Наш город Социум

Қанша уақыт өтсе де тастандылар саны азаяр емес

Тарих беттерін парақтай отыра Қостанай қаласында сәбилер үйі 1960 жылы ашылғанын, ал 1997 жылдан бастап «Дельфин» сәбилер үйі болып жұмыс істеп келе жатқанын білдік. Қарап отырсақ алпыс жылдам астам тарихы бар балалар үйі осы уақыт аралығында қаншама тастанды баланы бауырына басып, өмір деген үлкен жолға аттандырған екен.

Ал, осы азды-көпті уақытта үздіксіз жұмыс істеп тұрған мекемеге бауыр еті балаларын қиып тастап кететін тас бауыр аналардың саны да азаймай отырғанын көруге болады. Бұл дегеніміз қоғам үшін айықпас ауыр дерт десек те болады.

Бүгінде аталмыш мекеме 75 орынға шақталған, қарап отырсақ оның 43 орыны толық екен. Яғни, сәбилер үйіндегі осы 43 баланың тек 6 ғана уақытша мерзімге орналастырылған. Қалған 37 бала тұрақты түрде осы жерді мекендейді, олардың жас ерекшеліктері бір жасқа толмаған және үш жас аралығы. Көздері жәутеңдеген сүп-сүйкімді періштелерді көргенде аналары қалай ғана қиып тастап кетті екен деп жүрегің қарс айырылады.

– Алдағы жылдармен салыстырсақ 2023 жылдың соңы мен жылдың басынан бері бала саны артып отыр. Соның ішінде жалпы орын санының 43 орыны толық. Балалардың басым бөлігі ұлты бойынша орыс және аралас ұлт өкілдері. Бұрындары аналары өздері тура бізге хабарласып, жеке өтініші арқылы балаларынан бас тартатын. Оның сыртында аулаға әкеліп тастап кететіндер де көптеп кездесетін. Қазір балалар бізге тек полиция арқылы не болмаса қорғаншылық органдары арқылы ғана келеді. Соның өзінде балалардың саны азаяр емес. Бүгінде сәбилер үйінде жас ерекшеліктеріне байланысты үш топ жұмыс істейді. Төртінші карантиндік топ бар. Бұл жерде бізге келген балалар 21 күнге дейін болады. Әрбір үш күн сайын бокстан-боксқа ауыстырылып отырылады. Олар үшін арнайы үш бокс қарастырылған. Олар медициналық тексеруден өтіп, тәулік бойы медбикелердің қарауында болады. Қазір карантиндік топта тоғыз бала бар, ең кішісі бір айлық. Жалпы бала мен ата-аналар үшін кездесу аптасына бір рет рұқсат етілген. Өйткені бала үшін кездесу мен қоштасу психологиялық жағынан өте ауыр. Ал, телефон арқылы хабарласып тұруларына шектеу қойылмаған. 2021 жылдан бастап бізде бұл топтардан бөлек күндізгі «Үміт» тобы да жұмыс істеген болатын, ол жерде отбасылық жағдайы төмен, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың және жалғызбасты аналардың балалары қабылданды. 2022 жылы бұл топ жабылды, өйткені жаңа бұйрыққа сәйкес сәбилер үйі күндізгі топтарды қамти алмайды делінген, – деді «Дельфин» сәбилер үйінің бас дәрігері Яна Баранова.

Жалпы сәбилер үйінің жұмысымен бізді аға тәрбиеші Айым Ахметова таныстырып өтті.

– Біздің мекемеде сәбилер үшін жан-жақты жағдай қарастырылған. Балалар үшін кестеге сәйкес бассейн, тұзды шахта, булы монша, массаж кабинеті, емдік денешынықтыру, музыкант, психолог, Монтессори кабинеті жұмыс істейді. Мұның бәрі балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты дамып-жетілуіне жақсы әсер етеді. Дегенменен, ананың махаббаты мен мейірімінің орыны бөлек екені белгілі. Бізге балалар алғаш келгенде тіпті ыдыс-аяқты қолдануды білмейді, қолдарына қасық ұстаудан бастап үйретеміз. Отбасында толық тамақтанып көрмеген балалардың тамақтану рационына үйренулері де қиынға соғады. Бізде болған уақытта олар жақсы жаққа үйрене бастайды. Тіпті бірнеше ай көлемінде баласына кездесуге келген аналардың өздері өз балаларына таң қалып жатады, – деді Айым Дулатханқызы.

