Біздің Қостанай Культура

Қаламыздағы мәдениет саласының дамуы мен өркендеуі

Мәдениет – ұлттың жаны. «Қазақстан – 2050» стратегиясы мәдениетті дамыту арқылы халықтың рухани әлеуетін арттырып, біртұтас, дамыған мемлекет құруды көздейді.

Стратегияда қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңғырту, ұлттық бірегейлікті нығайту, заманауи мәдениет пен дәстүр сабақтастығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, мәдениет саласындағы инфрақұрылымды жетілдіру, кітапханалар мен театрларды қолдау, жас таланттарға жағдай жасау мәселелері де қамтылған.

Мәдениет-тәрбие мен руханияттың отаны. Ол елдің ең басты асыл қазыналарының бірі. Бүгінгі қоғамның дамуына мәдениет қызметкерлерінің қосар үлесі орасан зор. Бұл сала мамандары халық сұранысын қанағаттандыру үшін күн-түн демей еңбек етеді. Ата-бабадан келе жатқан мол мұрамызды дәріптеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа тарату жолында тынымсыз жұмыс жасауда.

Бүгінгі материалда қаламыздағы мәдениеттің қазіргі дамуы мен орын алып жатырған оң өзгерістерге тоқталамыз. Осы мақсатта арнайы сала мамандарымен сұхбаттастық.

Қазіргі кейіпі

Қостанай қаласында мәдениеттің дамуы мен халыққа рухани азық сыйлап келе жатқан екі ірі мәдениет ошағы жұмыс істейді. Оның бірі – Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония, ал екіншісі қалалық Мирас мәдениет сарайы. Екі орданы бір-бірімен салыстыруға болмас. Олардың мақсаты бір болғанымен, қызмет бағыты мен стилі жағынан ерекшеленеді. Әйтсе де аталмыш жерде кәсіби маман, халықтың сүйікті өнер иелері еңбек етуде.

– Ұлттық мәдени мұраны сақтап қалу үшін мемлекеттен үлкен қолдау көрсетілуде. Елімізде мәдени саясаттың 2023-2029 жылға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осы бастама арқылы жаңа жобалар мен түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда,- дейді Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Дәулетұлы.

Облысымызда 600-ге жуық мәденеиет саласы желісі жұмыс жасайды. Онда 3700 адам еңбекке тартылған. Мемлекеттен бөлінетін бюджет жыл сайын артып жатқаны туралы айтып өтті.

– Басқа жылдармен салыстырғанда өсім 37,5%-ды құрап отыр. Бүгінгі күні облысымыздағы филармонияның жағдайы жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Капиталды жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Дегенмен де шағын қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынған. Алда филармонияны қосымша материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастырамыз,- деп мәлімдеді.

Қазіргі таңда облысымызда мәдениет саласы жоғары қарқынмет дамып келеді. Бұған қаламызда ұйымдастырылып жатқан түрлі республикалық және халықаралық деңгейдегі фестивальдер мен байқаулар дәлел бола алады.

– Бүгінгі таңда қаламызда 15 мәдени нысан бар. Оның біреуі Мирас мәдениет сарайы және оған қарасты екі филиал. Қазіргі таңда осы мәдениет сарайында 286 шығармашылық қызметкер жұмыс істейді. Аталмыш нысан 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Былтыр мәдениет сарайына арнайы техникалық тексеріс жүргізілді. Биыл нысанның шатырын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Жыл сайын бөлінетін мемлекеттік қаржы есебі ұлғайып келеді. Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда, биылғы бөлінген қаржы шамамен 40%-ға артқан. Қазір мемлекет тарапынан мәдениет саласына қолдау бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды. Әсіресе кітапханаларды жөндеу және жаңарту мақсатында бірнеше іс жүзеге асқан, – дейді Қостанай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Ирканқызы.

Мирас мәдениет сарайының өнерпаздары тек облыс төңірегінде ғана емес, қала, аудан, ауылдағы аймақтарда да өнер көрсетеді. Осы мақсатта өткен жылы мәдениет сарайына 15 адамдық шағын автобус алынған. Сонымен қатар, сахналық костюмдер мен тозығы жеткен аспаптар да кезең-кезеңімен жаңартылып отырылады. Маман кадрына қатысты мәселе бұл салада да өзекті. Өкінішке қарай, мамандардың барлығының бірдей мәдениет пен өнер саласы бойынша кәсіби білімі бар деп айта алмаймыз. Бүгінгі күні мәдениет қызметкерлерінің жалақысы да республика бойынша орташа деңгейден төмен. Мәселен, бұл салада қызмет ететіндердің жалақысы орта есеппен екі жүз мың теңгеден жоғары.

Табыс көзінің жетіспеушілігінен көптеген әнші қосымша қаражат көзін той-томалақтан іздейді. Себебі олардың әрбір сахналық образдары қаншама ақшаны талап етеді. Қазір халық сахнаға шыққан әншінің ең алдымен сырт келбетіне аса қатты назар аударады.

