Қаржылық пирамидалар және олардың заңсыздығы — жеке немесе заңды тұлғалардың салымдарын тарту арқылы оларды заңсыз түрде қайта бөлуге негізделген қызмет.
Бұл жүйеде жаңа қатысушылардың жарналары бұрынғы қатысушыларға табыс ретінде төленеді, ал нақты инвестициялық немесе өндірістік қызмет жоқ. Негізінде, қаржылық пирамида қатысушылардың үмітін қанағаттандыру үшін ұзақ мерзімді түрде жұмыс істей алмайды және ақыр соңында күйреуге ұшырайды.
Қаржылық пирамидалар көптеген адамдардың мүлкінен айырылуына, кейде тіпті өмір бойы жинаған қаражаттарын жоғалтуға әкелуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан Республикасында мұндай әрекеттерге қатаң заңнамалық шаралар қолданылады.
Қаржылық пирамидаларды ұйымдастыру және басқару Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабымен реттеледі. Бұл бапта қаржылық пирамидаларды ұйымдастыру, басқару және оларға қатысу үшін қатаң жазалар көзделген. Оларды кезең-кезеңімен қарастырайық:
Қаржылық пирамиданы құру немесе басқару Қаржылық пирамидаларды құру немесе басқарғаны үшін заң келесі жазаларды қарастырады. Олар мүлкі тәркіленіп, 1 000-нан 3 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу немесе 1 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту. Сонымен қатар, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түрінде жаза қолданылуы мүмкін.
Егер бұл әрекеттер келесі ауырлататын жағдайлармен жасалса, жаза күшейтіледі. Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы, қызметтік жағдайын пайдалану арқылы, ірі мөлшерде ақша немесе мүлік тарту. Мұндай әрекеттер үшін жазалар 3 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру, сонымен қатар, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейін айыруы мүмкін.
– Қазақстандық юриспруденция тарихында алғаш рет Қостанай облысының тұрғынына қаржы пирамидасының белгілері бар компанияны жарнамалағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Осы жылдың 30 сәуірінде Жітіқара аудандық соты оны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 387 660 теңге айыппұл салды. Қостанай тұрғыны “Magic Lime Academy” қаржы пирамидасының белгілері бар компаниясын 250 жазылушысы бар «Телеграм» мессенджерінде жарнамалаған. Сілтеме мен растаушы материалдар жойылғаннан кейін олар «LBase» дерекқорына енгізілді, – деп атап өтті экономикалық тергеу департаменті.
Егер қылмыс қылмыстық топпен жасалса немесе қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі мөлшерде қаржыны тартса, жаза одан да қатаң болады. 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленеді, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға дейін айыру мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілер үшін жаза аса ауыр. Егер қылмыс мемлекеттік функцияларды атқаратын немесе жауапты мемлекеттік лауазымды адаммен жасалса, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айрылады.
– 2023 жылы біз қылмыстық істерді тіркеу арқылы келесі қаржы пирамидаларының қызметін тоқтаттық: “Best Way”, “Life is Good”, “Platin Coin”, “QNet”, “Hermes Management LTD” және басқа да ұйымдар. “Hermes Management LTD” және “QNet” қаржы пирамидаларына қаражат тарту бойынша екі қылмыстық іс аясында салымшыларға 47 миллион теңгеден астам залал өтелді, – деп хабарлады Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті.
Еске сала кетсек, өткен жылдың соңында Қостанайда «Antares» қаржы компаниясын құрып, басқарғаны үшін Ольга Тропанецке қатысты үкім шығарылды. Тропанец алты жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған компаниядан зардап шеккен 45 адамға келтірілген жалпы залал 44 миллион теңгеден асты.
Заңда қаржылық пирамидаға қатысушыларға өз еркімен қылмыс туралы мәлімдеген және оның қызметін тоқтатуға ықпал еткен жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылу мүмкіндігі де көзделген. Бірақ бұл үшін олардың әрекеттерінде басқа қылмыс құрамының болмауы маңызды.
Қаржылық пирамидалар заңсыз қызметтің ең қауіпті түрлерінің бірі болып табылады, өйткені олар көпшіліктің қаражатын заңсыз иеленуге бағытталған. Қазақстанда мұндай әрекеттерге қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қаржылық пирамидаларға қатысуға шақырған адамдарға сеніп, қаржылық жағынан зардап шекпеу үшін, азаматтар сақ болып, күмәнді схемалардан аулақ болғаны абзал.
Аяжан СЕРІК,
сурет ашық ақпарат көзінен
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77