Ананың биік тұғыры – анадан туған бар адам
Мемлекет пен қоғам өміріне қызметін арнаған Мирас Жүнісұлы мен Күлтай Ғабиденқызы Нұрғалиевтер жайында талай журналист қалам тербеген болатын.
Отбасының мәуелі бәйтерегі болған Мирас Жүнісұлының есімі жақсы ісімен ел аузында қалды. Бүгінде әке жолымен ұрпақ сабақтастығы жалғасын табуда. Отбасына аналық мейірімін төгіп отырған Ақпар қажы Күлтай Ғабиденқызына қасиетті Рамазан айында арнайы ат басын бұрып парасатты-пайымды әңгімесін тыңдап қайттық. Кездесу барысында отбасылық фотоальбомды беттей отыра береке-бірлігі жарасқан тамаша әулеттің бақытты да баянды сәттеріне куә болдық. Мақсатымыз нар тұлғалы азаматтарды дүниеге әкелген, алтын құрсақты анадан бүгінгі қоғамның дертіне айналған жастардың ажырасуы, бала тәрбиесіндегі олқылықтарға байланысты өмірлік тәжірибесінен ақыл-кеңес алып, осындай әулетті көпке үлгі ету. Сөз басын жастық шаққа бұрып, анамыздан сол уақыттардағы ыстық естеліктерімен бөлісуін сұрадық.
– Мен 18 жасымда Нұрғалиевтер әулетіне келін болып түстім. Құдай қосқан қосағым Мирас шаңырақтың жалғыз ұлы еді. Өмірдің қызығын да ауыртпалығын да бірге көрдік. Отағасы әрдайым қызметте болды. Мен ерімнің жағдайын жасадым, абыройлы болуын, қоғамда орын алып, ел алдында құрметке бөленуін тіледім. Қызмет бабымен жиі көштік, осы ретте әрдайым жанынан табылдым. 1958 жылы тұңғышымыз Жомарт дүниеге келді. 1959 жылы Мирастың жұмыс бабымен Амангелді ауданына қоныс аудардық, бұл жерде жаңадан ашылған мал бордақылау кеңшарына директор болып тағайындалды. Кейін аудандық Кеңес төрағасы болып қызмет атқарды. Осы елде Алма, Жеңісіміз дүниеге келді. Өміріміздің мәні де сәні болған Науырзым ауданы біздерді бақытқа бөледі. Өзім сырттай оқып мамандық алып, 1964 жылы Бахыт, 1971 жылы Бейбіт деген ұлдарымыз туып, бес баланың анасы атандым. Райпотребсоюзде экономист, ауданда ЗАГС бөлімін басқардым. Дүние жимадық, ел қатарлы өмір сүрдік. Үй-күй таңдамадық, жанталасып бай боламыз демедік. Ел қатарлы тіршілігіміз болды. Мирастың еңбегі бағаланып үш рет «Знак почета» орденімен, көптеген грамоталармен марапатталды.
– Бүгінгі таңда жас шаңырақтың іргесі берік болуы үшін өмірлік тәжірибеңізден кеңесіңізді айта отырсаңыз?
– Ең бастысы шаңырақтың берекесі де мерекесі де әйел адамның қолында дегім келеді. Ер адамның тапқан табысын дұрыс жаратып, дастарханын жайнатып отырса, бұл отбасының жарастығын бекіте түседі. Әйел адамның мойнына артылатын жүк ауыр соны көтере білу керек. Қиындыққа төзе білуді, әр іске сабырлы болуды қазіргі жастар біле бермейді. Міне, осының салдарынан отбасы күйрейді. Ата-ана, отбасы жылулығын көрмей өскен ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр болады.
– Отбасы құндылығы дегенде бала тәрбиесі де ойға оралады, осы орайда тәрбиенің қайнар көзі деп нені айтар едіңіз?
