Антитеррористік қауіпсіздік — қоғамдағы террористік әрекеттердің алдын алу мақсатында қабылданған шаралар мен жүйелердің жиынтығы болып табылады. Қазіргі таңда терроризмнің түрлері мен таралу әдістері кеңінен дамып келеді.
Сол себепті әр мемлекет пен мекеме қауіпсіздік шараларын күшейтіп, алдын алу бойынша нақты жоспарларын жасап, оны іске асыруы қажет. Біздің мемлекет үшін де антитеррористік қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі — аса маңызды мәселелердің бірі. Себебі бұл саладағы дұрыс шешімдердің қабылдануы бүкіл халық пен әрбір адамның өмірін сақтап қалуға тікелей байланысты. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін құқық қорғау органдары, мемлекеттік және жеке мекемелер, сондай-ақ қоғам бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Антитеррористік жұмысқа бейнебақылау жүйесі, қауіпсіздік қызметтері, түрлі дайындық жаттығулар және алдын алу шаралары кіреді. Бұл кез келген ықтимал қауіпке дер кезінде жауап беруге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Антитеррористік оқу-жаттығулар жылына бірнеше рет өткізу міндеттелген. Биыл қала бойынша белгіленген нысандарда оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Светофор», «Март», «Апельсин» сауда үйі, «Қостанай Су» МКК өтті. Олардың барлығы белгіленген талаптарға сай жүргізілген.
Мәселен, жақында «Қостанай Су»МКК-де барлық арнайы қызметкерлердің қатысуымен ауқымды оқу-жаттығу өткізілді. Негізгі міндет бойынша ғимаратқа қаруланған радикалдар басып кіріп, жұмысшыларды кепілдікке алады. Терроризмге қарсы күрес басқармасына хабар түскеннен кейін, дереу оқиға орнына жетіп, адам шығыны болмас үшін арнайы құрылымдардың іс-қимылдарын үйлестіру арқылы, операция жоспарын дайындайды.
Сала мамандарының шеберлігі мен кәсібилігінің арқасында тұтқындағы қызметкерлерді уақытында босатып алып, террористтерді залалсыздандырады.
– Жаттығу барысында қызметкерлердің жоғары дайындығы, шұғыл әрі дәл шешім қабылдау қасиеті және өзара тиімді әрекеттесуі байқалды. Осындай оқу-жаттығулар қауіпсіздігімізді одан әрі арттырып, түрлі мекеме арасында сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шынайы қауіп-қатер туындап қалса, біздің сала қызметкерлерінің сақадай сай тұратынының көрінісі. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да өңірдегі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оқу-жаттығулардың тұрақты түрде өткізілуін қолға алмақ, – дейді «Қостанай Су» МКК өкілдері.
Ал жалпы қаламызда адам көп шоғырланатын жерлерде терроризмнің алдын алу шаралары қаншалықты дамыған? Қандай жүйелер қабылданған? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында мектептерге, теміржол вокзалына және әуежайға рейд жүргіздік. Барлық нысандарда белгіленген талаптарға сәйкес қауіпсіздік ережелері сақталған.
Біздің байқағанымыз, мектепке жайдан-жай бөгде адам кіре алмайды. Білім ордасына келген бейтаныс адам алдымен күзетшіге не үшін келгенін хабарлайды. Одан кейін күзетші мектеп басшылығына ақпарат беріп, келген адам туралы деректерді арнайы журналға тіркейді. Ол жерде бейтаныс жанның қай күні келгені, кім екені, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі туралы ақпарат жазылып, қолы қойылады. Осындай бірнеше тексерістен өткеннен кейін ғана мектеп ішіне кіруге рұқсат беріледі. Университеттер мен колледждерде де осыған ұқсас жүйе енгізілген. Барлық студенттер тек арнайы кіру құжаттарымен кіріп-шыға алады. Бұл арқылы олардың оқу орнына қашан келіп кеткені туралы ақпарат тіркеліп отырады. Ал сізде мұндай құжат болмаса, ЖОО-ға мүлде кіре алмайсыз.
– Бүгінгі күні білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары қатаңдатылған. Мектептерде, жоғарғы оқу орындарында турникеттер орнатылған. Оқушылар мен студеттер арнайы электронды карталар арқылы ғана кіріп-шыға алады. Мұндай жүйе тек қауіпсіздік үшін ғана емес, мектепке қашан келгені мен қай уақытта шыққанын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, барлық білім мекемелерінде бейнебақылау камералары орнатылып, күнделікті бақылау жүргізіледі, — деді қалалық білім бөлімінің маманы.
