Абайды оқу – бір күндік іс емес. Оның әрбір өлеңін, әрбір қара сөзін оқу – терең ойлануға, өзін тануға, рухани дамуға жетелейді. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтауда, тіл мен әдебиетті қадірлеуде Абай шығармашылығы баға жетпес мұра болып қала бермек.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. «Абай – руханияттың алтын қазығы» деп аталған поэзиялық кештің басты мақсаты – ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығын таныстыру, Абай мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, оның даналыққа толы ойлары мен поэзиясынан терең тағылым алу.
– Қазақтың бас ақынына арналған бұл кеш – жас ұрпақтың санасына рухани құндылықтарды сіңірудің, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырудың бір жолы. Абай мұрасы – сарқылмас қазына, – деді музейдің ғылыми хатшысы Назима Орташева.
Шара барысында Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Интернатта оқып жүр» сынды танымал өлеңдері оқылды. Сонымен қатар, «Абай әндері» фильмінен үзінді көрсетіліп, ақынның әндері орындалды.
Жиналған қонақтар Абай шығармашылығына арналған жылжымалы көрмені тамашалап, музей қорынан алынған сурет және бейнелеу өнері туындыларымен танысты.
Кешке филология ғылымдарының магистрі Ш.И.Түлегенова мен «QAZBILIM» ұлттық лицейінің оқу ісі жөніндегі орынбасары С. Бақытұлы қатысып, Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті. Әдеби кеште Абай өлеңдерін жатқа оқыған оқушылар арасында «QAZBILIM» лицейінің 8-сынып оқушысы Толқын Ертай ерекше көзге түсті.
– Менің өлеңге деген қызығушылығым бастауыш сыныпта басталды. Алғашында Абайдың өлеңдерін оқу сайысы болған кезде “Сегіз аяқ” өлеңің жаттаған болатынмын. Сонда жүлделі үшінші орын алғаннан кейін өлеңге деген шабытым ашылып, оны осы уақытқа дейін әлі де жалғастырып келемін. Өзім көбіне Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, мектеп бағдарламасындағы ақиық ақындардың өлеңдерін оқимын. Қазіргі таңда көбі Мұқағали Мақатаевтің махаббат, туған жер жайында өлеңдерін жаттаудамын, – дейді ол.
Кешке арнайы шақырылған қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхмет Абайдың шығармашылығы туралы өз пікірін білдіріп, жастарды ақынның рухани әлеміне терең бойлауға шақырды:
– Абай – біздің ұлттық болмысымыздың, қазақ руханиятының темірқазығы. Оның поэзиясы – адам жанының айнасы, халықтың рухани көкжиегін кеңейткен құбылыс. Абайдың әрбір өлеңі – өмір сабағы. Бүгінгі кеш – сол өсиеттің жалғасы, жас ұрпаққа даналықты жеткізудің жарқын үлгісі. Абайды оқу – өзіңді тану, – деп айтып берді.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздері – адамгершілік, имандылық, еңбек, білім, махаббат сияқты мәңгілік құндылықтарды дәріптейді. Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дей отырып, нағыз кемел адам болудың жолын көрсеткен. Осындай рухани кештер арқылы ұлы тұлғалардың мұрасын ұлықтау – ұлт ретінде өсіп-өркендеуіміздің, мәңгілік ел болуымыздың бір негізі. Абай – мәңгілік. Оның сөзі, ойы, даналығы уақытпен өлшенбейді.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77