Уақыт бір орында тұрмайды. Қостанайлық ұлтымыздың қайсар қызы Аруна Жақсығұловамен таныс-біліс болғаныма да қырық жылға жақындап қалыпты. Оны көрмес бұрын алғашқы жүрек тебірентерлік тағдыр жайлы жазған мақалаларын орыс тілді облыстық газеттен оқып жүретінмін.
Тімтуір ауылындағы кездесу
Сол кезде оның кімді болсын тереңге жетелейтін жазбалары маған да үлкен ой салды. Бұл шақта мен де жас журналист едім. Дарынды қарындасыммен бетпе-бет жүздесу үшін бірде кіндік қаны тамған елді мекеніне арнайы іздеп бардым.
Тімтуір ауылы Қарасу ауданының орталығынан оншалықты алыс емес. Өзімді қазақ қызының аяулы анасы Күлжауһар апа қонақжайлық танытып, жылы қарсы алды. Оның асқар таудай әкесі Рахметолла дүниеден өтіпті. Сіңлілері мен інілері де шешелеріне қолғанат болып, үй шаруасына әбден жарап қалыпты. Бірі қорадағы малды жайласа, екіншісі отын-су тасумен әлек.
Аруна төргі бөлмеде отыр екен. Алыстан келгенімді естіп, ол да қуанып қалды. Жүзінен жатырқау деген байқалмайды. Кәдімгі бұрыннан білетін кісілердей тез тіл табысып кеттік. Өзіндік айтары бар бауырымыз маған осы кезге дейінгі өмір жолдары жайлы қысқаша баяндап берді. Соның бәрі де менің ол жайлы толыққанды мақала жазуыма түрткі болды.
Жылдар жылжып өте берді. Кейін ол ғұмырлық серігі Дүйсенғали екеуі облыс орталығына қоныс аударды. Осы шақтан бастап біздің араласуымыз жиіледі. Күйеуі Дүйсекең де ақкөңіл, жастайынан қазақы тәрбие алған жігіт болғандықтан әңгімеміз жарасып кетті.
Оқырманға түсінікті болу үшін Арунаның тіршіліктегі қол жеткен табыстарына, қазіргі он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтардың өзі көтеріле алмайтын биігіне ұмтылған кезеңдерге де тоқталып өтсек артық болмайтын секілді. Өйткені, ақылына көркі сай қарындасымыздың төзімділігі мен табандылығы кейінгілерге ғибрат боларлықтай.
Ол өмірде кездескен сынаққа сынып кеткен жоқ. Қайта кедергі келтірген қиындықтарға қасқая қарсы тұрып, жеңе білді. Сол шақтарға да шолу жасап, нақты деректер мен дәйектерді келтіре кеткенім абзал.
Аруна да өзге құрбылары секілді табиғаты көркем, айналасы жасыл желекке оранған ауылда орта мектепті жақсы аяқтады. Ұстаздары да оның алдғырлығын, зейінділігін өзгелерге үлгі ететін. Анасы да осынау келбеті келіскен перзентіне ұлтымыздың бойжеткеніне тән қадір қасиеттің, инабаттылық пен ибалықтың, адамгершілік пен кішіпейілдіктің дәнін ерте сіңірді. Тұла бойы қажыр-қайратқа толы балауса қыз алдына үлкен мақсат қойып, соны бағындыруға құлшынды. Әрине, ата-анасы таудай талабын қолдамаса, қарсылық білдірген жоқ. Содан 1983 жылы қолына кәмелеттік аттестат алған соң облыс орталығына аттанды.

Бойжеткеннің асыл арманы
Сол жылдары аты шығып, дүркіреп тұрған білімнің қара шаңырағы Қостанай педагогикалық институтының тарих факультетіне түсу үшін құжатын тапсырды. Тыңғылықты әзірлік жасау үшін емтиханға қажетті оқулықтарды күндіз-түні қайталап оқып, пысықтауға кірісіп кеткен-ді.
Алайда ешкім де алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Ол тағдырдың жазуы болар, күтпеген жерден балконнан бар салмағымен жерге арт жағымен құлады. Содан жұлыны зақымданып, ұзақ емделді. Мұндай жайды ешкімнің басына бермей-ақ қойсын. Ата-анасы талай түнді ұйқысыз өткізді. Олар перзенттерінің қас қабағына қарап, жанынан табылды. Жылы сөздерімен демеп, үнемі қолдап отырды.
