Біздің Қостанай Социум

Ардақты ана Ғайникамал Тәткенова жайлы сыр

Қостанай өңірінде де ғасыр жасап, ұрпақтарына ғибратты өнеге көрсетіп отырған асыл аналар саусақпен санарлықтай. Солардың қатарында бүгінгі кейіпкеріміз Ғайникамал Тәткенова да бар. Ол қазіргі таңда Тобыл қаласында ұлы Әділбектің қолында тұрады

Трактор тізгіндеген қазақ қызы

Осынау жастық шақтағы бейнетінің зейнетін көріп отырған әжейдің де айтары мол. Онымен кездесу барысында әңгімесінен түйгенім, адамның көздеген мақсатына жетуі тек адал еңбекке байланысты. Өзі осы қағиданы берік ұстанып, ғұмыр бойы тек алға қарай ұмтылды. Сол талпыныс айналасындағы кісілермен ізгі қарым-қатынас жасатып, аңсаған арманына қол жеткізді.

Ғайникамал 1926 жылы қаңтарда Меңдіқара ауданының Көктерек елді-мекенінде туылды. Тіршілікте ес білгеннен қиындықты басынан аз кешірген жоқ. Өйткені, бір шаңырақтың тірегі, асқар таудай әкесі Оразалы дүниеден ерте өткенде бұл небәрі үш жаста болатын. Үйдегі барлық ауыртпалық шешесі Биғаншаның иығына түсті. Оған шиеттей үш баланы өз қатарынан қалдырмай өсіру де жеңілге түспеді. Мұны тек өз басынан өткергендер ғана жете ұғынады. Сол ауыр жылдары елді-мекенде жұмыс талғайтын да уақыт емес-ті.

Зейінді жас кішкентайынан білімге құштарлық танытты. Жеті сыныптық мектепті ойдағыдай тәмәмдаған соң өзінің алғырлығының нәтижесінде аудан орталығындағы педагогикалық колледжге түсті. Алайда, оны аяқтай алмады. Себебі, дәл осы шақта кенеттен неміс жендеттері тыныш жатқан Кеңес Одағына шабуыл жасап, соғыс басталып кетті. Сондықтан оқуды уақытша тоқтатып, анасына қолғабыс етті. Жұрт қатарлы жұмыс істеуге тура келді. Боровской селосындағы механизаторлар дайындайтын курста оқыды. Оның айтуына қарағанда, алғаш шыққан доңғалақты техника тілін меңгеріп, «Универсал» атты трактормен жер жыртты. Өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен атқарды. Туып өскен ауылының өміріндегі барлық маңызды істерге белсене қатысты.

Осы мақалаға арқау болған жайлар қазіргі жастарға ертегідей көрінуі де ғажап емес. Бас көтерер еркек кіндіктің бәрі де Отанды қорғау үшін майданға аттанды. Елдегі атқарылар істің бәрі де қыз-келіншектерге жүктелді.

Шаруашылықтағы жыл он екі айда айналып келіп отыратын науқандық жұмыстар жүрегі нәзік жандарға қарап қалды. Әр үйдің тұтқалары сынды азаматтар Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындату үшін от пен оқтың бел ортасында жүрді.

Өздеріңіз білесіздер, солтүстік өңірде көктем келісімен жергілікті халық егістік алқаптарға шығады. Бұл қарбалас кезең қыруар қол күшін қажет етеді. Науқан бітісімен алда өзге де шаруалар күтіп тұратын.

Майданда жан алысып, жан беріскен соғыс жүріп жатса, ауылдық жерлерде тәртіп өте қатаң-ды. Сен әйел екенсің деп ешкім маңдайыңнан сипай қоймайды. Үйден ерте кетіп, түннің бір уағында оралады. Кейбіреулерінің емізулі балалары, қолдарынан күш, бойларынан қуат кеткен қартаң ата-енелері бар дегендей. Оларға да күтім, ас-суын әзірлеп, қамқорлық жасау керек. Сондықтан болар, үй-ішіндегілердің киім-кешегін түнде жуып, тамақтарын дайындап кететін.

Ол аз десеңіз, колхоз малының қысқы азығын дайындау мақсатында жаз келісімен ауа райының жауынды-шашынды болғанына қарамастан шабындықта шөп шабатын. Қора маңындағы маяларға жеткізу үшін тыным таппайтын. Тіпті, адам жетіспегендіктен сиыр сауып, олардың тұратын орындарын тазалауға білек сыбана кірісетін.

