Біздің Қостанай

«АРУАНА-2010» ЖШС – ҰН ПАТШАСЫ

2020 жылы Қазақстанда 3 322,6 мың тонна ұн өндірілді. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 1,6%-ға артық. Айта кету керек, бұл өнім Қазақстанның экспорттық тауарларының бірі болып табылады

Ауылшаруашылығы министрлігінің 2020 жылдың қараша айындағы мәліметінше 2020-2021 маркетингтік жылдың 4 айында Қазақстан 2 млн 734 мың тонна астық пен астық эквивалентіндегі ұнды экспорттаған. Астықтың басым бөлігі Орталық Азия елдеріне кетіпті. Бұл еліміздің бидай өндірудегі әлеуеті мен астық сапасын көрсетеді.

«Аруана-2010» ЖШС- Қазақстандағы астық өңдеу саласындағы жетекші компаниялардың бірі. Компьютерлік басқарумен автоматтандырылған диірмен кешені бидайды терең өңдей отырып, тәулігіне 300 тонна ұн алуға мүмкіндік береді.

ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫ

Отандық ұнды халықаралық брендке айналдыруды армандаған Қостанайлық бизнесмен Сайлаубек Алишев 2010 жылы «Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында элеватор-диірмен кешенін салуды қолға алады. 2011 жылдан бастап аталмыш кәсіпорын ұнның сан алуан түрін шығаратын мекемеге айналып, Қазақстан нарығында қарқынды жұмыс істей бастайды. Сол жылы «Аруана-2010» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқау-көрмесіне қатысып, облыс әкімі С.Кулагиннің «Ауылшаруашылық тауарларын сату-көрмесіне белсенді қатысқаны үшін» алғыс хатымен марапатталады. Кейін де компания қоржыны «Қазақстанның үздік туары», «Халық тұтынатын үздік тауар», «Үздік сапа -2017» сынды көптеген марапаттармен толығады.

НАН БАР ЖЕРДЕ ӘН БАР

Бүгінде «Аруана-2010» барлық сұрыптағы бидай ұнын, кебек, астық қалдықтарын өндіреді. Өндіріп ғана қоймай астықты сатып алу, қабылдау, орналастыру, егіннен кейінгі өңдеу, сақтау, кептіру және тиеу сынды жұмыстарды да атқарады. Кәсіпорында көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту үшін элеватордың сыйымдылығы жыл сайын ұлғайтылады, элеватордың аспирациялық желілер жүйесі қайта жаңартылып, жоғары сапалы жабдық орнатылады. Элеватор дегеніміз – астық қоймасының жетілдірілген түрі. Бұл еңбек өнімділігін арттыратын және барлық процестерді басқаруды автоматтандыруға мүмкіндік беретін ішігірім аумақты алып жатқан, бірақ сыйымдылығы үлкен инженерлік құрылым. Бидай элеваторда сақталып ғана қоймай, сапасы да жақсарады. Астық қоймаға келген сәттен оның температурасы мен ылғалдылығы бақылауға алынып, иісі мен түсі де ерекше назарда болады.

«Біздің негізгі жұмысымыз нан өнімдерін дайындайтын бидай ұнын шығару. Басты артықшылығымыз шығарылатын өнімнің жоғары сапалы, тұтынуға қауіпсіз болуы. Жоғары, бірінші және екінші сұрыптағы ұн түрлері нан өнімдерін дайындайтын өндірушілер тарапынан да, тұтынушы тарапынан да жоғары бағаланып келеді. Жыл өткен сайын өндіріс көлемінің ұлғайып отырғандығы мұның айқын дәлелі. Мәселен, өткен жылы 76 251 тонна бидайды өңдеп, 59 289 тонна ұн өндірсек, биыл бұл көрсеткіш, бидай өңдеу бойынша 83 876 тонна, ұн өндіру бойынша 62 907 тоннаға жетті. Жалпы 2023 жылға дейін бидайдың көлемін 100 567 тонна, ұнды 75 425 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді «Аруана-2010» ЖШС директоры Сайлаубек Алишев.

ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚТАР

Кәсіпорынға келіп түсетін барлық шикізат визалау зертханасында кіріс бақылауынан өтеді. Бұл дегеніміз аттестатталған өндірістік-технологиялық зертхана мамандары заманауи құрал-жабдықтармен қайта өңдеуге түсетін астықтың сапасын жоғары дәлдікпен анықтайды, зерттеудің өзекті әдістері мен технологияларын пайдалана отырып ұнның наубайханалық қасиеттерін бақылайды.

