Қазіргі таңда экономикалық тұрғыда болып жатқан өзгерістер, қаржылық сауаттылық, АЭС жайында біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы Сансызбай Жиентаевпен сұхбаттастық.
Сұхбатта қаржы және өндірістің ел экономикасына тигізетін әсері туралы айтылып, қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызы ерекше атап өтілді. Бұл тек жеке адамдар үшін емес, бүкіл қоғамның қаржылық тұрақтылығына әсер ететін басты факторлардың бірі. Сонымен қатар, Президент Жолдауында өндірістің дамуы мен атом электр станциясын салу мәселелері де қозғалды. Электр станцияларының құрылысы экономикалық даму мен энергия көздерін әртараптандыру мақсатында қажет деп танылды. Дегенмен, бұл мәселелер халық арасында талқыланып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.
– Жастар мен ересектердің қаржылық сауаттылығы қандай деңгейде? Осы салада білім беруді арттыру қажет пе?
– Қаржылық сауаттылық — бұл адамның жеке қаржыларын тиімді басқару, табыстарын есептеп, шығындарын жоспарлау, қарыз алу және инвестиция жасау секілді маңызды мәселелерде дұрыс шешім қабылдауы. Қазақстандағы жастар мен ересектердің қаржылық сауаттылығы әртүрлі деңгейде болып келеді және бұл деңгей қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, білім беру жүйесіне және ақпараттық құралдар арқылы таралатын ақпараттың сапасына байланысты. Қаржылық сауаттылық – қазіргі заманда маңызды және қажетті дағды. Әр адам жақсы өмір сүргісі келеді. Жалпы адамда екі пиғыл бар, бірі ақшаны жұмсау, екіншісі жинау. Сол ретте адамның көбісі оны бірден жұмсауды жөн көретінін білеміз. Тіпті, оны көбейтемін деп алаяқтарға түсіп қалады. Бүгінгі күні елімізде қаржылық алаяқтық кең таралуда, соның кесірінен көп адам алданып қалады. Қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы біз алаяқтықтан сақтанып, өмір сапасын жақсарта аламыз. Президенттің Жолдауында да бұл мәселе көтеріліп, қаржылық білім беру қажеттілігі айтылған. Біздің жоғарғы оқу орнында студенттерге арналған қаржылық сауаттылықты нығайтуға арналған бағдарлама енгізілуде. Бұл тек мектеп оқушылары мен студенттерге ғана емес, үлкен кісілерге де түсіндіру керек нәрсе. Жастар арасында қаржылық сауаттылықтың деңгейі көбінесе төмен. Олар жаңа технологиялар мен сандық қаржы құралдарын пайдалану арқылы өздерін қаржы әлемінде сенімді сезінгенімен, кейбір маңызды қаржылық түсініктерден хабарсыз болуы мүмкін. Мысалы, несие пайызының тиімді ставкасы, ұзақ мерзімді инвестициялар, зейнетақы қорларын басқару сияқты ұғымдардан хабарсыз жастар несиеге бейқам қарайды, ал бұл болашақта қаржылық мәселелерге алып келуі мүмкін.
– Қазір кейбір банктерде тауарды 24 айға бөліп төлеу сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Десе де, тұрғындар соны тегін алғандай, шамасына қарамай қарызға батып жатады. Бөліп төлеу болса да, оны да пәлен ай бойы да өтеу керек қой…
– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл жерде де тағы да адамның қаржылық сауаттылығына кеп тіреледі. Президент өз Жолдауында былай деген еді, “Адам өзінің өмірін өзінің табысына қарай сүру керек” деп. Жұрттың бәрі керемет деген жарнамаға сеніп жүреді, оның барлығы адамға әсер етеді. Адамдардың банктерден 24 айға бөліп төлеу мүмкіндігін пайдаланып, өздерінің шамасына қарай несие алуы бірнеше себепке байланысты. Бұл құбылыс әлеуметтік, психологиялық, экономикалық және мәдени факторлардың әсерінен туындайды.Kaspi банкінің бөліп төлеу жүйесі көптеген адамдарға қаржылық тұрғыдан өте қолайлы. Бөліп төлеу шарттары арқылы үлкен соманы бірден төлеу міндетті емес, бұл адамдарға арзан әрі қолжетімді болып көрінеді. Әсіресе, төлем сомасы ай сайынғы кішігірім бөліктерге бөлінген кезде, ол психологиялық тұрғыдан үлкен ауыртпашылық тудырмайды.
