События

Қашықтан тіл үйрету тиімді жүзеге асырылып келеді

«Тілдарын» облыстық орталығы қашықтан оқытуға арналған
бейнесабақтар түсіру жобасын іске қосты

Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдарын» орталығы да, жалпы елімізде 2020 жылғы 16 наурыздан енгізілген төтенше жағдайға байланысты тыңдаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста бірінші болып қашықтан оқытуды қолға алды белгілі. Орталық қызметкерлері тыңдаушыларды мемлекеттік және ағылшын тілдеріне Skype, Mail.ru, Zoom бағдарламасы, Whats App мессенджерлері арқылы қашықтан оқытуды тиімді жүзеге асырып келеді.

Тыңдаушылар өздеріне ыңғайлы уақытта жұмыс орнында немесе үйде отырып сабаққа қатыса алады. Өткізілген сабақтардың үлгісі орталықтың әлеуметтік желідегі tildaryn_ortalyk Instagram, Тілдарын Қостанай Facebook парақшаларында үнемі жарияланып отырады.

Қашықтан оқытудың тиімді жақтарын үйрету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыстағы аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтарының мамандарына ағымдағы жылдың 1 сәуірінде арнайы өткізілген онлайн конференцияда орталық басшысы Жұлдызай Ербатырова қашықтан оқытудың тиімділігі жайында баяндап берген болатын.

#BizBirgemiz республикалық акция аясында Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдарын» облыстық орталығы және Қостанай облысының Полиция департаментімен бірлесіп құқық қорғау органдарының салалық терминдерін меңгерту мақсатында «Бейнесабақтар» түсіру пилоттық жобасы басталды.

Аталмыш оқыту орталығы басшысының орынбасары Гүлнар Талапованың айтуына қарағанда, бұл жобаның басты мақсаты – қазіргі еліміздегі төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді және ағылшын тілін қашықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру болып табылады. Бүгінгі алғашқы бейнесабақты «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушылары Айткүл Доспанова мен Айжан Кубеева жүргізіп, тыңдаушыларға тың мәліметтер берген. Сондай-ақ бейнесабақтың көмегімен тілді оңай меңгеруге болады.

Қай кезде де адамның көкейінде «Білсем, үйренсем» деген ниет болуы қажет. Сондықтан бүгінде өңірімізде тіл үйренем деушілерге мемлекетімізде орын алған төтенше жағдай да кедергі емес. Тіл меңгеруді шын қалаған жандардың күнделікті сабақтарын осылай жалғастырып жатқан жайы бар. Ең бастысы ниет түзу болса болғаны емес пе.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77