Ерекше образ

Сахна – киелі орын. Оған бейжай қарауға болмайды. Сол себептен сахна мәдениетін қатаң сақтау қажет. «Адам көркі шүберек» деп бекер айтылмаса керек. Бұл мақалдың негізгі мәніне үңіліп қарасақ, расымен бір шүберектің астарында тұлғаның бейнесі, адамгершілік қасиеті мен ұстанымын байқауға болады. Көйлекті былай қояйық, қыз баласының шаш үлгісі, келбеті, тіпті киген аяқ киіміне де мән беріп жататындар да аз емес. Сондықтан айтатын әнге ғана емес, киіп жүрген киімге де аса ұқыптылықпен қараған абзал.

Қанат пен Әсем Ражановтар – өңірге танымал өнерлі жұп. Олар халық жадында ерекше әндерімен және көз тартар сахналық образдарымен есте қалған. Бұл өнерлі отбасы сахнаға шығар әрбір киімді Алматы қаласындағы белгілі дизайнерлерге арнайы тіктіртеді.

– Мен әдемілікті жақсы көремін. Арзан дүниеге ұмтылғанды ұнатпаймын. Сондықтан сахнаға ерекше образда шыққанды жөн көремін. Бұрын Қостанайдағы дизайнерлерге костюм тіктіріп жүрдік. Алайда нәтижесі көңілімізден шықпайтын. Қазір көбіне Астана мен Алматы қалаларындағы танымал дизайнерлерге тапсырыс береміз. Жылына бір концерттік образ дайындауға тырысамыз. Бір көйлектің өзі 200 мыңнан бастап, 600 мың теңгеге дейін барады. Әдемі ән жаздырғаннан кейін, оны толықтырып, көркем етіп көрсету үшін сапалы әрі сәнді көйлек керек деп ойлаймын, — дейді Әсем Искакова.

Әдемі көйлектен бөлек, шаш үлгісі мен макияж да қажет. Барлығын қосқанда, сахналық дайындық шамамен 650 мың теңгеге түседі. Әсемнің айтуынша, сахнаға әдемі шығу үшін тапқан табыстың жетпіс пайызын қайта жұмсайды екен.

– Егер бір ғана жұмыспен шектеліп қалсаң, жалақы ешқашан жетпейді. Бұрын оқытушылар: «Өнер адамы болып байып кетеміз деп ойламаңдар. Бұл жолдан рухани байлық аласыңдар,» – деп айтып отыратын. Қазір шығармашыл адамға барлық мүмкіндік жасалған. Бірнеше жерде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сол себепті қазіргі табысқа көңілім толады. Біз бұл жолға ақша үшін емес, жан рахаты үшін келдік, – деп толықтырды ол.

Сонымен қатар жұмыс орнында жылына екі рет сахналық костюмдер тігіледі екен. Ал өнер иесінің киімінен бөлек, әншінің ән жаздыруын саралап көрейік. Ол да арзан шаруа емес.

Ән жазу құны

Бүгінде жас әнші Серікболсын Әбікен әлеуметтік желі арқылы танылып үлгерген өнерпаздардың бірі. Оның айтуынша, бір ғана әнді шығару үшін кем дегенде 600 мың теңге қажет.

– Ән жазуда студия, аранжировка, мәтін мен музыка авторларына төлем кіреді. Соның ішінде студиялық жұмыстардың рөлі орасан зор. Мысалы, сапалы өңдеу мен әрлеу жұмыстары 300 мың теңгеге дейін барады. Егер ән мен мәтінді танымал авторлардан алсаңыз, бұл қосымша 200 мың теңге көлемінде болады. Кейде авторлар әнін тегін де бере салады. Сондай-ақ белгілі композитордан алатын болса, авторлық құқық сақталатынын ескерген жөн. Бір әнді жарыққа шығару үшін біздің жалақымыз жетпейді. Дегенмен де шығармашылыққа елеулі инвестиция қажет, – дейді Серікболсын Қонысбекұлы.

Қазіргі таңда оның 5 әні жарық көрген. Ол әлеуметтік желідегі танымалдығының арқасында тыңдармандарын тауып үлгерген. Сол арқылы көптеген республикалық бағдарламаларда, әншілермен бір студияда өнер көрсетіп, сұхбат беріп үлгерді. Шығармашылықтың шегі жоқ. Осы орайда, бұл жолдың оңай еместігін, табыс пен сұраныстың арасында тепе-теңдік сақталмай жататынын да ашық айтты.

Заман дамыған сайын, талапқа сай бейімделу қажет. Бүгінгі күні заман өнер адамынан өзін тек сахнада ғана көрсетіп қоймай, түрлі әлеуметтік желіде белсенді болуды талап етеді. Ол-шығармашыл адамдардың өзіндік имиджін қалыптастырады. Ал имидж-табыстың негізгі көзі.

Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген әрбір өнер иесінің сахна сыртындағы еңбегі мен қаржылай шығыны орасан. Ал көрермен болса, тек дайын образ бен бірнеше сағаттық өнерді ғана көреді. Оның астарындағы тынымсыз еңбек пен қажырлылық бізге беймәлім. Сондықтан олардың жасап жатқан еңбегін бағалап, қоғамда алар орны мен рөлін жоғары деңгейде атап өткеніміз жөн. Мәдениет – руханияттың темірқазығы. Оны ұмытпай, ұлықтау болашаққа салынған нық қадамдардың бірі болмақ.

Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77