Біздің Қостанай

Қаламызға Оңтүстік өңірлерден 41 отбасы қоныс аударған

Елімізде «Көші-қон» мемлекеттік бағдарламасының аясында Оңтүстіктен Солтүстікке бірнеше отбасылар көшіп келіп, жаңа ортада орнығып жатқаны белгілі. Осы орайда үстіміздегі жылы Қостанай қаласына 41 отбасы қоныс аударған.

Олар Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласынан көшіп келген. Осы отбасыларда 112 адам бар. Оның 47-сі еңбекке жарамды. Бүгінде осы отбасылардың барлығы да көмек ретінде берілетін бірінші төлемді толық алған. Сонымен қатар мемекет тарапынан 12 ай бойы көрсетілетін адам басына төленетін жәрдемді де алып отыр.

Осы ретте біз «Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту жәнеәлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің еңбек нарығын талдау секторының меңгерушісі Адима Доспуловамен жолығып, Оңтүстік өңірден көшіп келген отбасылар жайында толық мәлімет алған болатынбыз.

– Қазіргі таңда қаламызға «Көші-қон» бағдарламасымен Оңтүстіктен қоныс аударған отбасыларға барлық жағдай жасалып отыр. Оларға берілетін жәрдемақылар да толық төленді. Сонымен қатар біздің мекемеміз арқылы осы отбасылардың ішінде еңбекке жарамды 47 адамның барлығы да жұмыспен қамтамасыз етілді.

Олардың ішінде жеке кәсіпкер, мұғалім, дәмхана әкімшісі, биотехнолог сынды жұмыстарға орналасқандар бар. Өздерінің қалаулары бойынша жұмысқа орналасқан жандар бүгінде өңірімізге сіңісіп, еңбек етіп жатыр. Бір байқағанымыз Оңтүстіктен келген жандардың барлығы дерлік еңбекқор жандар. Қандай жұмысты болмасын шыр айналдырып алып кетеді. Әсіресе, Қостанай қаласына Алматы облысынан көшіп келген Айткүл Байсейітова сүт тағамдарын дайындап, оны сатып өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Көшіп келгеніне көп болмаса да, өңірімізге танымал кәсіпкерге айналды, – дейді.

Еңбек етемін деген адам еліміздің Оңтүстігінде болса да, Солтүстігінде болса да ыңғайын табары анық. Осы ретте біз сүт тағамдарын дайындап, оны сатумен айналысып жүрген Айткүл Кеңшілікбайқызымен де жолығып, көп жайды көкейімізге түйген едік.

– Мен бұрынғы Торғай облысы Шиліге қарасты Қызылкемер ауылында туып өстім. Мектеп бітірісімен Арқалық қаласындағы пединститутқа физика математика мамандығына оқуға түстім. Жоғары оқуды бітіргеннен кейін екі жылдай Арқалық педагогикалық училищесінде 2
жыл оқытушы болып жұмыс істедім. Кейін сол оқу орнына Алматы қаласынан келген қыздарға қызығып, үлкен шаһарға барғым келді. Ерекше қызығушылық болды. Сөйтіп, сол кездегі өзім танитын Алматыдан келген қыздармен ілесіп үлкен шаһарға аттандым. Сол жерде болашақ жарымды кездестіріп, тұрмыс құрып, үш баламды дүниеге әкелдім. Бірақ Алланың жазуымен жолдасым өмірден ерте өтті. Аяқтанбаған үш баламмен қалдым. Өміріміз күннен-күнге қиындай берді. Алматыда сатушы да, бала күтуші де, дәмханада әкімші де, күзетші де болып жұмыс істеп, балаларым үшін еңбек еттім. Осылай уақыт өте берді, балаларым өсіп, жоғары оқу орнына түсетін кездері де келді. Бұл шақтарда да жұмыс таңдамай еңбек етіп, үлкен ұлым мен қызымды жоғары оқу орындарында ақылы түрде оқыттым. Олар қазір білікті маман атанып, Алматы қаласында еңбек етіп жатыр. Балаларымның мен Қостанайға көшкен кезде үлкен шаһарда тұрақты
жұмыстары болды. Сондықтан олар біз Қостанайға бармаймыз осында қаламыз деді. Мен кіші ұлыммен осында қоныс аудардым.

Қазір мұнда жалдамалы пәтерде тұрып жатырмын. Пәтер тізіміне тіркелдім. Біз көшіп келгенде қалалық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 1 жыл бойы жалдамалы пәтеріміздің ақысын төлейтіндерін айтып, бізге бір рет 408 000 теңге берді.
Одан кейін біз 2021 жылдың мамыр айынан бастап, 2022 жылдың мамыр айына дейін 72 000 теңге жәрдемақы алып отырдық. Тек осы жылдың жаңа жылынан бастап кіші ұлым екеумізге 77 000 теңге жәрдемақы төледі.

