Қостанай қаласының қақ ортасын бойлай созылған Қасымқанов көшесі – тарих пен жаңғыру тоғысқан мекен. Бұл көше ел үшін аянбай еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Әубәкір Қасымқановтың есімімен аталады. Көпшілікке беймәлім болғанымен, бұл көшенің өткен жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі.
1961-1968 жылдары Әубәкір Қасымқанов қазіргі №34 үйде тұрған. Қазір бұл ғимаратта бірнеше облыстық департаменттер орналасқан. Сол себепті тұрғындардың кейбірі бұл жерде атақты тұлға тұрғанын біле бермейді. Алайда ғимараттың қабырғасына орнатылған ескерткіш тақта бұл үйдің тарихи маңызын дәлелдейді.
Атауының тарихы
Бүгінгі Қасымқанов көшесі түрлі дәуірлерде бірнеше атауға ие болған. Бір кездері ол патшалық Ресейдің Торғай облысының генерал-губернаторы Ломачевскийдің атымен аталды. 1919 жылы Қостанайда Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс болып, көтерілісшілер қаланы аз уақытқа азат етті. Бірақ генерал Каппельдің әскері қаланы үш күндік қанды шайқастан кейін қайтарып алып, мыңдаған көтерілісші көз жұмды.
Кейін, 1920 жылы кеңес үкіметі орнаған соң, көше «Повстанческая» – «Көтерілісшілер көшесі» деп аталды. Бұл атау онжылдықтар бойы сақталды. Тек 2006 жылы ғана тарихи әділдік орнап, көше ресми түрде Қасымқанов көшесі деп өзгертілді.
Бүгінде Қасымқанов көшесінің бойында, Қазақтелеком маңында жаңа демалыс орны – «Ескі Қостанай» атты ретро-сквер салынып жатыр. Ұзындығы 120-150 метр болатын бұл аумақта тарихи үйлер сақталып, көне Қостанайдың бейнесі қайта жаңғырады. Аумағы – 25 сотық. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарына өткенді сезінуге мүмкіндік беретін ерекше орын болмақ.
Көше бойында тұратын қала тұрғыны Айгүл Ахметова былай дейді:
– Мен осы көшеде он жылдан бері тұрамын. Көшенің аты Қасымқанов деп аталатынын білемін, бірақ ол кісі жайлы толық ақпарат білмеппін. Мына ескерткіш тақтадан соң қызығып, интернеттен қарап көрдім. Шынында да, елге еңбегі сіңген кісі екен.
Қос-Тана муралы
2024 жылы Қостанай қаласының 145 жылдығына орай, қала әкімдігінің бастамасымен көркем мурал салынды. Онда Қостанай атауының шығу тарихы бейнеленген. Авторы – Мағжан Айтқожаев пен Алдияр Жәкеев. Мурал – қаланың өткенін бүгінгі ұрпақпен байланыстыратын рухани көпір.
– Бұл көше бұрын «Повстанческая» деп аталғаны есімде бар. Қасымқановтың кім екенін кейін білдім. Осындай тұлғалардың есімімен аталған көше – жастарға үлгі болуы керек, – керек дейді қала тұрғындарының бірі.
Жергілікті тұрғындар арасында жүргізілген шағын сауалнама бойынша:
«Сіз Әубәкір Қасымқановтың кім екенін білесіз бе?» деген сұраққа жауап бергендердің көпшілігі бұл есімге беймәлім екендерін айтты. Бұл – бізге тағы бір ой салады: еліміздің тарихын танып-білу, ұлы тұлғаларды насихаттау – әлі де маңызды міндет.
Қасымқанов көшесі – Қостанай қаласының тарихи жады мен рухани келбетін айқындайтын ерекше орын. Мұндағы ретро-жобалар, ескерткіш белгілер мен жаңа скверлер – өткен мен бүгіннің жалғасы. Осындай бастамалар арқылы біз тарихымызды танимыз, ұмытпаймыз, құрметтейміз.
Қостанай – тарихы терең, болашағы жарқын қала. Ал Қасымқанов көшесі – сол тарихтың бір шежіресі.
Ол кім?
1925 жылы 10 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Қаражар ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 5-мотоатқыштар бригадасының бөлімше командирі болған. «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Құрмет белгісі» орденімен және басқа да медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Челябі педагогикалық институтын және Алматы зооветеринарлық институтын тәмамдаған. Мұғалім болып жұмыс істеген, аудан мен облыс көлемінде басшылық қызметтер атқарған. Жангелдин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Қостанай облыстық комитетінің екінші хатшысы, Қазақ КСР Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алты мәрте депутаты. Меңдіқара ауданының Құрметті азаматы. Қостанай қаласында оның есімі берілген көше бар.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77