Сонымен қатар, Алматы әуежайында болған келеңсіз оқиға да біздің қаламыздағы әуежайдың қауіпсіздік жұмыстарының күшейтілуіне себеп бола білді. Әуежайдағы қауіпсіздікті алдын алу маманы аталмыш оқиғадан кейін, қызметкерлерді кепілдікке алу әрекеттерін болдырмау мақсатында күшейту жұмыстарын жүзеге асырылып жатқандығын айтады. Сондай-ақ, жолаушылар мен олардың жүктері қатаң түрде тексерілетінін тілге тиек етті.
– Бейнебақылаудың көмегімен адамардың бет-әлпеттеріне баса назар аударамыз. Себебі, күдікті адамдарды олардың эмоциясы мен жасап жатқан іс-әрекеттері арқылы ажыратуға болады. Бекітілген ережеге сай антитеррористік қауіпсіздікті жүргізу үшін әуежаймызда полиция қызметкерлері мен арнайы жылдам әрекет ету жасағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда Ресей бағытында ұшу қайта жанданып отыр. Ол жақтағы жағдай бәрімізге аян. Сол себептен бізде шекара және кеден басқару қызметкерлерімен бірлесе әрекет ету алгоритмі пысықталған. Егер әуежай ішінде бір адамды кепілдікке алу жағдай немесе қауіпті зат анықталса, оны алдын алудың арнайы нұсқаулықтары бар. Сонымен қатар, анонимді қоңыраудан ұшақта немесе мекеме ішінде қауіпті зат бар екенін ескертсе, мекеме қызметкерлері белгіленген нұсқаулық бойынша заладын алдын алуы керек. Арнайы жасақталған құрам қабылданған техникалармен таныстырылды. Сондай-ақ, бұл бойынша сынақтардан өтті, – дейді Әуежай қауіпсіздік алдын алу инспекторы.
Біз келесі кезекте теміржол вокзалына бардық. Әйтсе де ол жерден сұрағымызға тұшымды жауап ала алмадық. Қызметкерлердің сөзінше бұл ақпараттар құпия болып қалуы керек екен. Дегенмен де, бұл жерде полиция қызметкерлері жұмыс істейтінің байқадық. Жалпы вокзалдағы тексеріс қалай өтетінін бәріміз білеміз. Есіктен кіре берген кезде қолымыздағы жүгімізді арнайы апаратқа қоямыз. Ол апараттың көмегімен сөмкенің ішінде қандай заттар бар екенін анықтай алады. Адам өміріне қауіпті деген заттардың бар болса, күзетші алып тастайды. Кейін қызметтік иттердің көмегімен поезды толық тексеріп өтеді. Теміржол вокзалында да әрбір жолаушының қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған екендігіне көзіміз жетті.
Полиция департаментінің мәліметінше, Қазақстанда терроризмге қарсы іс-қимыл-ұлттық қауіпсіздіктің басты бағыттарының бірі. Бұл салада қабылданған заң бойынша терроризмге қарсы жұмысты үйлестіретін орган ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті бекітілген. Олардың негізгі міндеті-террористік тұрғыдан осал деп саналатын объектілердің қорғалуын арттыру.
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек Қостанай облысы бойынша антитеррористік қауіпсіздік жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Облыстық полиция департаменті және оның бөлімшелері мектеп оқушыларынан бастап, барлық деңгейдегі адамдарға дейін түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізеді. Олар терроризм актісі туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін, қандай алдын алу шаралары бар екендігін үйренеді.
Қазіргі таңда қаламыздағы жасөспірім балалар анонимді қоңырау шалып, террористік актіні байқағандары туралы жалған ақпарат таратып жатыр. Жалпы бұл акті бойынша фейк ақпаратты жеткізу ауыр құқықбұзушылық болатынын естен шығармаған жөн. Ақпарат таратқан адамға айыппұл салынуы мүмкін. Тіпті түзету жұмыстары жүргізіліп, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Қауіптің алдын алу әрбір адамның саналы жауапкершілігі. Әрқайсысымыз сақтық шараларын есте ұстап, қырағылық танытсақ қана өзіміз бен қоршаған ортаны қорғай аламыз. «Сақтансаң-сақтайды» деп бекер айтылмасы керек. Сол себептен сақтанып жүріп, қауіпсіз орта қалыптастыру бар тіршілік иесі үшін үлкен жеңіс.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суреттер ПД видеосынан алынған
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77