Мүмкіндіктері келгенше дәрігерлерге қаратты. Ауруханаларда жатып, алдағы күндерден үміттерін үзген жоқ. Алайда, қаншама қалаларда болып, білікті шипагерлердің ем-домын қабылдаса да сол баяғы жұлынның кесірінен өз бетінше жүріп кете алмады.
Әйтсе де қайсар қыздың еңсесі түскен жоқ. Елге танымал профессорлардың ақыл-кеңесіне сүйенді. Рухани күшті, рухы мықты кісілердің жазған кітаптары мен еңбектерінен тапты.
Үйдің үлкені болған соң салмақ өзіне түскенін терең түсінді. Сондықтан артынан ерген бауырларына қамқорлық жасап, бағыт-бағдар берді. Олардың күнделікті сабағын қадағалап, шешесіне қажет кезінде ақыл қосты. Осылайша бұл әулет қиын кезде жұдырықтай жұмылып, тіршілікте кездескен ауыртпалықтарға сыр берген жоқ.
Арунаның өзі де сыртқы сымбатына ішкі жан-дүниесі үйлескен, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, бастаған ісін кейінге қалдырмайтын, жауапкершілікті жоғары сезінетін, ең бастысы, көздеген мақсатына көтерілмей қоймайтын аса табанды жан болып қалыптасты. Сіңлілері мен інілері де одан өнеге алып, бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Олар әлі күнге дейін әпкелерімен хабарласып, бұған өздеріне қиын кезде тірек болар тұлға ретінде ерекше құрметпен қарайды. Бір сөзін екі етпейді.
Тағдырлас жігітпен бас қосты
Аруна жоғарыда өзіне қойылған диагнозға байланысты бірқатар емдеу орындарында болды. Соның бірі Қарағанды шаһарында орналасқан оңалту орталығы-тын. Мұнда дәрігерлердің айтуы бойынша,1992 жылы жолдамамен келді.
Қазақ қызы аталған орталықта дертіне шипа тауып ғана қойған жоқ, өзінің болашақ ғұмырлық серігін де кездестірді. Ол өзімен жан дүниесі үйлесетін бұрынғы Торғай облысына қарасты Амантоғай ауданының тумасы, жаны жайсаң азамат Дүйсенғали Оспанов еді.
Дүйсенғали да алдына үлкен мақсат қойған, болашақта елім үшін тірек болар азамат болсам деп армандайтын. Ол да сонау бір жылы өзі секілді тай құлындай тебісіп бірге өскен бозбалалардан тұратын комсомол жастар бригадасын басқарып жүрген кезінде кенеттен көпірден көлігімен төмен құлдилап құлап, мойын омыртқасын сындырып алды. Оның жұлынға да зардабы тиді.
Жас жігіт қарапайым ғана отбасында тәрбиеленді. Әкесі Сұлтан мен анасы Бибіжар сол аймаққа сыйлы кісілер-тін. Осы шаңырақта сегіз бала өсті. Қазір солардан бесеуі тірі. Кеше күтпеген апатқа ұшырап, енді ғана аяққа нық тұрып келе жатқан бозбала өмірдің басқа салған сынағына ұшырағанда өзін алақандарына салып, аялаған әке-шешесі мен бауырлары мұның барлық ауыртпалықтарын көтерді.
Тас түскен жеріне ауыр, баланың табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын деген қазақ емеспіз бе. Ата-анасы Дүйсенғали төсекке таңылғанда ұлдарымен бірге жандары қиналып, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Осы саланың білгірлерінің бәрінің алдынан өтіп, олардың пікірлеріне сүйенді.
Қаншама емдеу орындарында болса да, бозбала енді бұрынғыдай жүріп тұра алмады. Дүйсенғали табиғатынан өжет-ті. Ол өзін аңызға айналған Тайшықара батырдың нағыз ұрпағы екендігін дәлелдеді.
Кездескен қиындықтарға төзіп, мойымады. Кейбіреулердей болмашы ауырпалықтарға сынып кетпей, алға қарай ұмтылды. Соның арқасында өз қатарынан қалған жоқ. Сағымдай бұлдырап артта қалған жылдарда өзі кәсіпкерлікпен де айналысты.
