Өмір қамшының сабындай қысқа екен. Мұны биыл тіршілікте сыйласқан, туған әпкемдей болып кеткен аяулы қазақ қызынан айырылғанда қатты сезіндім. Ол кезде мен маңызды шаруалармен еліміздің оңтүстік өңірінде жүр едім. Сондықтан суық хабарды Қостанайға келгенде естідім.
Биға Бірәліқызы мағыналы ғұмыр кешті. Алдына көмек сұрап келген кісінің ешқашан да меселін қайтарған емес. Талай талантты өнерпаздардың жолын ашып, көмек қолын созды. Солардың кейбірі қазір ел таныған азаматтар.
Шапағат нұрын сепкен
Өзім оны алғаш рет облыстық «Қостанай таңы» газетінде қызмет атқарып жүргенде көрдім. Сол кезден бастап арамызда апалы-інілідей ізгі қарым-қатынас орнады. «Түсі жақсыдан түңілме» демекші, ол кімді болсын туған бауырындай жылы жүзбен қарсы алып, жастар жағына өзінің ақыл-кеңесін аямайтын.
Сол жылдары ол Сұлтан Баймағамбетов көшесінің бойында орналасқан «Дидар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы еді. Осы жерде ұзақ уақыт бойы қызмет атқарды. Қазір сол көшенің бойымен өткен кезімде еріксіз дидарынан мейірімділік нышаны төгіліп тұратын кісімен кездескен, ана тіліміз және әдет-ғұрпымыз жайлы сырласқан шақтарымыз еске түседі.
Аталмыш «Дидар» кафесі кезінде руханият пен парасаттың нағыз ордасы болды десем қателеспеспін. Мұнда ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміз, тарихымыз бен мәдениетіміз, өнеріміз жайлы қаншама ұмытылмас рухани кештер ұйымдастырылды.
Міне, өскелең ұрпақтың жадында мәңгілік сақталып қалған басқосулардың басы-қасында Биға апамыз жүрді. Өйткені, ол өз ұлтын шексіз сүйетін, діні мен діліне ерекше құрметпен қарайтын. Жүздескен сайын: «Інім көресің, әлі Қостанайда да талай игілікті нәрсе қолға алынып, қазақ мектептері де көбейеді, дарынды жігіттер мен қыздар еліміздің мақтанышына айналады. Аман болсақ, соларды әлі талай газеттеріңе жазарсыңдар» дейтін.
Аяулы әпкеміздің айтқандары уақыт өте айна қатесіз келді. Мемлекетіміздің ұстанған берік саясаты, көрнекті қайраткерлер мен басшылардың арқасында шаһарымыз адам танымастай өзгерді.
Облыс орталығында бір емес, үш мешіт бой көтерді. Абыз ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналарымыз оның көркіне айналды. Кезінде Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған жалғыз ғана мектеп-интернат болса, бертін қаншама қазақ мектептері ашылып, онда қара домалақ балаларымыз білім алып жатыр. Сондай-ақ мәдениет ошақтары да есіктерін айқара ашып, Қостанайдың қабілетті жастарының өркениетке ұмтылыс жасап жатқандығына куә болып келеміз.
Шеше көрген тон пішер
Әңгіме арқауына айналып отырған ардақты жан өзінің іскерлігінің арқасында ел арасында үлкен құрметке бөленді. Қостанайдағы іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің бірі ретінде көпке танылды.
Оның есімі «Мархабат» қоғамдық қорының жетекшісі ретінде де халыққа жақсы таныс. Сол қиын кездің өзінде ол өзінің жеке басынан гөрі өзгенің қамын бірінші кезекке қойды. Ол диабет ауруына шалдыққан балаларға қамқорлық жасады.
Дәл осы жылдары мен Биға Бірәліқызымен сұхбат алған едім. Қашан да ішкі жан дүниесінің кемелдігімен, дархан мінезімен дараланған тұлғаның: «Адам баласы өмірге келген соң, айналамыздағы адамдарға жақсылық жасау керек деп ойлаймын. Мына тіршілікте мәңгілік ештеңе жоқ. Байлық та, қызмет те қолдың кірі. Тек қана халқың мен еліңе жасаған адал еңбегің, жарқын істерің ғана қалады. Сондықтан өзімнің зейнеткерлікке шыққаныма қарамай осы қорды құрдым. Облыста аталған дерттің құрығына ілінген адамдар да баршылық. Соның ішінде балдырғандар да кездеседі. Соларға шапағатым тисе екен деген ойға келдім» деген сөзі әлі есімде.