Қыз-келіншектер күні бойғы қарбалас жұмыстан шаршап шалдыққандарына қарамастан, кешке кішкене дем алған соң, шамның жарығында отырып, шұлық тоқитын. Сөйтіп, жорықтағы жауынгерлерге жөнелту үшін өз үлестерін қосты. Бұл қазақ әйелдерінің тылда аянбай еңбек етіп, қандай қиындыққа да төзімділік танытатындықтарын жарқын айғағы.

Саналы ұрпақ тәрбиеледі

Соғыстан оралған азаматтар да белдерін бекем буып, бейбіт өмірге тез араласып кетті. Біздің кейіпкеріміз алдымен әскерге алынып, содан кейін кешегі қанды майданға қатысқан Қайдар есімді жігітке 21 жасында тұрмысқа шықты.

Бұл әулет ұзақ жылдар бойы «Теңіз» кеңшарының Талапкер ауылында ғұмыр кешті. Азаматы Қайдар – тарихтан белгілі Қостан батырдың ұрпағы. Жергілікті шаруашылықта бақташы болып жұмыс істеді. Ал, Ғайникамал құрметті демалысқа шыққанға дейін «Хат тасушы апа» атанып, жерлестерінің алғысына бөленді.

-«Атамыз қазақтың «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегені рас екен. Біз отағасымен шаңырақ көтерген соң жарасымды ғұмыр кештік. Бір-біріміздің көңіл-күйімізді қас-қабақтан түсіністік. Әрдайым екі жақтағы туыстарға да көңіл бөліп, өмірдегі қуаныштарына ортақтастық. Сыйластық бар жерде үйге ырыс-береке кіреді. Сол ауызбірліктен шығар, жастар жағы бізді үлгі тұтып, ақыл-кеңес алатын, – дейді аяулы қарт ана.

Сұхбат барысында ардақты әженің он бір құрсақ көтергенін білдік. Содан төртеуі ерте шетінеп кетіпті. Әрине, бұл әке-шешеге оңай соққан жоқ. Қалған перзенттері – Сайран, Ақылбек, Қызжібек, Сәуле, Жаңыл, Әділбек, Гүлбануларды үлкен мен кішінің қадір-қасиетін білуге баулыды. Өсе келе олар өзге құрдастарындай таңдаған мамандықтарын игерді. Ата-ана ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бұлардың атына ешқандай кір келтірмеді.

Алланың берген бақыты болар, жоғарыда аталған ұрпақтарынан он алты немере, жиырма үш шөбере, бес шөпшек сүйді. Осылар қарт ананың ғұмырын ұзартып отыр. Тілдері балдан да тәтті кішкентай балдырғандардың маңдайынан бір иіскеп, әжелеген сөздерін естудің өзі түсінген адамға бір ғанибет емес пе. Оларды көрсе, қарттығын да бір сәтке ұмытып, рухтанып қалады. Ұрпақтарының барына, шын жүректен шыққан лебіздеріне еңсесі көтеріліп, қазіргі тіршілігіне шүкіршілік етеді.

Кім мәңгілік жүреді дейсіз. Ұзақ жылдар бойы бір шаңырақтың астында артық сөзге келмей, қол ұстаса тіршілік кешкен отағасының кенеттен қайтыс болуы бұған үлкен соққы болды.

Шешелерінің сол кездегі хал-жағдайын түсінген ұл-қыздары саналылық танытты. Ананың бала өмірінде қандай орын алатындығын ес білгелі сезінгендіктен, ержеткен кезде ұлы ұзақ ойланып жатпады. Әділбек қолына алып, оған барлық жағдайды жасады. Келін Сәния да тәрбие көрген жердің қызы екен. Енесінің бір сөзін екі етпейді. Қазір олар екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған бақытты жандар.

Өмірдің мәні – сыйластықта

Кез-келген ақ жаулықты ана үйдің берекесі, бағы, бағыт-бағдар беріп отыратын тірі шежіре, көкірегі тұнған алтын сандық қой. Кезінде ұлы мен келіні өзге ерлі-зайыптылардай қалаған кәсіптері бойынша адал әрі алаңсыз қызмет істеді. Ғайникамал апа да қол қусырып отырмады. Олар жоқта шаңырақты тап-тұйнақтап ұстап, балаларының кешкі тамағына дейін әзірлеп отыратын.

