Соғыс – кітап бетінде қалып, экраннан ғана көрінетін бейне емес. Оны көзбен көріп, жанымен өткерген жан ғана оның шынайы қасіретін ұғынады. Соғыс бірінің жастығын жалмап, бірінің өмір жолын өзгертсе, енді бірінің жүрегінде жазылмас жара қалдырды.
Ауған соғысының ардагері Қайролла Жәдіков үшін ол кезең – жастықтың жалыны мен туған жерге деген сағыныш астасқан ауыр жылдар.
Қайролла Жәдіков 1968 жылы Қостанай облысы Науырзым ауданында дүниеге келген. 1986 жылдың 14 сәуірінде әскер қатарына шақырылып, туған ауылын, ата-ана, бауырларын артқа тастап, белгісіз жолға аттанады. Ол кезде алда қандай сынақ күтіп тұрғанынан болашақ сарбаз бейхабар еді.
Әскердегі алғашқы жолы Кавказға, Грозный қаласына түседі. Мұнда ол жарты жылдай көлік жүргізуші мамандығына оқиды. Дәл осы кезеңде сарбаздардың алдағы уақытта соғыс аймағына жіберілетіні белгілі болды. Кейіпкер сол сәттегі күйін былайша еске алады:

– Кавказға келгеннен кейін Ауғанстанға баратынымызды айтты. Ол кезде көп нәрсені терең түсіне бермейміз. Жаспыз, бәрін көргіміз келеді. Қорқыныш болған шығар, оны толық сезінбедік. Бірақ кейбір жігіттерді «жалғыз балам» деп өтінген ата-аналары алып қалып жатты. Біз бұйрықты тек орындау керек деп ойладық.
Осылайша күз айында сарбаздарды әскери ұшақпен Кабул қаласына жеткізеді. Таулы аймақ, аптап ыстық – жас жауынгерлер үшін бәрі тосын болды. Кейін оларды әртүрлі бағытқа бөліп, шекара маңындағы аймақтарға жібереді. Қайролла Жәдіков Герат қаласына автополкке жөнелтілді. Бұл өңір соғыстың ең қауырт аймақтарының бірі саналды. Әскери бөлімнің бірнеше рет шабуылға ұшыраған кездері де болған. Әсіресе кешкі уақыт қауіпті еді. Күтпеген жерден атқылап, таудың тасасына сіңіп кететін дұшпанның айласы сарбаздарды үнемі сақ болуға үйретті.
– Блиндаж деген бар, жердің астын қазып жасаған баспана. Кешке қарай атыс басталса, сигнал беріледі. Сол кезде бәріміз жүгіріп, блиндажға тығылуға тырысамыз. Атыс біткенше шықпаймыз, – дейді ардагер сол күндерді еске ала отырып. – Ауған жеріне Меңдіқара ауданынан менімен бірге екі жігіт барды. Соның бірі – Серік Магданов, екіншісі – Талғат Садуақасов. Серік екеуміз бір полкте қызмет етті, ал Талғат көрші бөлімде болды. Жат жерде жерлесің туған бауырыңнан кем көрінбейтін.

