Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Аманкелді Имановтың туғанына биыл 150 жыл толып, батырдың туған жерінде облыстық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды
Тіпті Қазақстанның эстрада жұлдыздары шақырылып, ұлттық спорттан өткен ойындарға жақсы-жақсы жүлделер тігілді. Бір сөзбен айтқанда, көңіл толып, көрген көз тамсанатын тамаша той атқарылды. Негізі айтпағымыз тойдың жыры емес. Осы орайда халықтың көңілін құлазытатыны басқа жайт.
Мақаламыздың тұздығы ретінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің берген мәліметімен бастасақ. Қазіргі уақытта Қостанай қаласында 49 ескерткіш бар екен, оның ішінде үшеуі республикалық маңызы бар ескерткіш болып саналады. Ол ескерткіштердің қатарына Кеңес Одағының екі мәрте батыры И.Павлов пен Л. Беданың бюсттері, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты жанындағы Ы.Алтынсарин ескерткіші кіреді. Сондай-ақ 78 тарихи-мәдени мұра объектілері бар.
– Барлық ескерткіштердің техникалық жай-күйіне мониторингті мәдениет бөлімінің қызметкерлері жылына 2-3 рет тұрақты негізде жүргізеді. Соңғы рет рейд ағымдағы жылдың 6-8 қыркүйегі аралығында жүргізілді. Сонымен қатар, ескерткіштің дұрыс емес жағдайы туралы ақпарат алған жағдайда қызметкерлер жоспардан тыс тексеруге шығады. Мониторинг нәтижелері бойынша актілер жасалады. Қандай да бір ақаулар анықталған жағдайда Қостанай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы хаттар жіберіледі. Қостанай қаласының ТҮКШ бөлімімен қаланы абаттандыру шеңберінде тарих және мәдениет ескерткіштері мен объектілерін тиісті жағдайда ұстау (тұғырлардағы плиткаларды ішінара ауыстыру, сырлау, тазалау және т.б.) бойынша жұмыстар үнемі жүргізіледі, – деді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауле Азимжанова. Сонадай-ақ, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес облыстағы ескерткіштердің қорғалуын бақылау Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасына жүктелген. Басқарма жанынан тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы жұмыс істейтіндігін алға тартты.
Дегенменен, көрген көзде жазық жоқ дегендей, Аманкелді ауданының кең даласында Аманкелді атамыздың 150 жылдық тойы ат шаптырып тойланғанымен, қаламыздағы батыр мүсіні жетім баладай болып тұрғаны көңілге қаяу түсірді. Олай деуіміздің себебі қаламыздың орталығындағы орналасқан Аманкелді Имановтың мүсініне биылғы жылы жөндеу көрмек түгел, маңына адам баласы аяқ баспағаны көрініп-ақ тұр. Мүсіннің астыңғы жағындағы плиткаларының арасы сөгіліп, тозып тұрғаны да байқалады. Бір бет қағаз етіп жапсырылған QR кодтың бояуы ағарып, күнге желінген. Мұны осы маңайда тұратын тұрғындар да күнделікті көріп жүргендерін айтады. Бізде осыны өз көзімізбен көріп қайттық. Тіпті ақпарат жазылған QR кодты телефон арқылы сканерлеп, жұмыс істемейтіндігін нақты тексеріп қайттық.
– Мен осы Аманкелді мен Байтұрсынов атындағы көшенің қиылысына жақын маңдағы үйде тұрамын, Аманкелді Имановтың мүсіні орналасқан жерден күнде өтемін. Биылғы жылы батырдың 150 жылдық мерейтойы ғой осы жерде бір іс-шара өтер деген ойда жүрдім. Болып жатса немерелерімді ертіп барайын, тарихымызды, батырларымызды біліп жүрсін деген өзімде ой болған. Дегенменен, мүсін жанына салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімі де болмаған сияқты. Мүсіннің жөндеуден өтпегеніне де біраз болған. Жаз айында мүсіннің алаңы абаттандырылып ең болмағанда маңына бір орындық қойылмады. Орталықтағы басқа ескерткіштер мен мүсіндер тап-тұйнақтай. Тіпті елім, жерім деп қаза болған бабамыздың мүсінін осындай жағдайда көру намысқа тиеді, – деді қала тұрғыны Бақыт Бисенова.
Ал, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек биылығы жылы «Ar-Servic» ЖК мердігерлік ұйымымен ескерткіштерді күтіп ұстау шеңберіне 4,3 млн теңгеге сомасына шарт жасалған екен.
Ескерткіштер мен мүсіндердің күтімі бойынша ағымдағы жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда гранитті керамикалық плиткаларды ауыстыру, сылау жұмыстары, бояу жұмыстары, сондай-ақ ескерткіштерді тазалау және жуу жұмыстары бар.
Ағымдағы жылы А. Байтұрсынов атындағы ескерткішті, сондай-ақ Л. Таран мүсінін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, оның аясында гранитті плиткаларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді деп қысқа қайырды қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Ойлап отырсақ, өмір тарихы Қостанай облысының тарихымен тығыз байланысты Халық батыры Аманкелді Имановтың мүсінінің жөндеу жұмыстарына биылғы жылы қомақты қаржыдан тамшыдай болса да бұйырмағаны қалай болғаны.
Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77