Диірмен кешені «Genc degirmen» диірменімен жабдықталған. Ұн тартуға арналған құрылғы арнайы Түркиядан алынған. Апараттың дәнді дақылдарды тазалау, ұнтақтау жүйелері, автоматты қағу жүйелері, дайын өнімді тасымалдау, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу жүйелері бар. Айта кетейік, элеваторда сақталған астықтан алынған ұнның құрамында клейковина көрсеткіші жоғары болады.

«Осының арқасында біз тұрақты сапаға, мемлекеттік стандарт нормаларына және тұтынушылардың талаптарына сай келетін, яғни ірі өндіріс орындарынан бастап үй шаруасындағы әйелдердің қажеттілігіне жауап беретін өнімге қол жеткіздік. Біз ұнды дәрумендер мен микроэлементтерді сақтау үшін арнайы өңдеуден өткен бидайдан жасаймыз. Сондықтан оның қоректік құндылығы жоғары, оңай сіңеді, құрамында ақуыз, В дәрумені, каротин, фосфор және магний көп», – дейді мекеме басшысы.

Айта кетейік, дәл осы сапалы бидайды сатып алу үшін және қорларын толықтырып отыру үшін кәсіпорын айналым қаржысын Сбербанк арқылы алады. «Біздің салада шикізат үлкен рөл атқарады. Егер бидай жақсы болмаса, ұнның да дәмі бұзылады. Сондықтан біз Қазақстанның экологиялық таза алқаптарында өскен, ең жақсы астықты сатып аламыз. 2012 жылдан бері бидай алуға айналым қаржысын Сбербанк береді. Былтыр да «Қарапайым нәрселер экономикасы» бағдарламасы аясында астықты қайта өңдеу үшін Сбербанктен 6% -бен жеңілдетілген несие алдық (12% – банктің ставкасы, 6% – «Даму» қорының субсидиялайды). Ол қаржыға шашамен 17 200 тонна астық алып, ұн ретінде сатылымға кетті», – дейді «Аруана-2010» ЖШС директоры Сайлаубек Алишев.

10 жылға жуық ынтымақтастық пен сенімділікте жұмыс істеп келе жатқан серіктестер әрі қарай да қатынастарын жалғастыруды көздеп отыр. Осы жылы да Сбербанк өзін сенімді әрі тұрақты клиент ретінде көрсете білген кәсіпорынға 520 млн теңгеден аса қаржыны несиеге берген. Жыл соңына дейін бұл сомма әлі де өзгереді, жалпы «Аруана-2010» ЖШС кредиттік линиясы 900 млн теңгені құрайды.

«Сбербанкпен жұмыс істеу барысында банктің тұрақтылығына көз жеткіздік. Бұл тек қаржы мәселесі ғана емес, адами факторларға да қатысты. Мәселен, Қостанай қаласындағы менеджермен жұмыс істеп жүргенімізге бес-алты жылдың көлемі болды. Оның біліктілігі мен кәсібилігі таң қалдырады. Барлық сауалдарымызға жылдам әрі сауатты жауап береді. Жаңа бағдарламалар шықса ескертіп, таныстырып, жалықпай түсіндіреді. Сонымен қатар, банктің несие беру кезіндегі жылдамдығы басқа қаржы ұйымдарымен салыстырғанда әлде қайда тез, қағазбастылықтың өзі жолға қойылған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қызмет көрсету барысы өте тамаша. Сондықтан әлі де бірге көптеген белестерді бағындырамыз деген ойдамын», – деп сөзін қорытындылады «Аруана-2010» ЖШС директоры Сайлаубек Алишев.

ӘЛЕМГЕ АШЫЛҒАН ТЕРЕЗЕ

Қазіргі уақытта мекеме шығаратын ұнның 53 пайызы экспортқа кетеді екен. «Ұн Патша» және «Тұмар» сауда маркалары Қазақстан Республикасының көптеген қалалары мен өңірлерінде, сондай – ақ Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркмения елдерінде танымал, сондай-ақ бұл тізімге Ауғанстан да қосылған. Былтырдың өзінде соңғы мемлекетке 3,5 млрд теңгеге ұн жөнелтілген. Ендігі мақсат Қытай дейді мекеме басшылығы.

Бұл жоспарлар орындалады деуге толық негіз бар.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77