Сөйтіп, Қостанайға келіп, қол қусырып отырмай, мұнда да еңбек етуді ұйғарып, жұмыспен қамту мекемесінен жұмыс сұрадым. Олар маған «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында бизнес жоспар құрып, оны қорғап, қысқа мерзімді курстан өтіп, сертификат алып, сондай-ақ грант ұтып алуға болатынын түсіндірді. Неде болса көрейін деп, қысқа мерзімдік курстарға бардым. Бұл оқу маған ұнады. Бизнесті қалай жүргізу
керектігін үйретті. Сөйтіп, үйренгенімді қолданып, бизнес жоспар жасадым. Бірақ бірінші бизнес жоспарым ойдағыдай болмады. Оны
қабылдамай қойды. Сөйтіп келесі жылытағы көрермін деп, бір жыл бойы кәсібімді қалай бастасам деп ізденіп жүрдім. Биыл көктемде сүт
тағамдарын дайындап, сататын кәсіп жайында бизнес жоспарды толық пысықтап, комиссияның назарына ұсындым. Комиссияда барлығы 12 адам болды. Олардың алдында қандай сүт тағамдарды, қалай жасайтынымды көрсетіп қорғап шықтым. Сөйтіп маған «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 1 млн 225  мың теңге грант ұсынылды. Оның жартысын, сүт тағамдарын жасауда қолданылатын құрал-жабдықтарға жұмсап, қалғанын сүрт сатып алуға алып қалдым.

Кәсібімнің басында өңіріміздегі белгілі бір ауылшаруашылық фермасымен келісім шартқа отырып, ақысын төлеп сүт алып отырдым. Аталмыш фирманың қызметкерлері маған шикі сүтті тұрып жатқан үйіме жеткізіп отырды. Сөйтіп, сапалы қаймақ, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе жасауға кірісіп кеттім. Менің жасаған сүт тағамдарым Қосанайда барынша танылып сұранысқа ие бола бастаған еді, соңғы айлары бизнесім ойлағанымдай толық жүрмей, алдында келісімге отырған ферманың басшылығымен бір жайларға келісе алмай қалып отырмын.

Маған бұл ферма алдындағы келісім бойынша таңертеңгі сүтті жеткізіп отыратын еді. Кейін уақыт өте олар маған, таңертеңгі сауылған
сүтті өздері алып, маған түсте сауылатын сүтті беретіндерін жеткізді. Мен жақсы деп келістім. Бірақ, кейін маған жеткізілетін сүттің мөлшері
тым азайып кетті. Менің бұл сүттен алатын қаймағым мен майым күнделікті жұмысымның шығынын жаппайтын болды. Сондықтан мен оларға бұрынғыша таңертең сауылға сүтті беріп отыруларын сұрадым. Ал ферманың басшысы, тек түскі сауылған сүтті ғана береміз деп жауап қайтарды.

Міне, бүгінде осы жағдайларға байланысты қаймақ, майдың саудасы тоқтап қалды. Тек қолымда қалған құрт, ірімшіктерді ғана сатып отырған жайым бар. Енді бұл кәсібімді тоқтатпау мақсатында жайылым сатып алып, мал өсіріп, таза сүттен қайтадан сапалы сүт тағамдарын жасасам деген ойда жүрмін. Осы мақсатта жан-жақты ізденіп жүрген жайым бар. Қандай жағдай болмасын Қостанай жерінде сапалы сүт тағамдарын сатуды алдыма мақсат етіп қойып отырмын, – дейді кәсіпкер Айткүл Байсейітова.

35 жыл Алматы қаласында ғұмыр кешіп, туған жеріне оралған Айткүл Кеңшілікбайқызының алдына қойған мақсат-арманы биік. Ол жеке
кәсіптің өзінің сүйікті ісі екенін айтады.

– Өзім осыған дейін ғұмыр кешкен Алматы үлкен қала. Онда көпшілік саудамен айналысады. Менің ол жақта газет-журнал, кітап сататын
дүңгіршегім болған. Саудамен көп жыл бойы айналыстым. Сондықтан мен үшін Қостанайға келіп кәсіп ашу қиын болмадым. Сауданың
да сырын өте жақсы меңгерген жанмын. Алдағы уақытта бұл кәсібімді де өзім қалаған деңгейге көретініме сенімдімін.

Туған елге оралып бақытты ғұмыр кешіп жатырмын. Қостанай өте таза да әсем қала. Ауасы керемет. Құштарлана жұтқан ауа барлық дертіңе ем. Сондықтан «Көші-қон» бағдарламасының аясында туған мекеніме оралғаныма қуаныштымын, – дейді.

Міне, елімізде жүріп жатқан «Көші-қон» бағдарламасы өзге өңірлерден келген жандармен қоса, кезінде өзімізден көшіп кеткен
жерлестерімізбен де табыстырып жатыр. «Ат айналып қазыңғын табар» демекші, араға 35 жыл салып туған жеріне оралған Айткүл
Кеңшілікбайқызына алдағы уақытта армандары аласармай, мақсаттары орындала берсін деген тілегімізді білдіреміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77