Социум

Қаламызды көгалдандыру мақсатында 300 түп күл ағашы отырғызылды

Оның 200 түбі Дружба тұрғын алабына егілсе, 100 түбі Қайырбеков көшесіне  отырғызылды

Өңірімізде көктем айларында қала көшелерін көгалдандыру мақсатында жас көшеттерді отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілетіні белгілі. Осы мақсатта бүгін Қостанай қаласына қарасты Дружба тұрғын алабы мен қаламыздағы Қайырбеков көшесінің бойына  «Конгломерат.KZ» ЖШС-нің қызметкерлері 300 түп күл ағашын отырғызуды қолға алған. Оның ішінде 200 түп күл ағашы Дружба тұрғын алабына егілсе, 100 түп көшет Қайырбеков көшесіне отырғызылды.

Осы ағаш отырғызу жұмыстарының  барысымен танысу мақсатында «Конгломерат.KZ» ЖШС-нің бригадирі Сергей Хрульді сөзге тартқанымызда, ол:

-Қаланы көгалдандыру жұмыстары әрдайым маңызды болып саналады. Біздің кәсіп орынның қызметкерлері жылда ағаш отырғызып, оны күту жұмыстарымен айналысып келеді. Бүгін Дружба тұрғын алабындағы мектептің жанындағы балалар ойын алаңы мен жаңа тұрғын үйлер бойкөтерген Луговая көшесіне 200 түп күл ағашын отырғыздық. Сондай-ақ 100 түп ағашты қаламыздағы Қайырбеков көшесінің бойына ектік.

Бұл жұмыстарға біздің кәсіп орынның 12 жұмысшысы мен 1 трактор техникасы жұмылдырылды. Біздің отырғызып жатқан күл ағашының көшеттері Көкшетау қаласынан сатып алынған. Кәсіпорын барлығы 300 түп ағаш сатып алып отыр. Ағаштың бұл түрі біздің климатқа жақсы келеді. Ертең-ақ жайқалып өсіп кететініне сенімдіміз. Сондай-ақ ағаштың жайқалып өсуі тек оның отырғызылуына ғана емес, кейін оны күтіп баптауына да байланысты. Егілген ағаштарды күнделікті екі жұмысшы күтіп баптайды. Суаратын суды «Костанай-су» мекемесінен келісім бойынша талон арқылы аламыз. Күту жұмыстары ауа райына байланысты. Егер күн ыстық болса, күнделікті суарып отыру қажет. Ал ауа райы салқын болған кездерде суару жұмыстары күнара жүргізіледі.

Жаңадан отырғызылған көшеттер бір айдай ауырады яғни жерге сіңіп кеткенше уақыт керек. Бір айдан кейін көтеріліп, бүршік жара бастайды. Жақсы күтім болса, олар міндетті түрде жайқалып өседі. Біздің де басты мақсатымыз қала көшелерін жасыл желекке орау,-деді.

Қостанай соңғы жылдары жасыл желегі желбіреге, түрлі түсті гүлдері жайқалған  әсем қалаға айналды. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдыратын әсем көрініс болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77