Бірінші топтағы арбада отырған мүгедекпін деп ешкімге алақан жайған жоқ. Бауырларына да қолдан келген көмегін жасап, өзі секілді мүмкіндіктері шектеулі жандарға да қолдан келген шарапатын тигізді.
Олар бір-бірін ұнатып, көңілдері жарасқан соң, жеке шаңырақ көтеріп, өмір бойы сыйласып өтуге серттесті. Осы шешімдерін екі жақтағы ата-аналары мен туған-туыстарына ашып айтты.
1994 жылы Амантоғай ауылында Аруна мен Дүйсенғалидың шаңырақ көтерген тойлары өтті. Жас жұбайлар бастапқыда өңірдегі Мичурин елді-мекенінде ғұмыр кешіп, сыйластығы жарасқан отбасына айналды.
Тынымсыз ізденіс үстінде
Адам баласы талпынса, алынбайтын асу, бағындырмайтын биік болмайды. Бұған сұхбаттасып, өзінің кейінгілерге үлгі боларлық ғұмыры жайлы әңгімелеп отырған Аруна бауырымыздың өмірі айқын дәлел. Ол мүгедек екенмін деп тіршіліктен түңіліп, баз кешіп кеткен жоқ. Қайта жыл өткен сайын тек алға қарай құлшынып, мектепті тәмамдағаннан кейін үзіліп қалған уақыттың орнын толтыруға тырысты.
Өз қатарларынан қалмауды мақсат еткен Аруна алдымен Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің заң факультетіне студент болып қабылданды. Қатардағы көп шәкірттің бірі болған жоқ. Профессорлардың әрбір лекциясын зейін қоя тыңдап, тынымсыз ізденді.
Курстастарымен қоян-қолтық араласып, таңдаған мамандығын барынша жетік меңгеруге талпынды. Соның арқасында жоғары оқу орнын үздік аяқтап, қолына көптен күткен қызыл диплом алды. Сөйтіп, бойжеткен кезіндегі аңсаған арманына қол жеткізді. Содан кейін де оқуын жалғастырып, магистратураны тәмамдады.
Мүмкіндігі шектеулі болса да алғы шептен көрініп, өзіне дәріс берген ұстаздары мен туған-туысқандарының сенімін толық ақтады. Ол заң факультетін аяқтаған соң «Азаматтық құқық және процесс» деген кафедрада қалдырылды. Осында болашақта құқық қорғау саласының білікті маманы болсам деген студенттерге дәріс берді. Мұнымен де тоқмейілсімеді. Араға уақыт салып, Америка мен Жапонияда біліктілігін одан әрі жетілдірді. Ол әрбір азамат өзінің құқын білуге, әділдік пен шындықты өмірлік ұстанымы етуге тиіс деп есептейді.
Қазақтың қайсар қызы бір сәт дамыл таппай, үнемі қиындықпен күресіп, дегеніне жетіп жатқаны рухани бір ағасы ретінде мені де шексіз қуанышқа бөлейді. Әсіресе, арбада билеуден 2009 жылдан бері тынымсыз жаттығуды дағдыға айналдырды. Бұл тек айтуға ғана жеңіл. Ол күнделікті қаншама маңдай терін төгіп, кездескен кедергілерді жеңу үшін уақытпен санасу дегенді білмейді.
Осы бидің түрін Қазақстанда бірінші болып бастады. Содан кейін спорттың бір түрі ретінде 2011 жылдан бері параолимпиаданың реестеріне ресми енгізді. Өзі аталған сала бойынша бірнеше дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Спорт шебері ретінде де есімі күллі елімізге кеңінен танылды. Италия, Голландия, Түркия және Ганконгтағы Халықаралық жарыстарда мемлекеттің абыройын асқақтатып, жүлделі оралды.
Адал еңбек пен маңдай тер заяда кетпеді. Биліктегілер мен халық оның еңбекқорлығы мен жауапкершілігін лайықты бағалады. Қостанай қаласының Құрметті азаматы атанды. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде әлеуметтік мәселені қарайтын комиссияның мүшесі. Мұнда өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғап, қолдан келгенше олардың мұң-мұқтажын назарда ұстайды.
Қостанайда ерлі-зайыпты Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсығұлованың «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігін басқарып келе жатқандықтарына да 20 жыл болып қалды.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
