан жоғары.
Сонымен қатар сурет сабағына қажетті альбом 150, түрлі-түсті қарындаштың бағасы 100, акварель бояуы 300 теңгеден басталады. Сондай-ақ пән бойынша ұсынылатын жазу дәптерлерінің бағасы да әртүрлі. Олардың бағалары 600-2500 теңге аралығында.
Осынау базарда оқу құралдарын жайып қойып, сатып тұрған сатушы Наташаны сөзге тартқанымызда, ол:
-Мен 5 жыл қатарынан оқу-құралдарын сатумен айналысып келемін. Биыл баға айтарлықтай қымбаттады деп айта алмаймын. Баға көңілге қонымды сияқты. «Мектеп базарына» шыққаныма бүгін екінші күн. Сауда өте күшті жүріп тұрған жоқ. Мүмкін қала тұрғындары «Мектеп базарының» ашылғанын әлі білмейтін шығар. Бірақ көбінесе біздің сауда тамыз айының соңына қарай қыза түседі, – дейді ол.
Сонымен қатар базарды аралай келе, оқушылардың мектеп киімдерінің де бағасына зер салдық. Атап айтатын болсақ, қыз балалардың ақ жиделері, формасы, белдемшелері 3500-4500 теңге аралығында. Ал бастарына шоғырландырып тағатын ақ бантиктерінің бағасы 100 теңгеден басталады. Жалпы, осы базардағы баға бойынша, қыз баланы бастан аяқ киіндіруге 10 мың теңге кететінін есептеп шығардық.
-Менің мектеп киімдерін сатып жүргенімен биыл 25 жыл. Бізде Түрік елінде тігілген сапасы жоғары мектеп формалары бар. Бұл киімдер балалардың денесі әрдайым демалып тұратын матадан тігілген. Бағасы да қол жетімді деп ойлаймын. Осы базарда мектепке керекті киім-кешектерді сатып тұрғаныма екі жеті болды. Сауда аздап ғана жүріп тұр. Көбінесе ата-аналар жұмыстан шыққан кездері келіп, бағаны қарап, келесі күні балаларын алып келіп киіндіріп жатады. Сондай-ақ демалыс күндері сауда қыза түседі. Биыл мектеп киімдері қымбат емес. Былтыр да осы бағада сатқан болатынмын, – дейді базар сатушысы Ирина Павловская.
Жаңа оқу жылының басталуына көп қалған жоқ. Жаздай ойын қызығына батқан оқушылардың кейбіреуі демалыстың бітіп жатқанына ренжісе, кейбірі мектебін, сыныптастарын сағынғандарын айтып, мектепке баратын күннің жақындап қалғанына қуануды. Балаларды мектепке даярлау науқаны кез-келген отбасында өзінше қызықты өтеді. Жаңа киім, жаңа оқу-құрал, сөмке кішкентайларға үлкен қуаныш сыйлайтыны анық.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОС ЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77