Біздің Қостанай

«Аманатқа қиянат жасауға болмайды»

Бұл әкесінің көзіндей болған «Ретро» көліктің иесі Ғабит Кәкімжан дейді

Қазақта «Көненің көзі» деген ұғым бар. Мұның астарында үлкен мән мағына жатса керек. Әкенің көзін, аманатын, балаға көздің қарашығындай сақтау міндет етіледі.

Бүгінде осылай әкесінің көзін жанындай сақтап келе жатқан Кәкімжан Ғабит Исмаилұлының қала көшелерінде ескі 1961 жылғы «Волга-21» көлігін мініп жүргеніне бір жылдың жүзі болған.

Қазір неше түрлі шетелдік көліктердің мыңдаған данасы зауыттардан шығып, тұтынушыларға жол тартып жатыр. Осыған дейін Ғабит Исмаилұлы да бірнеше шетелдік маркілі көліктерді мінген. Бірақ кейінгі уақытта әкесінен аманат болып қалған кеңес одағында жасалған бүгінде «Ретро» болып саналатын «Волга-21» көлігін мініп жүрген жайы бар.

– Менің әкем Ибраев Исмаил Ыбырайұлы 1916 жылы Торғай жерінде дүниеге келген. Білімді, қолынан іс келетін ел азаматы болған. Осы «Волга-21» машинасын сатып алған кезде беделді қызметтердің бірінде болатын. Отбасамызда 7 бала, 6 ұл, 1 қыз болдық. Анамыз үнемі бала күтімімен үйде отырды. Біздің тәрбиемізбен айналысты. Ал әкем елдің ағасы, түздің адамы еді. Сөйтіп, 1961 жылдың 5 мамырында осы қазір өзім мініп жүрген «Волга-21» көлігін сатып алып, үйге әкелді. Ол кезде мен небәрі 14 жаста едім. Менің де бауырларымның да қуанашында шек болмады. Өйткені, ол  шақтары көлік міну деген үлкен дәреже еді. Торғайда тек 4 ғана көлік болды. Соның бірі біздің әкеміздікі еді. Көлікке отырып, бір жаққа барғанымызды, келгенімізді ауыл тұрғындары қарап, тамашалап отыратын. Ол менің сағымдай бұлдыраған, сағынышпен көз алдыма елестететін бақытты балалық шағымның көрінісі болып қалды. Әкем үлкен абыроймен еңбек етіп, артына саналы ұрпақ қалдырған өнегелі азамат еді. Ол өмірден  өткеннен кейін осы көлікті әкеміздің көзіндей көріп, ешқайсымыз сатуды ойлаған емеспіз.

Әкем өмірден өткен соң бұл көлік інім Қуанышқа қалды. 2009 жылы ол көлікті маған берді. Оның да өзіндік себебі бар еді. Әкемнен қалған көлік бұзылып жүрмей тұрды. Ал менің қолымнан көп дүние келеді. Әкемнің көзінің тірісінде артынан ілесіп, көп нәрсені үйреніп, көңілге түйген едім. Соның ішінде көлік жөндеу, темірді дәнекерлеу, үй салу, ағаштан түйін түю міне осының бәрі қолымнан келеді десем артық айтқан болмаспын. Інім менің қолымның шеберлігін алға тартып, әкеміздің көзі осы көлікті өзіңе алсай деген еді.

Сөйтіп, мен бұл көлікті 2009 жылы үйіме әкеліп жөндеп, астанамыз Нұр-Сұлтанда тұратын інім Әлішердің баласы Ақылбекке жүргізіп әкеліп бердім.