– Сұрағыңыз орынды. Бала үшін тәрбиенің қайнар көзі, туып өскен отбасы, үйдегі атмосфера, қоршаған ортасы. Осы отырған әрбір сәт бала үшін тәрбие. Айқай-шусыз, сыйластықта өскен бала мейірімді болады. Мен балаларымды кішкентайынан тап-тұйнақтай етіп киіндіріп, келген кісіні жатсындырмайтынмын. Ортаға жақын болған бала көпшіл, бауырмал болып өседі. Араластық, қонақжайлылықты көріп өскен бала қайырымды, көпшіл болады. Оны өз балаларымның бойынан көремін. Мен әрдайым әкелерін жоғары қойдым, әкелеріңе ұят келтірмеңдер деп тәрбиеледім. Тәубе, балаларым да немерелерім де қарапайым, орталарына сыйлы. Жастайынан еңбекке жақын өсті. Балаларым студент кездерінен жазғы демалыста қырманда трактор, машина жүргізді.
– Сізді көпшілік қайырымды жан ретінде ғана емес, ел ағаларын дүниеге әкелген алтын құрсақты ана деп таниды. Немере сүйіп, шөберенің алақанынан су ішіп отырған бақытты әжесіз.
– Алла Тағалаға шүкір деймін. Осы балаларымның арқасында 2006 жылы Алланың қалауымен үш мәрте қажылық еттім, Қожа Ахмет Яссауиден бастау алған сапарым Мекке Мединеде, Израильдағы «Әл-Ақса» мешітінде жалғасты. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ қой.
Балаларымның аталары Жүніс деген кісі соғыстан оралмай хабарсыз кеткен кісі. Оны марқұм енем де жолдасым Мирас та таба алмай, не бір хабарын біле алмай дүниеден өтті. Осы аманатты немерелері яғни, балалар орындады. Германия елінен «Бауырластар» зиратына жерленген аталарынын бейітін тауып алып, басына елден арнайы топырақ апарып салып, ата рухына тағзым етті. Бұл отбасымыз үшін маңызы зор іс еді. Осының орындалуына аналық парызым ретінде қолдау көрсетіп атамыздың есімін жаңғырттық.
– Балаларыңызға жеке дара тоқталып өтсеңіз…
– Жолдасым Мирас екеуміз 38 жыл бір шаңырақ астында тату тәтті, мәнді де сәнді ғұмыр кештік. Тұңғышымыз Жомартжанды әжесі өте қатты жақсы көрді. Оқуға да әскерге де өзім бірге еріп барамын, деп отыратын. Әжесі диплом алғанын көріп кетті. Жомарт еңбексүйгіштігінің арқасында қарапайым қызметкерден басшылық лауазымға дейін көтерілді. Еңбек жолын жолдама бойынша, Қарасу ауданында бастады. Меңдіқара, Әулиекөл аудандары, Қостанай қаласы мен Көкшетау қаласында әкім болды. Екі баласына да жоғары білім беріп, үйлі етті.
Одан кейінгі Алма қызым жоғары дәрежелі дәрігер болды. Қарағанды медициналық институтын аяқтап, облыстық ауруханада мамандығы бойынша 38 жыл абыройлы еңбек етті. Алма қызымның есімі «Во имя жизни» Лучшие работники здравоохранения Республики Казахстан» кітабына енді.
Жеңісім 1962 жылғы Амангелді ауданының тумасы. Он жылдық мектепті Қамыстыда бітіріп, Қостанай ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, агроном мамандығы бойынша білім алды. Жеңісім туғанынан Алла ерекше етіп жаратқан балам. Балалық шағы да ерекше болды. Дос-жолдастарымен жақын қарым-қатынаста болды. Бір сөзбен айтқанда, өте жан-жақты болды.
Жастайынан ауыл шаруашылық саласына араласты. Еңбек жолын Қостанай ауданында, Сарыкөл, Наурызым аудандарында әкім болды. Қостанай қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып еңбек етті. Есімі «Қостанай облысының танымал тұлғалары» Қоғам және саяси қызметкерлері кітабынан орын алды. 2010 жылдан бастап Парламент Сенатының депутаты.
Бахыт балам бүгінгі таңда Денисов ауданының әкімі болып қызметін жасап келеді.