Сөйтіп, қор аймақтағы қант диабетіне ұшыраған балаларға моральдық және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетті. Бастапқыда олардың бірқатары қалың қарағайдың ішінде орналасқан «Сосновый бор» шипалы емдеу орнында емделді.
Әрине, бір бойынан көптеген асыл қасиеттер табылатын тұлғамен дидарласып жүрген кезде оның өскен ортасы, отбасы және ұрпақтары жөнінде де сөйлесіп, ой-толғаныстарын қойын дәптеріме жазып алдым.
Ол өңірімізбен іргелес жатқан Ресейдің Қорған облысына қарасты Макошин қаласындағы оқығаны мен тоқығаны мол киелі шаңырақта дүниеге келді. Әркімге өзінің туған жері ыстық емес пе? Кіндік қаны тамған шаһар жөнінде әңгіме бола қалса, еріксіз сол өткен кезеңдерге саяхат жасайтын.
Өзіне жастайынан тағылымды тәрбие берген ата-анасы жөнінде тебірене толғанатын. Өйткені, бұл ынтымағы жарасқан шаңырақты білмейтіндер жоқтың қасы-тын. Әкесі Бірәлі дін жолын ұстанды. Өзі арабша сауатты, көкірек көзі ояу жан кімді болсын туған бауырындай ерекше құрмет тұтатын. Оның балажандығы өз алдына бөлек әңгіме. Ағайын-туыстарының жетім балаларына да шарапатын тигізіп, олардың қатарға қосылуларына тікелей ықпал етіпті. Шаңырақ иесінің бойында емшілік қасиеті де бар еді. Өзіне келген кісілердің науқасының белгілерін тамыршыдай тап басып, бірден айтатын. Сол кемеңгер кісі де жетпістен асқанда қайтыс болды.
Әпкеміздің анасы Күлән әкесінен едәуір кіші болғанына қарамастан екеуі өте сыйласты. Оның ісмерлігі он саусағынан өнері тамған шебер ретінде баршаға кеңінен танылды. Қыстың ұзақ күндері текемет, кілем, алаша тоқитын. Тіпті, мал терілерін босқа рәсуа етпей, оны да орнымен пайдаланатын. Сол өңделген терілерден ағалары қайыс және ат әбзелдерін жасайтын.
Оның күнделікті тіршіліктегі еңбекқорлығын, қиындықтан қаймықпайтын қайсарлығын айтпағанда, өте қонақжай болатын.
Осындай көпшілдігі мен инабатты да ибалығынан шығар, үйінен кісі арылмайтын. Олар кетерінде дән ризашылықтарын білдіріп:
«Өркенің өссін қарағым, қосағыңмен қоса ағар. Мына өмірде ешқашан да жамандық көрме» деп аттанады екен.
Міне, Биға әпкеміз кішкентайынан осының бәрін де көзімен көріп, көңіліне тоқып өсті. Сол жайлар бұған ерекше ықпал етті.
Дүниеден өткенше Бисетаевтар әулетінің абыройын асқақтатып, мәртебесін көтерді. Бұл біздің қазақтың «Шеше көрген тон пішер» дегенінің нақты дәлелі емес пе?
Жастайынан көзге түсті
Бірәлі аға мен Күлән апамыздың шаңырағында бес ұл және бір қыз тәрбиеленді. Кейіпкеріміздің есімін әкесі Құран сөздерінен алып, ізгі ниетпен Биға деп қойыпты. Соны ес білгеннен көкейіне тоқыған бұл әкесінің өзіне жүктеген сенімін ақтауға барын салды.
Аталған шаңырақ иелерінің тағы бір ерекшелігі, өздері Ресейде тұрса да ежелден ата-бабамыздан мирас болып қалған салт-дәстүрлері мен ана тілін бәрінен жоғары қойды. Биға орыс мектебінде оқыса да өзге ұлттың ұл мен қыздарынан қай жағынан болса да кем болмауға талпынды. Сабақты да жақсы оқыды.
Өзі қазақ және орыс тілдерін білумен қатар, шет тіліне де зерек болыпты. Мектептен кейін Қорған қаласындағы ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне түскен кезде емтихан алған ұстаздары: «Мынау қазақтың қызы шет тілін қалай жетік біледі» деп таң қалыпты.
