Біздің Қостанай Правопорядок

Қаламызда жылына бірнеше рет жоспарлы қауіпсіздік сабақтары өтіп тұрады

«Бүгін қаладағы оқу орындарының біріне террористік шабуыл жасалды. Қылмыстық топ адамдарды тұтқынға алып, құқық қорғау органдарын әбігерге салды. Қарақшылар ақша талап етіп, жеке ұшақ сұрап, шетелге қашпақ болды…»

Иә, мұндай жағдайдың шын өмірде болмағаны қуантады. Терроризмге қарсы облыстық жедел штабының жедел-тактикалық оқу-жаттығуының сценарийі әдетте осылай өтеді.

Оқу-жаттығу жүргізудегі түпкі мақсат – техникалық құралдардың тұрақты жұмыс істеуін бақылаудан бөлек, қауіп төнген жағдайда оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлердің дұрыс әрі қауіпсіздікті сақтап, жедел әрекет етуіне бағдарлау. Айта кетері, оқу-жаттығу тек профилактикалық мақсатты көздейді. Білім беру ұйымдарын ғана емес, өзге де нысандарды терроризмнен қорғау, қауіптің алдын алу үшін мұндай жаттығулар тұрақты жүргізіледі.

Қостанай облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы оқу орындарында, өзге де әлеуметтік нысандарда жаттығу сабақтарын үнемі тұрақты түрді өткізіп тұрады. Бұл бастаманың басты мақсаты – білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру және жастарды төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге дағдыландыру.

Қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі

Бүгінде қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан да осындай профилактикалық оқулардың маңызы ерекше. Полицейлердің айтуынша, терроризм мен экстремизм қаупіне қарсы күресте халықтың хабардарлығы мен дайындық деңгейі шешуші рөл атқарады.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция подполковнигі Амангелді Бапинов мұндай оқыту сабақтары оқушыларға өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігін сақтаудың нақты жолдарын үйрететінін айтады.

«Біздің мақсатымыз – балалардың, тұрғындардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Террористік қауіп төнген сәтте ең бастысы не істеу керек екенін түсіндіру. Ондайда бастысы үрейге берілмей, нұсқауларды дұрыс орындау қажет. Мұндай сабақтар адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін естен шығармағанымыз жөн», – дейді полиция өкілі.

Тәжірибемен ұштасқан теория

Оқу орындарында өткізілетін дәрістер тек теориямен шектелмейді. Сабақтар барысында оқушылар шартты түрде ұйымдастырылған «қауіп жағдайында» мамандардың қалай іс-әрекет атқаратынын көреді. Ғимараттан эвакуациялау жолдарын, хабар беру тәртібін және алғашқы қауіпсіздік шараларын үйренеді.

Полиция подполковнигі Амангелді Бапиновтың айтуынша, егер оқу орны аумағында жарылғыш затқа ұқсайтын күдікті зат байқалса, оған жақындауға немесе қол тигізуге қатаң тыйым салынады. Мұндай жағдайда бірден полицияға және оқу орны әкімшілігіне хабарлау қажет.

50 мыңнан астам адам қамтылған

Жыл басынан бері облыс полицейлері 420 оқу-жаттығу және тәжірибелік іс-шара өткізген. Оған 50 мыңнан астам қызметкер, оқушы және педагог қатысқан. Бұл көрсеткіш осындай жұмыстың ауқымдылығын және қоғам тарапынан оған деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдейді.Білім беру ұйымдарының басшыларына инженерлік-техникалық қауіпсіздікті күшейту, бейнебақылау жүйелерін жетілдіру және эвакуациялық жоспарларды жаңарту бойынша нақты ұсыныстар беріліп отырады екен.

Полицейлердің пікірінше, мұндай сабақтар тек қауіпсіздік шараларының жиынтығы ғана емес, сонымен қатар жастардың жауапкершілігін арттыратын тәрбие құралы. Оқушылар төтенше жағдайда өзін-өзі ұстау, сабыр сақтау және өмірге қауіп төнген сәтте дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін дамытады.

«Бүгінгі қоғамда қауіпсіздік дағдыларын меңгеру – өмір талабы. Террористік акт немесе төтенше жағдай орын алған кезде білім мен дайындық адам өмірін сақтап қалады. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырамыз», – дейді Амангелді Бапинов.