– Қаржылық білімді дамыту үшін қандай шаралар қабылдануы керек?
– Иә, қаржылық сауаттылықты арттыру — қазіргі қоғам үшін өте маңызды. Әсіресе, жастар арасында қаржылық білім беру ерте бастан қолға алынуы тиіс. Мектептер мен университеттерде қаржылық сауаттылық курстарын енгізу, мемлекеттік және қоғамдық бағдарламалар арқылы халықтың қаржылық білімі мен дағдыларын жетілдіру маңызды. Көптеген адамдар несие алудың ұзақ мерзімді әсерлерін толық түсінбеуі мүмкін. Олар ай сайынғы төлемдердің аз екенін көріп, осы соманы төлеу оңай деп ойлайды. Алайда, несие мөлшерін дұрыс есептемей, жалпы қарыздың көлемін және оның пайыздық төлемдерін ескермеуі мүмкін. Нәтижесінде, адамдар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерінен асып, қарыздық міндеттемелерге түсіп қалады. Қаржылық білімді дамыту қоғамдағы экономикалық тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Ол адамдардың қаржыны басқару қабілетін арттырып, болашақта қаржылық қиындықтардан аулақ болуға көмектеседі. Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін кешенді шаралар қажет, олар білім беру жүйесін реформалаудан бастап, халықтың кеңінен ақпарат алуына жағдай жасауды қамтиды.
Мемлекет қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы бағдарламаларды әзірлеуі керек. Халықтың әртүрлі тобына (жастар, зейнеткерлер, жұмыссыздар) арналған курстар мен тренингтер ұйымдастыру арқылы адамдарды қаржыны тиімді басқаруға үйретуге болады.
– Қаржы саласындағы алаяқтардан қалай сақтануға болады? Әсіресе, онлайн алаяқтыққа қалай қарсы тұруға болады?
– Қаржы саласындағы алаяқтардан сақтану — қазіргі заманның аса маңызды мәселелерінің бірі, әсіресе, интернет пен онлайн қызметтердің кең таралуы алаяқтық схемалардың көбеюіне жол ашты. Онлайн алаяқтықтың түрлері көп, соның ішінде фишинг, скам сайттар, жалған инвестициялар, криптовалюта схемалары және т.б. Осы қауіптерден сақтану үшін келесі кеңестерді ұстануға болады:
Қаржы саласында жиі кеңес беретін жалған «сарапшылар» пайда болып жатады. Олар өздерін кәсіби инвесторлар ретінде таныстырып, жалған ақпарат немесе алаяқтық кеңестер беруі мүмкін.
Қаржылық алаяқтықтан сақтанудың ең тиімді жолы — қаржылық сауаттылықты арттыру. Бұл жастар мен ересектерге бірдей маңызды, өйткені қаржылық білім арқылы адамдар өз қаржыларын тиімді басқаруды және алаяқтықтан қорғануды үйренеді.
– Президенттің Жолдауында өндірістің дамуы мен Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу туралы мәселе көтерілгені — еліміздің болашақ энергетикалық стратегиясындағы маңызды тақырыптардың бірі. 6 қазан күні референдум өтетіндігі қоғамда үлкен талқыға түсуде, себебі АЭС салу — ел үшін шешуші қадамдардың бірі болмақ. Сіздің ойынызша Қазақстанға атом электр станциясы керек пе?