Жалпы, білім ордаларында алғы шепте болумен қатар көркем өнерпаздар үйірмесіне де белсене қатысыпты. Көркем бойжеткен әуелете ән шырқап, мың бұрала билеп, сахнаның сәніне айналды.
Студенттік жылдары уақытты босқа өткізбей, таңдаған агрономдық мамандығының қыр-сырын меңгеруге барын салды. Жан-жақтылығымен өзгелерге үлгі болды.
Бұл әулетті ел біледі
Биға Бірәліқызы өзін отбасында сүйікті жар, бақытты ана, ардақты әже ретінде мақтанышпен ауызға алатын. Өйткені, ғұмырлық серігі Серікбай Бисетаев та қайраткерлігімен, іскерлігімен, адамгершілік мол қасиетімен жұртқа сыйлы азамат.
Ол кезінде білікті басшы, мықты тәлімгер, бір әулеттің бәйтерегі болумен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде де елге кеңінен танылды. Халық қалаулысы болып жүрген кезінде мемлекетіміздің көрнекті тұлғаларымен араласып, сыйласты. Солардың бірі – қазақтың классик жазушысы Шерхан Мұртаза.
Классик демекші, Секең орыс әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер Сергей Островойдың «Мать» деп аталатын поэмасын жұртшылықтың алдына шығып оқығанда орыстардың өзі тәнті болатын. Мұның өзі отағасының сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігін дәлелдей түспей ме.
Серікбай аға да ұлтымыздың өсіп-өнген отбасында тәрбиеленді. Оның бойындағы көпшілдік, бауырмалдық, дархандық секілді қасиеттер жастайынан тәлімді тәрбие алғандығын көрсетеді. Оның әкесі Жұмабек пен анасы Жұматай да өте қадірлі, кісілігі мол жандар еді.
Секең мен Биға Бисетаевтар жоғары оқу орнын аяқтаған соң, ата-енесінің қолында тұрып, олардың алдындағы перзенттік парыздарын өтеді. Биға әпкеміз құтты келін болды. Ата-енесін өзінің әке-шешесіндей ардақтады. Олардың бір сөзін екі етпеді.
Отағасының төрт қарындасымен тез тіл табысып, ең жақын әрі сырын айтатын адамына айналды.
Серікбай аға мен Биға әпкеміз студент кезінде бір курста оқыды. Көңілдері жарасқан бозбала мен бойжеткен үшінші курста жүргенде жеке отау көтеріп, жоғары оқу орнындағы алғашқы камсомолдық үйлену тойын өткізді. Бір жылдан кейін Қайрат есімді ұлдары дүниеге келді. Жас жұбайлар әлі оқуларын аяқтағамағандықтан кішкентай сәбиге бәрі көмектесіп, яғни, курстастары кезекпен қарайтын.
Жылдар өте ерлі-зайыптылар жастық шақтарын сағынышпен еске алғанда көпке танылған тұңғыш перзенттерін «Бұл Қорғанда туған бала ғой» десетін.
Жалпы, Серікбай ағаның қайраткерлік, ұйымдастырушылық қырлары сол студенттік кезеңдерде ерекше байқалды. Жалынды жастардың көшбасшысы ретінде баршаның назарын өзіне аударды. Әншілік өнерін замандастары жақсы біледі. Құрдастары той-жиындарда қолқа салып, даусына тәнті болып жатады.
Уақыт өте олар Қазақстанға біржола қоныс аударды. Бастапқыда балабақша меңгерушісі, агроном-агрохимик қызметін атқарса, бертін облыстық оқу-ағарту кәсіподағы комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Биско» холдинг компаниясының өкілі, «Білім» қоғамының төрайымы және басқа да бірқатар жауапты қызметтерде үлкен абыройға кенелді.
Қостанай облысының Құрметті азаматы Серікбай Жұмабекұлы екеуі бір шаңырақтың астында алпыс жыл сыйластықпен ғұмыр кешті. Қос перзенті Қайрат пен Махаббаттан тараған немерелерінің қызығына бөленді.
«Жақсының аты өшпейді» демекші, жайсаң мінезді, елі мен халқын шексіз сүйетін ұлтымыздың іскер қызы біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Оның жатқан жері жарық, иманы серік болсын дейміз. Тіршілікте жетпеген ғұмырын ұрпақтарына берсін.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
cурет ғаламтордан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