Қауіпсіз болашақ баршаға міндет

Жалпы, мұндай оқу-жаттығулар мен семинарлар жастардың өмірлік ұстанымына әсер етіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін арттырады. Қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыру – елдің тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Қостанай облысының құқық қорғау органдары осындай шараларды барлық білім беру мекемелерінде жыл бойы өткізіп отыруды жоспарлап отыр. Себебі, қауіпке дайын болу – оны болдырмаудың ең сенімді жолы.

«Мұндай оқу-жаттығулар біздің мектебімізде үнемі өткізіліп тұрады. Әр шара алдын ала жоспарланып, нақты кесте бойынша бекітіледі. Оған ұстаздар мен оқушылар ғана емес, қызметкерлер де белсенді қатысады. Бәрі өз рөлін біледі, не істеу керектігін жақсы түсінеді. Мұның бәрі жай формальді шара емес, өмірлік маңызы зор тәжірибе», – дейді қаладағы №3 мектеп-гимназиясының директоры Светлана Ковлюшенко.

«Балалар да, мұғалімдер де мұндай оқу-жаттығуларға үйреніп қалды. Әр сабаққа жауапкершілікпен қараймыз. Себебі қауіпсіздік – ең басты құндылық. Адам кез келген жағдайда өзін және айналасындағыларды қорғай білуі тиіс. Мұндай жаттығулар оқушылардың бойында сабырлық, тәртіп және жылдам шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады. Біз тек білім беріп қана қоймай, оларды өмірлік сынақтарға да дайындаймыз. Біздің мақсат – қорқыныш тудыру емес, қауіп төнген сәтте әркім не істеу керектігін нақты бағыттау. Осындай шаралардың арқасында мектеп ұжымы мен оқушылардың жауапкершілік деңгейі артып, өзара үйлесімді әрекет ету қабілеті нығаяды. Оқу-жаттығулар кезінде полиция департаментімен, төтенше жағдайлар қызметімен, медициналық мекемелермен бірлесіп жұмыс істейміз. Арнайы мамандар келіп, нақты нұсқаулықтар береді, кеңестер айтады. Бұл балалар үшін де үлкен сабақ», – дейді Светлана Анатольевна.

Шынында да, терроризмнің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осындай жүйелі оқу-жаттығулар қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, қоғамның сергек болуына жол ашады.

«Қазіргі таңда терроризм – бүкіл әлем үшін ең өзекті және еңқауіптердің бірі. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар тек шетелде ғана емес, кез келген елде орын алуы мүмкін. Теледидар мен ғаламторды ашсаңыз, бейбіт тұрғындарға бағытталған шабуылдар, жазықсыз адамдардың, соның ішінде балалардың да өмірін қиятын лаңкестік әрекеттер туралы хабарлар жиі айтылады. Терроризмнің шекарасы жоқ, ол ешбір елді, ешбір ұлтты айналып өтпейді, – дейді Амангелді Бапинов. – Сондықтан да қоғам болып бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. «Мұндай жағдай менің басыма түспейді» деп ойлап, немқұрайлылық таныту – ең үлкен қателік. Террористік әрекеттерге қарсы тұрудың ең тиімді жолы – алдын ала дайын болу, қауіп төнген сәтте не істеу керектігін нақты білу. Осындай оқу-жаттығулардың өткізілуі соның бір көрінісі».

Амангелді Бапинов өз сөзінде құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдерінің еңбегіне ерекше құрметпен тоқталды:

«Олар өз өмірін қауіпке тігіп, ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қорғап жүр. Мұндай ерлік кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген жігіттерге мың алғыс айтқым келеді. Ең бастысы – әрдайым аман болсын, әр жаттығу мен операциядан көпшілікке сабақ болары сөзсіз», – дейді ол.

Қоғамдағы қауіпсіздік пен сергектіктің қаншалықты маңызды екенін бәріміз де білеміз. Қиын сәттіреге әзір болу барлығымыздың ортақ міндетіміз, ал мұндай шаралар – бейбіт өмірдің кепілі.

Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді
ПД ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77