Бала бақшалардағы кезекші топтардың жұмысы басталды
Елімізде 18 мамырдан бастап карантин режимі жұмсартылып, қаламыздағы бір қатар бала бақшалардың жұмысы басталған болатын.
Бүгінде кішкентай балаларын кіммен қалдырарын білмей дал болған ата-аналар үшін кезекші топтар құрылып, жұмысын барынша карантин талаптарымен сәйкес жүргізіп жатыр.
Осындай қызметін бастаған бала бақшалардың ішінде Дружба ауылында орналасқан Қостанай қалалық әкімдігінің №12 бөбекжай бала бақшасы да бар.
Мұнда қазіргі таңда 28 баладан құралған екі кезекші топ жұмыс істеп жатыр. Бұл топқа бірінші болып үйінде баласын алып қалатын адам жоқ отбасылардың балалары қабылданған. Содан кейін ғана бала бақшаға барғаны дұрыс деп санаған кісілердің балары келе бастаған.
Біз осы аталмыш бала бақшаның директоры Гүлнар Алимовамен сөйлесіп, мұндағы кезекші топтардың қалай жұмыс істеп жатқанымен танысқан болатынбыз.
Бала бақшада бүлдіршіндермен жұмыс жасайтын тәрбиешілер, күтушілер, медбикелер, асхана және тазалыққа жауап беретін қызметкерлер әрдайым бетпердемен жүреді. Бақшаға балаларды таңертең ертерек әкелу керек. Өйткені, олар күнде таңертең медициналық бақылаудан өтеді. Бұл дегеніміз олардың келгенде дене қызуын өлшейді, тамағын қарайды басқа да тұмаудың белгілерінің бар жоғын тексереді. Сондай-ақ осындай тексерістен күнделікті бала бақша қызметкерлері де өтеді.
Сондай-ақ кезекші топқа келіп жүрген балғындардың барлығы карантин режимінің талабы бойынша толық медициналық тексерістен өтіп, анықтамаларын тапсырған.
Бұл бала бақшада 2-3 жас аралығындағы бүлдіршіндерден бөлек 3-6 жас аралығындағы балалардан құралған екі топ бар. Әр топта 15 баладан артық болмауы керек. Сонымен қатар балалар тамақтанған,
ойнаған, ұйықтаған кездері араларында 1 метр қашықтық үнемі сақталады. Олардың бірге топ болып жүруіне карантин режимі бойынша тиым салынған.
Сонымен қатар балалардың күнделікті тұтынатын тамақтарына да ерекше көңіл бөлінген. Олар мұнда бір рет ғана қолданылатын стақаннан су ішеді. Күніне сағат 10:00-де түрлі дәрумендерге бай жеміс-жидектер жиді. Оның сыртында төрт мезгіл тамақтанады.
Бала бақшаның кіреберісінде қолды залалсыздандыратын сұйықтық қойылған. Ата-аналар мұнда кірген сайын осы сүйықтықпен қолдарын залалсыздандырып, тазартып кіреді. Бала бақша таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Карантин режимінің талаптарын толық орындайды.
Бөбекжай бақшасында балғындар бір мезгіл сабаққа ден қойса, кейде ойлау қабілетін арттыратын қызықты ойындар ойнады.
Бұл жөнінде аталмыш бала бақшаның тәрбиешісі Жансая Тұрсынбаеваны сөзге тартқанымызда, ол:
– Біз бала бақшада балаларды тек ойнатып ғана қоймай сабақ та үйретеміз. Ондағы мақсатымыз олар мектепке барғанда тез жазып, оқып үйреніп кетсе екен дейміз. Мұнда мамыр айының аяғына дейін арнайы жоспар бойынша бүлдіршіндерге оқыту, жазу, сурет салу, әріп тануды үйретеміз. Бұл олардың тек ойын ойнап, шектеліп қалмай жазуға, оқуға деген бейімділігін арттырады.
Сондай-ақ бір мезгіл олардың ойлау қабілетін дамытып, логикалық сұрақтар қойып, қызықты ойындар ойнатамыз. Түрлі тақырыпта мысалы, табиғатты аялау, ата-ананы құрметтей, туған-туыстарына бауырмал болу жайында тақпақтар жаттатамыз. Тілдерін жаттықтыру үшін жаңылтпаштар айтқызамыз. Бойларына сыйластық, кішіпейілділік, қарапайымдылық сынды асыл қасиеттерді дарытамыз. Кішкентайынан өнегелі тәрбие алған бала өте мейірімді болып өсетіні белгілі. Сондықтан әрдайым алдымызға келген сәбилерге тек парасаттылықты үйрету басты парызымыз,- деді.
Міне, осындай білікті де мейірімді тәрбиешілерге балаларын аманат етіп қалдыратын ата-аналардың да көңілі жай болса керек.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77