Көлік шамалы уақыт жүріп, қайтадан бұзылып қалды. 10 жылдай жүрмей сол жерде тұрды. Осыдан кейін әкемнің аманаты шаң басып, ешкімге керек болмай ұзақ тұрып қалды ғой деген оймен 2020 жылы Нұр-Сұлтаннан қайтадан Қостанай қаласына әкеліп алдым. Бұзылып тұрған көлікті біртіндеп жөндей бастады. Шынымды айтсам, моторын, коробкасын бір сөзбен айтқанда барлық темірлерін жаңаға ауыстырдым. Қайтадан бояттым. Бүгінде көлік әдемі жүріп тұр. Бірақ әлі де істейтін жерлері бар. Есіктерін қаптау керек. Жалпы, бұзылып тұрған көлікті жүргізу үшін 2 млн қаражатым кетті. Қазір осы машинамен туған өлкем Торғайға барсам деген ойдамын. Ондағы туыс-туғанға, дос-жаранға, таныстарға көлікті жүргізгенімді айтып, суретін жіберіп қойғанмын. Енді олар мені осы көлікпен қашан елге келеді деп күтіп жүр. Алла қаласы биыл жазда елге барып, әкем мен анамның басына Құран оқып, ас беріп, садақа таратып қайтсам деп отырмын,-дейді Ғабит ақсақал.

Әкеден қалған мұраны көзінің қарашығындай көріп, бүгінде елдің арасында осы көлікпен жүрген 76 жастағы Ғабит Исмаилұлы елгі құрметті де, сыйлы дін қызметкері. Көптеген жылдар қатарынан Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің имамы болды. Оны жергілікті халық жақсы таниды. 2011 жылы Алматы шаһарында 4 айлық діни білім алып келген. 2018 жылы Үлкен қажылыққа аттанып, бес парызының бірін өтеген жан. Діни сауатты. Кез-келген ортада сауатты, көңілге қонымды айтар ойлары да мол. Шежірені де жақсы біледі. Қазақта «Жеті атасын білмегеннен без» деген ұғым бар. Бұл ретте Ғабит Исмаилұлы қазақ болғаннан кейін, жеті атаңды атап беру керек деп біледі. Өзі де бұл парызды берік ұстанады.

Осындай рухани бай, өмірге үлкен парасатпен қарайтын жан, әкеден қалған мұраға да аса жауапкершілік танытады.

– Мен әкемнен қалған көлікті ешқашан сатпаймын. Көлікті жүргізіп шыққанда менен сатасың ба деп сұрағандар болды. Мен бірден сатпайтынымды айттым. Өйткені, бұл менің баға жетпес асыл қазынам. Осы көлікпен өзім керек жерлерімен барып-келіп жүрмін. Маған одан басқа ештеңе қажет емес.

Көшеде көргендер қызығып, маған қарай қолдарын шошайтып бір-біріне көрсетіп жатады. Барған жерде кішкентай балалар қызық көріп суретке түседі. Ересектер жағы көлікті қалай жөндегенімді, қанша қаражат жібергенімді сұрайды. Бәрі де қызық көреді.

Бұл көлік әкеден бізге аманат болып қалғаннан кейін, менің балаларыма да менің көзім болып қалатын болады. Мен мұны үлкен балам Дулатқа аманат етіп қалдырамын. Аллаға шүкір саналы ұрпағым бар. Екі ұл, екі қызым, 12 немерем жанымда жүр. Жанымды бір жабырқататыны 2019 жылы аяулы жарым Дарбала дүниеден өтті. Өте мейірімді, ақ көңіл, мінезі жібектей керемет жан еді. Әй-шәй деспей ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырдық. Өмір бойы үйдің тіршілігін жасап, балаларын одан қалды немерелерін бағып, үйде отырды.

Мен үшін әке аманаты мен отбасы бақытынан артық ештеңе жоқ. Бүгінде әкемнен қалған көлікке мініп, балаларымның ортасында, балдай тәтті немерелерімді еркелетіп жүрген жайым бар,-дейді Ғабит Исмаилұлы.

Осылайша «аманатқа қиянат жасамай» әкесінің көзін сақтап отырған Ғабит Исмаилұлы көпке өнеге.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77