Социум

Ардагерлердің үйлеріне барып арнайы концерт қойды

Қостанай қаласында Ұлы Отан соғысының 33 қатысушысы тұрады

Карантин режимі Жеңіс күнінің дәстүрін де өзгертіп жіберді. Індетке байланысты «Мәңгілік полк» шеруі онлайн форматта болады. Яғни, жергілікті теледидар арқылы жақындары суретін ұсынған ардагердердің фотосуреті көрсетіледі. Оның сыртында түрлі іс-шаралар өтеді.

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Саят Шаймұрыновтың айтуынша, соғыс ардагерлері мен еңбек майданының қатысушыларына арналған онлайн және офлайн форматта іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Соғыс ардагерлеріне жеңілдетілген жәрдемақы төленеді, одан бөлек басқа да жеңілдіктер беріледі. 9 – мамыр сағат 10:00-ден бастап «9 – мамыр – мереке, естелік – әрқашан» көрмесі жұмыс істейтін болады. Дәл сол күні Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнайы көлік бөлініп, олар облыс әкімдігінің алаңынан Жеңіс саябағына дейін жүріп өтуге және ҰОС мемориалына гүл шоғын қоюға мүмкіндік беріледі, – деп атап өтті әкімнің орынбасары.

Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында, «Майдан бригадалары» акциясы аясында «Мирас» қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары ардагерлердің үйіне барып мерекелік концерт ұйымдастырды.

Денсаулығы жараған кей ардагерлер концерттік бағдарламаны көру үшін есік алдына орындық қойып жайғасса, ал жоғарғы қабатта тұратындары балконнан тамашалады.

Николай Разумовский 1923 жылы туған. 1942-1945 жылдары 3-ші Беларусь майданына қатысқан. Соғыстан кейін, агроном болып қызмет істеді. «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Концертті тамашалауға көршілері де жиналды. Кей үлкен кісілер «Жеңіс күні» әуені шырқалғанда көздеріне жас алды.

Ал, Василий Пикуль 4 сәуірде 99 жасқа толды. Ол отты жылдарды күйзеліспен еске алады. 1941 жылы әскерге аттанып, 1946 жылы оралған. Қиыр Шығыста 37-ші жасақтың байланыс ротасы құрамында болған. Әскери атағы сержант, радио маманы. 2-ші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз», Даңқ, Еңбек Қызыл Ту ордандерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Айта кету керек, Қостанай қаласында Ұлы Отан соғысының 33 қатысушысы тұрады.

Ұйымдастырушылар облыс «жасыл аймақта» орналасқанына қарамастан, қала тұрғындарына санитарлық-эпидемологиялық шаралары сақтауға шақырады.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77