-дейді, өз ісін сүйетін, еңбекқор жан Дина Ещанова
Әр жұмыстың өзіндік қиыншылығы мен жауапкершілігі болады. Мекемелерге келушілердің сыртқы киімін іліп, гардеробында қызмет ететін кісілердің жұмысы сіз бен біз ойлағандай оңай емес. Жауапкершіліктері де жоғары.
Бүгінгі менің кейіпкерім өнердің қара шаңырағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрының гардеробының қызметкері Дина Ещанова. Аталмыш мекемеде жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдың жүзі болып қалған Дина Баянқызы бірінші кезекте өз жұмысын ұнататынын айтады.
-Мен осындай қарапайым жұмыс атқарып жүрген жанмын. Гардеробта жұмыс істеудің не қиындығы бар деп те көпшілік ойлауы мүмкін. Бұл бірінші кезекте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өзім қызмет ететін театрдың гардеробында 250 орын бар. Кейде қыс уақытында театрды қойылатын спектакльдерге байланысты бір күнде осы 250 орынның толатын кездері болады. Мұнда мен жалғыз өзім жұмыс істеймін. Осындай адам көп келген шақтарда қарбалас басталады. Әрине, бәріне бірдей тез киімдерін әкеліп беру мүмкін емес. Көбінесе, кезек болып қалады. Осындай кездері жастарға, сендер тұра тұрыңдар, бірінші үлкен кісілердің киімін беріп алайын деп өтініш жасаймын. Қазақ балаларының түсінігі, тәрбиесі жақсы ғой, олар маған қарсы емес екендерін айтып, әрине, асықпаңыз біз күте тұрамыз деп жатады.
Сондай-ақ театр мәдениет ордасы. Мұнда көбіне мәдениетті, саналы, тәрбиелі кісілер келеді. Бірақ олардың бәрі бірдей емес. Кейбіреулері асықтырып, тезірек киімімді беріңізші немесе алыңызшы деп тұрып алады. Мен мұндай жағдайда сабырлық танытып, бәріне жылдам қызмет көрсетуге тырысамын,-дейді Дина Баянқызы.
Кез-келген қызыметтің өзіндік қызығы мен шыжығы болады. Бұл ретте де Дина Баянқызының есінен кетпейтін жағдай болыпты.
-Осыдан екі жыл бұрын, маған бір әйел кісі киімін тапсырып, қойылымды тамашалауға кетті. Қойылым бітіп, киімін алуға келді. Нөмірі бойынша киімін әкеліп беріп тұсам, маған енді менің пакетімді неге бермейсіз дейді. Мен түсінбей қалдым. Сіз маған пакет берген жоқсыз, тек сыртқы киіміңізді ғана тапсырдыңыз деймін. Ол, жоқ, мен сізге қолымдағы пакетімді де тапсырып кеттім, оны жоғалтып жібердіңіз бе, оның ішінде бағалы заттарым бар еді деп қоймайды. Сөйтіп менің қасымда жарты сағаттай пакетін іздеп жүрді. Маңайдың бәрін қарап, пакетті іздедік, бірақ таппадық. Сосын мен ол кісіге өзімнің телефон нөмірімді беріп, егер пакетіңізді басқа жерден тапсаңыз маған хабарын беріңіз дедім. Сөйтіп ол кісі кетіп қалды. Арада 5-10 минут уақыт өткенде қайтып келіп, ой кешіріңіз пакетім машинада қалып қойыпды деп жатыр. Шыны керек мен бұл жағдайда қатты уайымдап, немесе ол кісімен ұрсып жат қылық көрсеткен жоқпын. Өзімді бір қалыпты ұстап, істің соңына дейін сабырлық таныттым. Міне, менің жұмысымда осындай жағдайлар жиі болып тұрады. Кейде осындай кездері іштей уайымдап кететінім де бар.
Сондай-ақ менің жұмысым жаңа жыл меркесіне орай тіпті қарбалас болып кетеді. Жылда театрда мектеп оқушылары мен бала бақша тәрбиеленушілеріне мерекелік ертеңгіліктер қойылады. Топ-топ болып балалар келіп жатады. Олар кей кездері бас киімдерін, қолғаптарын лайқтырып, кейін таба алмай қалады. Осындай кездері олардың кейбір лақтырып кеткен киімдерін жинақтап, кейін сұраған кезде беремін. Тіпті олардың кейбіреулері киімдерін ұмытып кетіп жатады. Ондай кездері бұл киімдерді бір жерге жинап қоямын. Алып кетер деп күтемін. Көбінесе бізде қалып қойған киімдерді іздеп келмейді. Мұндай киімдер менде әлі сақтаулы,-дейді Дина Баянқызы.
Гардеробтың жұмысы әрине қыс уақыты мен күз көктем айларында қажет екені белгілі. Күз бен көктемде жұмыс оңайланады. Адамдар жеңіл киім киеді. Оның салмағы да өте ауыр болмайды.
-Менің бір қолым ауырады. Әрине, жұмысым ауыр киімдерді іліп, оны қайтып алып беру болғандықтан, қолымның ауырсынуын байқап жүрмін. Бірақ бұл жұмысты толық меңгеріп алдым. Өзіме қатты ұнайды. Театрда қойылым болатын кезде екі сағат ерте келемін. Сосын қойылым біткеннен соң, гардеробта киім қалмай бәрі киімдерін алып кеткен соң ғана үйіме қайтамын. Сонымен қатар бізде берілген киім нөмірін жоғалтқан жағдайда 500 теңге көлемінде айппұл бар. Қазір көп нөмірлер жоғалып қалған. Көбісі оны қайда қалдырғандарын білмей жатады. Кейбір нәзік жандылар сөмкелеріне салған нөмірде таба алмай көп тұрады. Сөмкелерін біраз уақыт қопарып, нөмірді тауып алып жатады. Театрға келушілердің жоғалтып алған нөмірлерін қайтадан орнына қою үшін тапсырыспен жасатамын,-дейді Дина Ещанова.
Әрине, әр істің өзіндік қиыншылығы бар. Бірақ өз жұмысын сүйетін адам мұны кейде байқамай да қалады. Жасы 50-ге келген Дина Баянқызы өзінің жұмысына кейде отбасының да көмектесіп тұратынын айтады. Оған 15 жасар қызы Шұғыла үнемі көмектеседі екен. Бүгінде үш бала өсіріп, Кәусар және Әсия есімді немерелерінің қызығына тоймай отырған Дина Баянқызы асыл әже. Ұлы Бауыржан мен келіні Арманның қолында жолдасы Жұмакелді екеуі бақытты ғұмыр кешуде. Қыздары Балжан мен Шұғыла анасының қолқанаты.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77