Қазақстанда еңбек нарығының заманауи талаптарына бейімделу, азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру және жаңа мамандықтарға қайта оқыту мақсатында бірнеше мемлекеттік бастамалар жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – Skills Enbek онлайн платформасы. Бұл жоба еліміздің еңбек нарығын жаңғыртуға, халықтың өмір бойы оқуға бейімделуіне және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсетуге бағытталған.
Мақсаты мен міндеті
Skills Enbek – қысқа мерзімді онлайн курстардың маркетплейсі. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы тіркеліп, өзі қалаған курсты таңдап, қашықтан оқи алады. Курсты аяқтап, қорытынды тесттен өткен соң арнайы сертификат беріледі. Бұл құжат автоматты түрде азаматтың Enbek электронды еңбек биржасындағы түйіндемесіне тіркеледі. Яғни жұмыс берушілер үміткердің алған біліктілігін бірден көре алады.
– Қостанайда көбі негізінен персоналды басқару курсынан өтуді қалайды. Сұраныс үлкен. Сертификат білім алушының электрондық еңбек биржасында тіркеу кезінде жасаған түйіндемесінде автоматты түрде көрсетіліп, түйіндемені қарау кезінде әлеуетті жұмыс беруші сәтті оқудан кейін алынған сертификаттарды көреді, -дейді жұмыс іздеушілер секторының басшысы Альбина Утемисова.
Кәсіби және икемді дағдыларды дамыту, жұмыссыз қалған азаматтарға қайта оқыту арқылы жаңа мүмкіндіктер беру, шалғай ауылдардағы тұрғындарға қашықтан білім алуға жағдай жасау, жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпкерлікке қызығушылығы бар азаматтарды қолдау.
Skills Enbek порталына skills.enbek.kz мекен жайы арқылы немесе Enbek биржасының «Онлайн оқыту» бөлімі арқылы кіруге болады. Курстарды жеке тұлғалар да, ұйымдар да тегін орналастыра алады. Автормен бірге арнайы құралдар, яғни сабақ конструкторы, статистика, сертификат үлгілері және оқушылардың нәтижесін қадағалау жүйесі ұсынылады.
Курс таңдаған азамат оқу қарқынын өзі белгілейді. Материалдар видео, мәтін, инфографика, презентация түрінде беріледі. Курсты толық аяқтау үшін тыңдаушы міндетті түрде финалдық тесттен өтуі тиіс. Ең төменгі өту шегі – 70 пайыз. Сертификат автоматты түрде жүйеде сақталып, жұмыс берушілерге қолжетімді болады. Сонымен қатар құжатты QR-код арқылы тексеруге мүмкіндік жасалған.
Платформа іске қосылғаннан бері мыңнан астам онлайн курс орналастырылған, олардың едәуір бөлігі тегін. Курстардың тақырыбы әртүрлі, IT, цифрлық дағдылар, аграрлық сала, қызмет көрсету, сатылым, басқару, тіпті кәсіпкерлік негіздері қамтылған. Курстың ұзақтығы – 1 сағаттан 72 сағатқа дейін.
Министрліктің деректеріне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін жүздеген мың қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланған. Тыңдаушылардың үштен бірі – жұмыссыз азаматтар. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін үйрету де осы платформа арқылы онлайн форматта жүзеге асырылуда.
– Қолжетімділік пен икемділік – азаматтар өзіне ыңғайлы уақытта, қашықтан оқи алады. Әлеуметтік миссия – жұмыссыздарға, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға ерекше назар аударылады, – дейді маман.
2025 жылдың басынан бері 267 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде 45 мыңнан аса жұмыссыз азамат курстардан өтіп, сертификат алған. Жалпы тіркелгендердің саны – 809 мыңнан жоғары, ал биылдың өзінде 311 мыңнан астам адам қосылған. Платформа іске қосылған сәттен бастап 678 мыңнан астам тыңдаушы білім алған.
Жастар белсенділігі
Курстарды тәмамдаған жұмыссыздардың қатарында 12 мыңнан астам жас бар. Олар негізінен Түркістан, Қызылорда, Қостанай облыстарынан және Шымкент қаласынан. Бұл деректер жастардың цифрлық оқыту құралдарына қызығушылығы артқанын, ал Skills Enbek алаңы олардың кәсіби дамуына нақты мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді.