Қайролла Жәдіков Ауғанстанда авторотада көлік жүргізуші болып қызмет етті. Алдымен КрАЗ бензовозын, кейін Урал бортты көлігін тізгіндеді. Негізгі міндеті – түрлі жанармай, оқ-дәрі заттарын Тургунди, Герат, Қандоғар бағыттарына жеткізу еді. Бұл нүктелердің арақашықтығы шамамен 200 шақырым. Таулы, ыстық аймақ, тар өткелдер әрі жол бойы қауіп-қатерге толы. Сондықтан да әскери қызмет барысында қауіпсіздік қатаң сақталатын. Көлік легінің алдында, ортасында және соңында БТР-лар жүріп, жолды бақылауда ұстаса, орта тұста он шақты КрАЗ бірінен бірі көз жазбай, тізбектеліп қозғалып отыратын. Соның өзінде кейіпкеріміз қауіп сейілмейтінін айтады.
– Кейде оқ атылып, кейін ізін суытқан шабуылдаушылар көзден ғайып болатын. Ондай сәттерде тек бір-бірімізге сеніп, жолды жалғастырудан басқа амал жоқ. Кері қайту деген болмады, тапсырманы орындау – басты міндет. Шайқас болып жатқан аумақтардан да өттік. «Шекарада атыс болып жатыр» деген хабар түссе, қозғалысты бірден тоқтатып, аяқталғанша күтіп отыратынбыз, – дейді Қайролла Жәдіков.
Қандоғар – қауіпті аймақ
Ауған даласында есте қалған ауыр сәттердің бірі – Қандоғар операциясы. Бұл өңір соғыстың ең қауіпті аймақтарының санатында болды. Аталған аймаққа сапар кезінде досы Серік ауыр жарақат алады.
Әскери тапсырмамен Қандоғарға бара жатқанымызда, колоннамызға шабуыл жасалды. Мина жарылып, ұшқыны Серіктің санын тіліп өтті. 1-2 ай госпитальда ем алып, кейін денсаулығына байланысты ол елге қайтарылды, – деп сол бір сәтті көз алдына келтірді кейіпкеріміз. – Бір күні Серіктің полкке келгенін естіп, жүгіріп барсам, палаткада отыр екен, қасындағы балдағы тұр. «Қайролла, мен енді әскери қызметке жарамайтын болдым, ертең артқа қайтарады» деді. Ротада жеребе арқылы ұтып алған жапондық, цифрмен ашылатын дипломатым болған. Естелік қып соны қолына ұстатып, «елге сәлем айт, аман-есен жет» дедім, ол да абай болуымды айтып қоштасты.
Оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгердің көңілінде тәуекелге толы ойлар да болған. Жастықтың жалыны Қайролла Жәдіковті майдандағы өмірдің барлық қырын тануға деген құштарлығын арттырды. Сол себепті ол бір кезеңде барлау қызметі құрамына ауысуды да ойлаған.
– Жаспыз ғой, бәрін көргіміз келеді. Разведрота қандай екен деп қызықтым. Әкем де соғыста болған соң, өзімше «мен де нағыз соғыстың ортасын көрейін» деген ой болған болар, – деп бүгінде күліп отырып баяндайды. –Полк командирінің орынбасары Жамбылдық қазақ жігіт болды, сол кісімен сөйлесудің сәтін күтетінмін. Бір күні жалғыз келе жатыр екен, қуанып кеттім, жақындап өтінішімді айттым. Ол кісі рұқсат берген жоқ, «тыныш жүр, ол жақта адам шығыны көп» деді. Қазір ойласам, оның сөзі мені талай қатерден сақтап қалған екен.
«Ауғанда жүріп, Германдиядан хат жаздым…»
Майдан өмірінің өзге бір қиындығы – жырақтағы жақындарыңнан сағынышпен сарғая хат тосу. Сарбаздар үшін үйден келген бір жапырақ қағаз үлкен қуаныш болатын. Алайда ол хабар бірден жетпейтін – дала поштасымен айлап жол тартады. Алдымен Кеңес Одағынан дивизияға, одан полкке, кейін ғана жігіттердің қолына тиеді.
– Хат алғанда ауылыңды, туған-туыстарыңды көзбен көргендей қуанасың. Ауылдың жаңалығы кім үйленді, кім көшті – бәрі жазылады. Оқып отырып, ауылға барып келгендей күй кешіп, бір мауқың басылады, – дейді ардагер.
Ауған даласында жүрген жас жігіт ата-анасын алаңдатпау үшін үйіне әскери қызметті Германияда атқарып жүрмін деп жазыпты.
Далалық пошта ғой, нақты қай ел екені көрсетілмейді, әскери бөлімнің нөмірі ғана жазылады. Үйден келетін конверттің сыртына қарындасым Германия деп жазып жіберетін, – деп бүгінде күліп еске алады ардагер. – Бірақ үлкен ағам білетін. Сол кісіге жазған хатымды әкем қойғаны бар.
Кейіпкеріміздің әкесі Қоқай Жәдіков – ҰОС ардагері, генерал Георгий Жуков орденімен марапатталған. Жаяу атқыштар дивизиясы құрамында 1942 жылғы Ленинград шайқасына қатысқан. Майданда бірнеше мәрте жарақат алып, соғыстың ауыр салмағын сезінген. Қан майданды өз басынан өткерген әке баласының тағдырына алаңдамай тұра алмасы анық еді.
Ауған жеріндегі ауыр кезең артта қалып, Қайролла Жәдіков 1988 жылдың жазында туған елге аман-есен оралды. 1989 жылы шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Өмірлік жары Әлиямен 15 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті. Ерлі-зайыптылар екі бала тәрбиелеп өсірді. Алайда тағдыр тағы бір ауыр сынақ ұсынды – жары жүрек ауруынан өмірден өтті. Соған қарамастан, Қайролла Қоқайұлы өмірдің қиындықтарына мойымай, балаларының болашағы үшін алға қадам басты. Бүгінде қызы тұрмыста, өзі Айша есімді немеренің атасы.

– Соғыс – өте қорқынышты. Оны көрген адам ғана оның не екенін шын түсінеді. Бұл – адам тағдырына түскен ауыр қасірет. Өкінішке қарай, әлемде әлі де болып жатыр, – дейді ардагер. – Ел ішінде заң мен тәртіп сақталса, қоғамда тұрақтылық болады. Ал сол тыныштықты күзетіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Заң үстем болған жерде ел де аман, жұрт та алаңсыз өмір сүреді.
Бұл – бір адамның ғана емес, бүтін бір буынның тағдыры. Олардың естелігі – бүгінгі ұрпақ үшін сабақ, ертеңгі күн үшін ескерту. Ауған соғысының ардагерлері – бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып тұрған тірі тарих.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттер жеке мұрағаттан
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