-«Мен мына жайды ұқпай-ақ қойдым. Ене мен келіннің өзара келіспеушілігінен қаншама жанұялар ажырасып, шаңырақтары шайқалады. Бұл дұрыс емес.
Өзімнің пайымдауымша, үлкен кісі үйдің ұйытқысы, түсінгенге келін де босағасын аттаған әулеттің ырыс-ынтымағын арттыратын парасатты жан болуға тиіс. Өз басым келіндерімді туған қызымдай көрдім. Олар да бір ата-ананың алақанына салып, аялап жеткізген перзенті. Сондықтан алғашқы күннен бастап, құшақ жая қарсы алдым. Білмегенін үйреттім. Жақсылықтарын асырып, кемшіліктері болса кешірдім. Олардың жан-дүниесін терең түсініп, үнемі қолдап отырдым. Келіндерім де мені өз аналарынан кем көрген жоқ. Қазір қазақтың жалпақ сөзімен айтар болсам, қолымды ыстық суға малып отырмын», – дейді ол толғаныс үстінде.

Кейуана барлық ұл-қыздарын бөліп жармайды. Олар да хабарласып, қамқорлығын аямай үнемі бәйек болып жатады. Оның ісмерлігі де бар. Әсіресе, жас кезінде қазақтың шаңырағына сән келтірер ұлттық көрпе-көрпешені және басқа да керек заттарды өзі тігіп алатын. Кілем де тоқыды. Соңғы екі жылға дейін ою-өрнекті құрақ құрап, инесі қолынан түскен жоқ. Мұндай өнерін қыздары мен келіндері көздерімен көріп, жадыларына тоқыды. Әйел адам босағаның көркі, ажары, ер азаматының сенімді серігі, әрбір шаңырақтың бақытын шалқытатын шамшырағы деседі.

Жүзінен мейірім шуағы төгіліп, аузынан «Айналайын» деген асыл сөзі кетпейтін кейуананың қазіргі жағдайы өте жақсы. Көзі көреді, туған-туыстарын таниды. Үй ішінде өзі таяғына сүйеніп жүреді. Өзіндік ой-пікірі де жетерлік.

Әжеміз әлі сергек те ширақ. Жуырда ғана ұлы Әділбекпен бірге Астанада тұратын жиені әрі кіндік баласы Серіктің үйіне қонаққа барып, қуанышына ортақтасып келді. Жолдың шалғайлығына қарамастан жүзден асқан қарт ана жеңіл көлікте өзін тың сезініп, сыр берген жоқ.

Оған «Әже ұзақ жасауыңыздың сыры неде? деп қойған сауалыма ол тіпті ойланып жатпастан: «Қарағым, біздің жастық шағымыз қиындықпен өтті. Аштық пен жоқшылықтың не екенін шын мәнінде бастан кештік. Бір үзім нанның қадірін жақсы білдік. Мұны балаларым, немере – шөберелерімнің санасына әбден құйып отырамын. Байқағаным, әлгі айтқанымдай, ауыртпалық пен тұрмыстың тауқыметі адамды әбден шыңдап, төзімділікке, табандылыққа тәрбиелейді екен. Егер жасым ғасырдан асқан болса, бәрі де қайсар мінез, айналаңдағы адамадарға деген ізгі қарым-қатынастың, өзгелерге жақсылық жасауға деген құлшыныстың, ең бастысы, Отан, елге, туған жерге деген шынайы адалдықтың арқасы» деп сөзін аяқтады батыр ана.

Ғайникамал Тәткенова өткен жылдардағы елі мен халқына сіңірген қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Көп балалы аналарға берілетін Күміс алқа, «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері» және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталды.

-Жастық шақтың ізі қалған Талапкер ауылынан қазіргі Тобыл қаласына қоныс аударғанымызға біраз жылдың жүзі болды. Әулеттің бәйтерегі анамыздың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін бау-бақшасы бар жеке үйге көштік. Өзіңіз көргендей, ол ұрпағына дән риза. Әке-шешеміз балаларының болашағы үшін барын салды, – деді ұлы Әділбек.

Сөз соңында ұрпағының бақытына бөленіп отырған асыл әже күллі халқымыз амандықта болып, тәуелсіз еліміз бұдан да өркендеп, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің қатарында болса деген ең ізгі тілегін білдірді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77