– Мен кондитерлік шеберлік курсын өткен едім. Қателеспесем, сабақ 40 сағаттан құрылған. Тәтті тоқаш, торттарды қалай дайындау керек екендігі көрсетілген. Қазір тапсырысқа торттар дайындаймын, – дейді Арайлым.
Платформада бүгінге дейін 1000-нан астам курс жарияланған, оның 340-ы тегін. Сонымен қатар Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары қолжетімді. Олар арқылы тыңдаушы басқа халықаралық білім беру алаңдарына өтіп, оқуды жалғастыра алады.
Шілде айында ең сұранысқа ие болған курстар. «Сенің мансаптық бастауың: «Электронды еңбек биржасын» қалай пайдалану керек», «Кассир»,«Сақтандыру агенті», «Арнайы көмекші (қозғалыста қиындығы бар адамдар үшін)»,«Қонақүйде сату бөлімін құру».
Сонымен қатар SMART SKILLS бағыты бойынша басқарушыларға арналған тегін курстардың да саны көбейіп келеді.
Айта кету керек, өзін қалаған кез келген курстарды өте беруге болады. Шектеу жоқ. Мысалы, қала тұрғыны Татьяна құлпынай өсіру бойынша және смм маманы бойынша курс өткен.
Мамандардың айтуынша, Skills Enbek платформасының негізгі мақсаты – халықтың білім деңгейін арттырумен қатар, азаматтарды жаңа еңбек нарығына бейімдеу, кәсіби дамуға ынталандыру. Платформа халықаралық тәжірибе негізінде жасалып, білім беру қызметтерін онлайн-маркетплейс үлгісінде ұсынады.
Тыңдаушы өзі үшін қолайлы оқу қарқынын, тілін және материалды ұсыну тәсілін таңдай алады, оқу барысындағы жетістігін бақылайды. Жүйеде жасанды интеллект негізіндегі чат-бот жұмыс істейді, ол кез келген сұраққа жылдам жауап табуға көмектеседі.
Платформа тек тыңдаушыларға ғана емес, авторларға да ыңғайлы. Курстарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тегін орналастыруға болады. Форматтары әртүрлі болуы тиіс, мәтін, бейне, аудио, презентациялар, инфографика. Арнайы қажеттіліктері бар азаматтарға да қолайлы интерфейс жасалған.
Мобильді қосымша
2023 жылдың желтоқсанынан бастап Skills Enbek курстарын Enbek мобильді қосымшасы арқылы да оқуға болады. Қосымшаны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеп алуға болады.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Skills Enbek платформасын стратегиялық құрал ретінде қарастырады. Ведомствоның айтуынша, бұл бастама халықтың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Министрлік алдағы уақытта платформаны жетілдіріп, басқа да білім беру жүйелерімен интеграциялауды жоспарлап отыр.
Қостанай облысының Карьера орталығы Skills Enbek-ті аймақта белсенді пайдаланып келеді. Мұнда жұмыссыз азаматтар мен жастарға платформа мүмкіндіктері таныстырылып, тіркелу мен курс таңдауға көмек көрсетіледі.
– Өзім түрлі қосымшалар арқылы дизайн дайындағанды жақсы көремін. Ал осы платформадан жаңадан қалай сайт ашу керек туралы курс бар. Мен сол курсты өттім. Веб дизайн, графикалық редакцияны үйрендім. Видео сабақтарда кейбір жерлері толықтырылса жақсы болар еді. Өйткені көбі былай интернетте де бар ақпарат, – дейді курсты өткен жастардың бірі Санжар.
Карьерлік орталық мамандарының айтуынша, көптеген қостанайлықтар қашықтан оқудың ыңғайлылығын жоғары бағалайды. Әсіресе ауылдық жерлерде тұратын азаматтар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Сертификаттар электронды еңбек биржасында автоматты түрде көрінетіндіктен, жұмысқа орналасу үдерісі жеңілдейді.
Skills Enbek – қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктердің алаңы. Бұл платформа қашықтан білім алуды қолжетімді етіп қана қоймай, еңбек нарығымен тікелей байланыстырады. Қостанай өңіріндегі тәжірибе көрсеткендей, дұрыс қолдау мен ақпараттық түсіндіру арқылы Skills Enbek жұмыссыздарға жаңа жол ашып, жастардың болашағына сенімді қадам жасауға көмектеседі.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Нуржан СМАИЛОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
