Өнер додасында Бас жүлдені Қостанай қаласының ақын баласы Дінасыл Бақытбек қанжығасына байлады
Бүгін А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің акті залында Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы мен балалар жылына арналған «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы өтті.
Торғай даласынан бастау алған «Жас тұлпар» облыстық айтысы күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Биыл жырдан мойыншақ тізген, ақындыққа ден қойған балалардың өнерін ұштап, додаға қосып өздерінің ойларына оралған шумақтарын көпшілікке жеткізулеріне себепші болып келе жатқан «Жас тұлпар» облыстық айтысы үстіміздегі жылы 30-шы рет өткізіліп отыр.
Жасыратыны жоқ бүгінде халықаралық, республикалық айтыстарда топ жарып, өңіріміздің атын шығарып жүрген ақтаңгер ақындарымыздың барлығы дерлік осы «Жас тұлпар» облыстық айтысында өз тұсауларын кескен еді. Бұл жайында ҚР мәдениет қайраткері, облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты, ақын Әлпиа Ораманшина жан-жақты баяндап, домбырасын құшақтап айтысқа келген жас жеткіншектерге сәттілік тіледі.
-Өлең шығару оңай емес. Ойындағы орамды ойды, мағынасы мен ұйқасы келіскен сөздермен шумақтап айта білу ерекше қасиетті талап етеді. Мен көп шәкірт тәрбиелеген жанмын. Бала кезінде менен тәлім алған Айбек Қалиевтің есімі бүгінде елімізді былай қойғанда, айтыс өнері кең етек жайға басқа елдерде де танымал. Осындай қарымды айтыс ақындары шыққан біздің өлке киелі. Қазір айтысқа бет бұрып, ел алдында шумақтап жыр төккен өрендерді көріп қатты қуанып қаламын. Төл өнеріміз айтыс жылдан жылға жандана түсуі керек. Мен әрдайым ақындыққа жаны құмар жасөспірімдерді айтысқа дайындауға әзірмін. Әрине, айтыс ақыны болу оңай емес, бәрі бірдей ел таныған айтыскер болып кетуі де екі талай. Бірақ бойында ақындық қасиет болса, оны шыңдау қажет. Ақындықтың қыр-сырын меңгеру керек. Бұл ретте мен ешқашан шәкірт дайындаудан шаршаған емеспін, осыған дейін қаншама айтыстың көпке шаң қақтырып кететін тұлпарларын тәрбиелеген едім,-деді Әлпиа Орманшина.
Қаламызда өткен оқушылар айтысына Бейімбет Майлин ауданынан Бауыржан Тұрысбек және Нұрайлым Қуантай, Қарабалықтан Бекасыл Қуанышбек, Меңдіқарадан Ақжүніс Жүрсін, Жітіқарадан Жанерке Сейсембай, Қостанай ауданынан Ғанимат Нағашыбай және Қостанай қаласынан Шұғыла Аманбек пен Дінасыл Бақытбек, Рудныйдан Жамбыл Тоққожаев есімді өнерлі өрендер қатысты.
Жырды желкен етіп келген бірқатар өнерлі оқушылардың ойын сұрап, сөзге тартқанымызда:
-Мен 9 жасымнан өлең жазамын. Айтысқа осыған дейін екі рет қатысқан едім. Арнайы сыйлақтарға ие болдым. Бүгінгі айтысқа да жеңіске жетсем деген жігермен келіп отырмын. Домбыра шертіп, өлең жолдарын ұйқастырғанды жаным сүйеді. Бұл менің сүйікті ісім. Келешекте бойымдағы осы өнерді барынша дамытып, ел таныған айтыс ақыны болсам деймін,-дейді Қарабалық ауданынан келген ақын бала Бекасыл Қуанышбек.
-Менің бойыма өлең жазатын қасиет атамнан дарыған. Атам Сезімхан ақынжанды кісі. Ақындық біздің әулетімізде бар. Ағам Шұғайып та ел таныған ақын. Мен де 9 жасымнан өлең шумақтарын жаза бастадым. Айтысқа бірінші рет шығып тұрмын. Әрине, болашақта бойымдағы ақындық қасиетті ұштап, орамды ойларымды өлең шумақтармен жеткізетін, ел білетін азулы ақын болсам деп армандаймын,-дейді қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 5 сынып оқушысы Шұғыла Аманбек.
Айтыс барысында ұлт ұстазы, қазақ әліпбиінің атасы, қазақ жазуының реформаторы, ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы туралы деректерді өлеңмен өрнектеп жеткізіп, сөз саптаудағы біліктіліктерін танытқан оқушылардың өнеріне қазылар алқасының төрайымы, ҚР мәдениет қайраткері, «Қазына» сыйлығының лауреаты Әлпиа Орманшина бастаған құрамына «Қостанай таңы» газетінің тілшісі, облыстық «Жаса тұлпар» айтысының үш дүркін жеңімпазы, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер байқауларының лауреаты Қыдырбек Қиысқанұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеті тіл және әдебиет теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қарлығаш Нұрмұхаметова енген әділ қазылар алқасы өз бағаларын берді.
Айтыстың бірінші жұбы болып Амангелді ауданынан келген Саян Әуезхан мен Рудныйлық Жамбыл Тоққожаев өрнекті айтыс көрсетті. Рудныйдың жас ақыны Амангелдіден келген жас тұлпарға сіздер жақта су тасып, жол болмай жатыр дегенді естіп едім, қалай келіп қалғансыз деген сауалын қойды. Осылайша өлеңдерін өрнектеген екі оқушы қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы жайында да жырлап өтті. Екінші жұп болып Қостанай қаласының жас ақыны Дінасыл Бақытбек пен Жітіқара ауданынан келген Жанерке Сейсембай өз өнерлерін паш етті. Үшінші жұп болып Қарабалық ауданының ақын баласы Бекасыл Қуанышбек пен Қостанай қаласының жас ақыны Шұғыла Аманбек айтысты. Төртінші жұп болған Бейімбек Майлин ауданынан келген ақынжанды Бауыржан Тұрысбек пен меңдіқаралық Ақжүніс Жүрсін өнерлерін ортаға салды. Бесінші жұп болып айтысқан Қостанай ауданының ақын баласы Ғанимат Нағашыбай мен Бейімбет Майлин ауданынан келген Нұрайлым Қуантай айтыс өрнегін көрсете білді.
Барлық жас ақынның өнерін тамашалаған әділ қазылар алқасы, ақылдасып, шешімін қабылдауға кеткен кезде жиналған қауымның назарына Серік Алпысов «Хан шеңгел» әнін ұсынды.
Көп ұзамай айтыстың қорытындысы да белгілі болды. Әділ қазылардың шешімімен Бас жүлдені Қостанай қаласының №115 орта мектебінің оқушысы Дінасыл Бақытбек қанжығасына байлап, арнайы диплом мен 100 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды. 1-ші орынды Рудный қаласынан келген жас ақын Жамбыл Тоққожаев жеңіп алып, арнайы диплом мен 80 мың теңге сыйақыны иеленді. 2-ші орын Меңдіқара ауданының ақын қызы Ақжүніс Жүрсінге бұйырды, оған арнайы дипломмен қоса 60 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынылды. Ал 3-ші орынды Бейімбет Майлин ауданынан келген Нұрайылым Қуантай алып, арнайы диплом мен 40 мың теңге сыйақыға ие болды. Қалған өнерлі өрендерге 20 мың теңге көлемінде сыйақы тапсырылды.
Айтыс десе делебесі қозатын, қара өлеңнің құдіретін түсінетін көрермендерге бұл айтыс ұмытылмас әсер қалдырды.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77