– Қазақстанның энергетикалық қажеттіліктері жылдан жылға артып келеді, ал ел экономикасы мен өндірісінің дамуы үшін тұрақты және жеткілікті энергия көздері қажет. Қазіргі таңда Қазақстанның энергетикалық жүйесі негізінен көмір мен табиғи газға тәуелді, бұл қоршаған ортаға зиянды әсер етеді және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты емес.АЭС — тұрақты энергия көзі. АЭС елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырады. Қазақстан табиғи уран қорлары бойынша әлемде жетекші орында тұр, сондықтан ел өзінің ішкі энергетикалық қажеттіліктерін жабу үшін уранды пайдалану арқылы сыртқы ресурстарға тәуелділігін азайта алады. АЭС салу қомақты инвестицияларды талап еткенімен, ұзақ мерзімді перспективада бұл қаржы тиімді жоба болуы мүмкін. Атом электр станциялары ұзақ жылдар бойы тұрақты әрі үлкен көлемдегі энергияны өндіреді, бұл өндірістің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Бұл салада жоғары технологиялар мен инновациялар қолданылатындықтан, Қазақстан экономикасына жаңа салалар мен ғылыми зерттеулерді тартуға мүмкіндік береді. Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлі үлкен және аймақтың энергетикалық картасында АЭС салу арқылы елдің позициясын нығайту мүмкіндігі зор. Жалпы бұл жерде оны ұрыс қолдана білсе, еліміз көркендей түседі. Ал егер оны сыртқа жіберсе, онда бізге ол басқа нәрсе болып екі- үш есе үлкен бағада оралады. Осындай жағдайда әрине тиімді емес.
– Қазіргі валюталық жағдай мен оның экономиканың әртүрлі секторларына әсері қандай?
– Қазіргі уақытта Қазақстандағы валюталық жағдай ішкі және сыртқы факторларға байланысты тұрақсыз болуы мүмкін. Әлемдік нарықтағы шикізат бағалары, геосаяси жағдайлар және негізгі сауда серіктестеріндегі өзгерістер (мысалы, Ресей мен Қытайдағы оқиғалар) теңгенің құнына және жалпы валюталық ахуалға әсер етеді.1919 жылы А. Байтұрсынов қазіргі заманымыз үшін өте маңызды ойды айтқан: «Қазақтар өздерінің кең даласында өсіретін жануарлардың етін және терісін өңдеп, олардан дайын өнім өндірмейінше, олардың экономикалық тәуелділік мәселесі шешілмейді». Осы тұрғыдан алғанда, елімізде өндірілген ұлттық байлықтың 90%-дан астамы шетелге шикізат түрінде кетіп жатқаны маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан, біздің ойымызша, Қазақстандағы шетелдік компаниялардың қызметін терең экономикалық талдау негізінде өте сақтықпен қарау қажет. Қарағанды облысында болған соңғы оқиғалар шетелдік компаниялардың басты мақсаты – Қазақстанның табиғи пайдалы қазбаларын арзан бағада алу екенін, ал өндіріс орындарында жұмыс істейтін жұмысшылардың өмірі мен қауіпсіздігі мәселелерінің кейінге ысырыла берілетінін айқын көрсетеді. Сондықтан, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың меншік иесін ауыстыру туралы шешім қабылдауы кездейсоқ емес. Шетелдік компаниялар бұл жерде альтруистік мақсатпен емес, капиталды тиімді салу жолдарын іздеуде. Осыған байланысты мемлекет барлық шетелдік компаниялардың бақылау пакет акцияларын өзіне қайтарып, олардың кірістерін ашық етуі қажет. Мысалы, дамыған елдердің (АҚШ, Франция, Германия) ішкі жалпы өнімінде жалақының үлесі 65–67% болса, Қазақстанда ол 23–25% ғана. Мемлекеттің барлық шаралары отандық өндірісті дамытуға, отандық тауар өндірушіні қорғайтын ойластырылған протекционистік саясатты жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Батыс елдері 400 жылдан астам уақыт бойы және қазір де өз тауар өндірушісін қорғаудан қашпайды, ал Қазақстанға кедендік тосқауылдарды төмендетуді ұсынып, өз өнімдерін жергілікті нарыққа арзан бағамен экспорттайды. Қазіргі әлемдік қаржы саясаты Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселесін одан әрі ушықтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ республиканың экономикасын халықаралық еңбек бөлінісі жүйесіне біріктіруге мемлекеттің реттеуші әсерін жандандыру қажеттілігі табиғи нәрсе.
Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77