Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханға 160 жыл толды.
Соған орай еліміздің түкпір-түкпірінде оның мерейтойы кеңінен аталып өтті. Жуырда облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген тақырыпта рухани кеш ұйымдастырылды. Ол өте мазмұндылығымен, әсерлілігімен есте қалды.
Қайсарлығымен ел мақтанышына айналды
Меніңше, әрбір жүрегі елім, халқым деп соғатын ұлтжанды азаматтар айтулы тұлғаның есімін айрықша ардақ тұтады. Бос сөзге салынбас үшін бүкіл ғұмырын жұртына адал қызмет етуге арнаған қайталанбас азаматтың өткен өмірлеріне де қысқаша шолу жасағанымыз артық болмас. Оның әсіресе, өскелең ұрпаққа берері қашан да мол.
Нақты дәйектерге сүйенетін болсақ, Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының Қызыларай ауылында дүниеге келген.
Ол орта жүз ханы Бөкейдің тікелей ұрпағы. Таратып айтатын болсақ, аталған Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, содан кейін кейіпкеріміздің әкесі Нұрмұхамед туады.
Жалпы Әлихан сонау жас кезінен бастап өте зейінді де зерек болып қалыптасады. Ардақты әкесі Нұрмұхамед ұлының келешегін ойлап, Қарқаралыдағы молдаға оқуға алып барды. Алайда, қабілетті бала молданың дәрісіне қанағаттанбай, шаһардағы үш сыныптық бастауыш мектебіне ауысуды қалайды.
Аталмыш білім ордасын ойдағыдай аяқтаған соң, 1879-1886 жылдары осы қаладағы қазақ балаларына арналған мектепте тиянақты білім алды. Талапты ұл содан кейін де алға қарай талпына түседі. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде уақыт өте Омбыдағы техникалық училищеге шәкірт болып қабылданады. Бұл жерден техник мамандығын алады.
Кейбір сенімді дерек көзіне қарағанда, Нұрмұхамед дала қазақтарының арасында өте беделді кісілердің қатарынан саналатын. Ол өз перзенттерінің оқыған азаматтар қатарына қосылуы үшін ештеңені де аямаған. Өзі қарапайым етікші болса да диірмені мен малы болыпты. Орташа дәулетімен айналасындағылардың құрметіне бөленген.
Ол аз десеңіз, кәдімгі аңшылықпен де шұғылданып, қыран құстар мен алғыр тазыны да ұстаған көрінеді. Бұл сол кездегі аталарымызға тән өнеге тұтарлық қадыр-қасиет болатын. Міне, осындай әке көрген баладан келешекте елін сүйетін азамат шығатындығына күмән тудырмайтын.
Өмірден көріп жүргеніміздей, адам баласының бойына ізгілік пен адамгершілік ұстанымдар, еңбекқорлық секілді жағымды да үлгілі жайлар әкенің қаны, шешенің ақ сүтімен даритындығы айтпаса да түсінікті. Оның үстіне Нұрмұхамедтың жанұясы атақты Құнанбай қажыға туыс болып келеді екен.
Негізінде Әлихан шаңырақтағы тәрбиеленген алты баланың тұңғышы еді. Сондықтан ата-анасының бойындағы жақсы жақтардан тәлім алды. Өзі де кейбір замандастарына қарағанда, батыл да жігерлі еді. Сол қырлары жігерлі бозбала болып қалыптасуына ерекше ықпал етті. Қатар құрбыларының арасында ақыл-парасатымен, тапқырлығы және бірбеткей өткірлігімен дараланатын.
Анасы Бегім ханым Тобықты руының атақты батыры Мамайдың сүйікті қызы-тын. Ол өте сауатты, жан дүниесі сұлу, төңірегіндегі замандастарына сыйлы жан-ды. Сондай-ақ әйел затына тән қолөнер шебері-тін. Ісмерлігі өз алдына бөлек әңгіме. Осындай ардақты асыл кісілерден ғибрат алып, өз мақсатына жетуге ерте талпынды.