Аталмыш сәбилер үйінің тәрбиеленушілері үш жастан кейін «Жанұя» балалар үйі мен «Рудный балалар үйіне» жіберіледі екен. «Дельфин» сәбилер үйінен шыққан балалардың алдағы өмірінен біз бейхабармыз. Өйткені балалар туралы ақпарат тарату мен олардың алдағы өмірін қадағалау біз үшін қатаң тиым салынған дейді қызметкерлер. Десекте бұрындары бала асырап алған шетелдік отбасылардың ішінде балаларымен сәбилер үйіне арнайы келіп тұратындары да бар екен. Тіпті былтырғы жылы арнайы сәбилер үшін жаңа жылдық сыйлық акеліп бергендері де болыпты. Сонымен қатар осы жерден бала асырап алған қостанайлық жұп та балаларын әкеліп тәрбиешілерімен жолықтырып тұрады. Шетелдік отбасыларда тұратын бірнеше бала қазірдің өзінде сәбилер үйіне тәттілер мен шұлық, еміздіктер салынған бокстарын сәлемдеме арқылы салып тұрады екен.

Бұл жерде тек қана жалғызбасты жас аналардың тастанды балаларынан бөлек өмірлік қиын жағдайға тап болған аналар да сәбилерін уақытша болса да қалдырып кетуге мәжбүр болады. Олардың қатарында ауыр дертке шалдығып не болмаса ұзақ мерзімді ем алу үшін ауруханаға жатуға тура келген жағдайлар да тіркеледі. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана отбасына оралған бір жарым жастағы қыз баланы анасы жуыр арада қайта сәбилер үйіне алып келген. Басты себеп анасының сырқаты. Ал, ішімдікке салынып балаларын қараусыз қалдыратын отбасылардың қатары да аз емес.

Жуырда екі бірдей баласын жуырда ғана алып кеткен отбасы, бірнеше айдан соң жаңа туған үшінші шақалағын қоса әкеліп сәбилер үйіне тапсырған.

Бұл біздің естіп-білген бірнеше ғана оқиғаларымыз.

Қазіргі таңда балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдердің саны күн сайын көбейіп келеді. Біздің елімізде жетімдердің басым көпшілігі әлеуметтік жетімдер. Әке-шешелері ішімдікке салынып, баласына мүлде көңіл бөлмейді. Ал мұндай жауапкершіліксіздерді мемлекет заңға сүйене, ата-ана құқығынан айырады. Тастанды балалардың да саны аз емес. Сау болса да, еш аяусыз баласын тағдыр қаталдығына қиып, «тастанды» атандырады.

Сондай-ақ, соңғы кездері жас аналардың бауыр еті баласын өлтіруге дейін жеткендігі де жасырын емес.

Анықтама

“Дельфин” сәбилер үйінің статистикасы бойынша

– 2024 жылы ақпан айында 15 бала қабылданған;

– бүгінгі таңда мекемеде 43 бала бар;

– оның ішінде 6 бала уақытша тұруда;

– соңғы 2 жылда бала асырап алу – 0;

– қамқоршылық құрылғысының формасына 3 бала:

патронатта 1 бала;

биологиялық отбасына 5 бала;

– “Жанұя” балалар үйіне 2 бала.

2023 жылы қамқоршылық құрылғысының формасына 5 бала;

– патронатта 7 бала;

– биологиялық отбасына 64 бала;

– бейімделу орталығы, “Жанұя” балалар үйіне 7 бала.

 

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77