Қаламызда 20 маусымнан ЖОО-ға құжат тапсыру науқаны басталды. Бірнеше күннін ішінде екі жүзден аса талапкер құжат тапсырып үлгерген. Бұл көрсеткіш күн сайын артып келетінін айтады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Өңірлік университетінің қабылдау комиссиясы да талапкерлер ағынын байқап отыр.
– 5 күн ішінде 200-ден аса талапкердің құжаты қабылданды. Соның ішінде «Дене шынықтыру және спорт мұғалімі», «Шетел тілі мұғалімі», «Құқықтану», «Ақпараттық технологиялар» және «Қаржы» мамандықтарына сұраныстың жоғары екенін байқадық. Биыл да қабылдау жыл сайынғы қарқынмен жүргізіліп жатыр,-дейді қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Эльмира Жайбергенқызы.
Педагогикалық және техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары екенін қаламыздағы басқа да ЖОО атап өтті.
– Соңғы 5 күнде 350-ден астам талапкер кеңес алды. Олардың ішінен 24 түлек құжаттарын тапсырды. Солардың арасында педагогикалық бағыттарға, сондай-ақ техникалық мамандықтарға да тұрақты қызығушылық байқалады. Қабылдау науқанының бастапқы кезеңі болғандықтан, тапсырушы талапкерлер саны әзірге аз. Негізгі абитуриенттер легі білім беру гранттарының нәтижелері жарияланғаннан кейін күтіледі,-деп түсіндіріп өтті
Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Тұрар Аянұлы.
Қабылдау барысы жөнінде М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің комиссия мүшесі де өз пікірін айтып өтті.
– Оқу ордамызда құжат қабылдау қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы күндер ішінде 200 ден аса түлекке кеңес жүргізілді. Соның 63-і құжат тапсырды. Ең көп өтініш ақпараттық технологиялар, көлік және машина жасау салаларындағы білім беру бағдарламаларына тапсыруда,-дейді комиссия мүшесі.
Гүлжан БӨЛЕГЕН, сурет “Біздің Қостанай” архивінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77