Жоғарыда мысалға келтіргендей, Омбыдағы Сібір теміржолына мамандар дайындайтын техникалық училищиде оқып жүргенде оқытушыларының назарына ілінбей қалған жоқ. Бұлай деуімізге себеп оқу орнының басшысының тікелей ақыл-кеңесімен 1890 жылы Санкт-Петербург қаласындағы орман институтының студенті атанады.
Қабілет-қарымының арқасында әлгі институтта оқып жүргеніне қарамастан сол шаһардағы университетке өз бетінше сынақ тапсырып, заң факультетін де аяқтайды. Мұндай сұңғылалық екінің бірінен кездесе бермейді. Өзінің алғырлығының нәтижесінде орманшы-ғалым және заңгер кәсібін аяқтайтын қос димломды қатар алып шығады.
Мұндай тиянақты әрі жауапкершілікті жоғары сезінетін зерделі маман қайда да ауадай қажет екендігі даусыз емес пе. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Тобыл губерниясына қоныс аударушы шаруаларды зерттейтін «Тобыл экспедициясы» құрамында қызмет етті. Тіпті, 1895 жылы күз айында Ақмола облысы Омбы орман шаруашылығы басшысының көмекшісі болып бекітілгенінен де хабарымыз бар.
Сонымен бірге жергілікті орман мектебінде шәкірттерге дәріс берді. Басқа да сенім артылған жұмыстарды іскерлікпен атқарды. Әсіресе, оның қоғамдық-саяси қызметпен белсенді араласуы осы кезден басталған секілді. Өйткені, Патша үкіметінің отаршыл саясатына көзқарасы түбірімен өзгеріп, өзіндік пікірі қалыптасты.
Ол қашан да әділдік жағында болды. Сол кезеңдегі дәстүрлі қазақ қоғамындағы жағымсыз көріністерді де сынға алып, пайдакүнемдік, болыс лауазымы үшін талас-тартыс сияқты жайлар бұған мүлдем ұнамады.
Қайраткерлік қырлары жөнінде
Тарихтан белгілі 1905 жылы Мәскеуде ұйымдастырылған Ресей земствосы мен қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Осы жиында биік мінберден қазақ тарихында алғаш рет туған халқының жоғын жоқтап, өз ойын ашық айтты. Осында келтірілген сөзінде өз ұлтының дін, тіл, сайлау және басқа да бостандықтары туралы өзекті мәселені арқау етті.
Қазақ елі өз алдына тәуелсіз мемлекет атанғалы бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күйді бастан кешкеніміз жасырын емес. Кешегі зобалаң және нәубет жылдары жарқын болашағымыз үшін құрбан болған біртуар тұлғаларымыздың есімдері жаңғырып, қаншама танымдық кітаптар жазылды.
Әлихан Бөкейханның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы болғандығын біліп, оның өткен өмірі мен халқына сіңірген еңбегіне әбден қанықтық.
Оның мемлекет үшін аса маңызды қызметтерін айтпағанның өзінде, руханият саласында қалдырған істерінен тағылым алдық. Оның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзі үлкенді-кішілі қауымды қанаттандырып, туған жеріне адал қызмет етуге құлшындырды.
Сондай-ақ оның «Өмірімнің соңына дейін қазақ халқына қызмет етемін» деген сөзі өскелең ұрпақтың бойтұмарына айналды десек артық болмас. Жалпы, Алаш қайраткерлерінің мұндай ойлы пікірлері мен ұстанымдары ешқашан ұмытылмайды әрі өміршеңдігін жоғалтпайды.
Әлихан Нұрмұхамедұлы тек мемлекетіміздің болашағын ойлаған ұлтжанды тұлға ғана емес, публицист, ғалым, аудармашы әрі журналист те болды. Бұған оның редакторлығы мен басқа да әмбебаптығын да қосуға болады.
Осы арада 1913 жылы ол замандастары әрі ұлтымыздың біртуар перзенттері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлымен бірге жалпы ұлттық «Қазақ» газетінің негізін қалады. Басылым редакциясына сол кездегі озық ойлы зиялы қауым өкілдерін тартты.
