«Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» І Республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауы өтті
Қостанайда Нұржан Наушабаевтың 160 жылдығына арналған «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» І Республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауы өтті.
Айтулы өнер додасына облысымыздан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Көкшетау, Семей өңірлерінен барлығы 15 өнерпаз қатынасты.
Мұнда ән орындаушыларға қойылған негізгі талап Нұржан Наушабаевтың бір әнін және халық әндері мен халық композиторларыныі бір шығармасын орындау.
– Нұржан бабамыз ақын, жырау, әнші, компазитор, сонымен бірге, Ыбырай Алтынсаринмен бірге қанаттаса жүріп, елдің рухани ағартушылық деңгейіне аза зор қызмет еткен тұлға. Сондықтан да, «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» І Республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауы Нұржан шығармашылығындағы ән жанрына бағытталды. Демек, Нұржан бабамыздың ел ішінде қазір ондаған шығармалары айтылып жүр, тіпті жиырма-отызғаға жуық шығармалары бар көрінеді. Біздің анық көзіміз жеткені Нұржан Наушабаевтың музыкалық мұрасын әлі де тереңдете зерттесе сарқылмайтын қазына екенін байқадық, – деді құрметті қонақ, қазылар алқасының төрағасы Алмас Алматов.
Өнерпаздарға бағасын берген қазылар алқасының төрағасы – белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дəстүрлі əн» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы-ғалым, «Парасат» ордені иегері Алмас Алматов. Сондай-ақ, қазылар құрамында ақын, филология ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет, ҚР мәдениет саласының үздігі, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жеке аспапта орындаушысы Батырбек Байназаров, ҚР мәдениет саласының үздігі, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манапбек Қадіров, Нұржан Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Саржанова болды.
Сайыс барысында Нұржан бабамыздың «Көңілашар», «Бәтимаға», «Көкенай», «Асыл-ай», «Ара-ай», «Жан сәулем» және «Назым» сынды әндері орындалды.
Осылайша екі күнге жалғасқан сайыстың нәтижесі бойынша дәстүрлі ән байқауының бас жүлдесі – Фархад Жәкішке бұйырды. Жаңаарқа жерінің тумасы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық өнер университетінің екінші курс студенті диплом және 500 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Алматыдан келген қатысушы Зарина Рахманбердиева бірінші орынды иеленді және 300 мың теңгелік сыйақы алды. Семей қаласынан келген Таңат Мұқашев пен елордалық Ақылтай Зекенов екінші орынға лайық деп танылып әр қайсысы 200 мың теңгеден сыйақы алды. Үшінші орынды Көкшетаудан келген Нәзира Бейсенова, жезқазғандық Сағымбай Мәлібеков пен Қостанай ауданынан Жанат Мінайдар алды. Үшінші орын жүлдегерлеріне 100 мың теңгеден сыйақы табысталды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77