Бейбітім ауыл шаруашылығы саласына жақын еді. Өзі іргетасын қалаған «НБМ жолы» ЖШС-ті басқарып, табысты болды. Қостанай облысы бойынша энциклопедияға Мирас, Жомарт, Жеңіс жайлы жазылып шықты.
Алланың маңдайларына жазғаны болар Жомартым мен Алма, Бейбітімнің ғұмырлары қысқа болды. Бұл жағдай менің аналық жүрегіме ауыр тиді.
– Қазақта «Артында қалған оңалар» деген сөз бар ғой, немере, шөберенің алды ер жетіп қалған шығар?
– Аллаға шүкір деймін 11 немере, 12 шөбере көріп отырмын. Немеремнің алды 39 жасқа келді, шөберенің үлкені мектеп бітіреді. Жомартымның шаңырағында отырған үлкен келінім Даражан дәрігер. Немерем Арман жеке шаруашылығын басқарады, Майгүл келінмен 4 шөберемді тәрбиелеп отыр. Кіші немерем Олжас мемлекеттік қызметкер, облыстық басқарма басшысы. Амина екеуінен шөберелерім өсіп келеді. Жиендерім Ануар мен Беркежар жоғары білімді азаматтар, мамандықтары бойынша қызмет атқарады.
Жеңіс пен Ләззат келінімнен Дана мен Данияр деген немерелерім бар. Данияр жеке меншік қожалығының директоры, Қостанай облысының мәслихатының депутаты. Еңбегі еленіп «Ұлы дала бәйтеректері» кітабынан есімі орын алды, бұған дейін Қостанай облысының «Алтын кітабының» лауреаты атанды. Дана мен Қанат екеуі үш ұл балалаларын тәрбиелеп отыр. Қазір Жеңісім мен Ләззатым өздері де ата-әже жиен немерелері өсіп келеді.
Бахыт пен Ләззат келінімнен Дина, Достияр есімді немерелерім бар. Достияр Канадада білім алып жатыр. Дина мен Айбектен екі шөберем бар.
Бейбітімнің жолдасы Салтанат та мамандығы бойынша агроном. Айгерім, Нұрбек, Рамазан есімді немерелерім бар. Айгерім Дубайда оқып жоғары білім алды, отбасылы. Айлар атты шөберем бар. Нұрбек Англияда университетте оқиды. Кенже немерем Рамазаным Қостанайда студент. Бәрі де өмірден өз орындарын тапқан. Елге елеулі, халыққа қалаулы, мейірімді, қайырымды болып өмір сүруде.
– Қарап отырсақ, ұрпақ сабақтастығы ретінде шежірені тарқатып отбасылық кітап етіпсіз, кітап жазуға не себеп болды?
– «Сол бір солдаттың тағдыры» деп атаған жинаққа отбасым, балаларым жайында жаздым. Жолдасым Мирас Жүнісұлы жайындағы естеліктер мен қызметі, еңбек жолы жайында естеліктерді еңгіздім. Сонымен қатар ұрпағымыз ата-бабаларының туған жерін, кіндік қаны тамған ыстық ұясын ұмытпасын деген ниетте мағлұматтар еңгіздім. Ең бастысы немере, шөберелер жеті атасын жатқа біліп жүрсе игі деген ниетте осы жинаққа еңгіздім. Сондықтан бұл кітаптың орыны ерекше. Немерелерім мектепке барған шақта жеті аталарын сұрап, тапсырма беріле бастады. Сол сәтте осыны неге балалар үшін жинақ етіп жазып қоймасқа деген ой келді. Содан қолға алынған істі аяқтағанша асықтым. Бұл кітап осылай жарыққа шықты.
Асыл ана, батыр ана десек те жарасымды Күлтай Ғабиденқызының қоғамға жанашыр басшы, нағыз ер азаматтарды тәрбиелеп қосқандығы әрбір жанға үлгі, өнеге. Осы орайда «Батыр да туған анадан, ақын да туған анадан. Ананың биік тұғыры – анадан туған бар адам» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады және Күлтай Ғабиденқызына арналып айтылғандай.
Кымбат НАҒАШЫБАЙ,
Суреттер отбасылық альбомнан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77