Әлекең қазақ халқының ежелгі ата-баба қонысынан айырылуына түбірімен қарсылық танытты. Отаршылдық әрекеттерді батыл сынады. Сөйтіп, өзінің тұлғалық қасиеттерін жарқырата көрсетіп, ұлт-азаттық қозғалыстың нағыз көшбасшысы атанғаны да көпшілікке мәлім болса керек.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды христьян дініне көшіру секілді озбырлық ниеттерді де айыптап, өзінің мұндай жат әдеттерге төзбейтіндігін анық байқатты.
Отбасы мен ұрпақтары хақында
Оның шығармашылық жолындағы ізденістері де ауыз толтырып айтарлықтай. Бұған он алты томнан тұратын ғылыми-практикалық мұралары айқын дәлел. Автордың жазған дүниелері Алаш қайраткерінің тағылымды ғұмыры жайлы оқып-танысып жүрген жұртшылыққа белгілі.
Әлекең халық ауыз әдебиетіне де көп көңіл бөлді. Өйткені, одан өнеге алмай, ұлттық әдебиеттің өркендеуі мүмкін емес деген түйінге келді. Осы рухани қазыналарды зерттеуге барын салды. Оны зиялы қауым тұңғыш Абай танушы ретінде де жақсы біледі. Өйткені, ұлы ақынның өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға аз тер төккен жоқ. Аударма саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Ал, көзі ашық, көкірегі ояу оқырманға Әлихан Нұрмұхамедұлының халқына адал қызмет еткен кезеңдер танымал. Бірақ адал тұлғаның отбасы мен ұрпақтары баршаға аян деп айта алмаймыз. Себебі, ол туралы тек еліміз тәуелсіз алғаннан кейін ғана біле бастадық.
Біздің ол туралы жазылған мақалалармен танысу барысында байқағанымыз, зайыбының есімі Ольга Яковлевна. Ольга Сібірге қоныс аударған Яков Севостьяновтың аяулы перзенті. Әлекеңнің болашақ қайын атасымен араласуы Омбыдағы «Степной край» газетінен басталыпты. Әйелімен таныстығы осы қалада жүргенде жалғасты.
Қайын атасы қызының Әлекеңмен шаңырақ көтеруіне қарсылық білдірген жоқ. Тек оған: «Қызым, саған Әлиханнан артық жар жоқ. Бірақ, алдыңда қиындықтар кездеседі. Оның ұлты қазақ, өз ата дәстүрін сақтайды. Сен болсаң, орыссың. Кейбіреулер сенің таңдауыңды сынауы мүмкін. Бақтарың ашылсын, шыдамды болыңдар, махаббаттарың қорған болсын» деп ақ батасын беріпті.
Бір-бірін ұнатқан Ольга отау көтерген соң, барлық кездескен қиыншылықтарға төзімділік танытты. Өмірге Елизавета (азан шақырып қойған аты Зейнеп), одан кейінгі дүниеге келген ұлының есімі Өкітай.
Алайда, Әлиханның ғұмырлық серігі Ольга Яковлевнаның өмірі қысқа болды. 1918 жылы ұзаққа созылған науқастан дүниеден өтті. Тағдырдың жазуына не шара, Лиза небәрі 15 жасында осылайша анасынан айырылуға тура келді.
Лиза Әлиханқызының мамандығы дәрігер. Ол 1927 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің медицина факультетін, араға уақыт салып аспирантураны аяқтады. Ол кейін мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шықты. Отағасы да елі мен халқына адал қызмет еткен біртуар азамат ретінде тарихта қалды.
Бәріміз ардақ тұтатын Әлихан Нұрмұхамедұлы кезінде ел мүддесі үшін бүкіл ғұмырын арнады. Өзі хан ұрпағы яғни, ақсүйек болса да дүние-байлыққа қызыққан жоқ. Оның орнына ұлттық құндылыққа ерекше мән берді.
Қазақ халқы адал ұлын ешқашан да ұмытпайды. Есімін мәңгілік жүректерінде сақтайды. Оған құрметтің белгісі ретінде қаншама қазақ отбасылары өздерінің перзенттеріне жақсы ырыммен өскенде отаншыл, ұлты үшін қызмет ететін азамат болсын деп Әлиханның есімін берді.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет ғаламтордан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
