Біздің Қостанай Здравоохранение

Қала тұрғындарына QR код арқылы дәрі-дәрмек алу мүмкіндігі ұсынылды

Қазақстанның денсаулық сақтау саласында маңызды жобалардың бірі ретінде “Әлеуметтік әмиян” жүйесі қолға алынды. Бұл жоба денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасын арттырып, науқастарға тегін дәрі-дәрмектерді электронды түрде алуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында диспансерлік есепте тұрған науқастар өз емханаларының дәріханасына барған кезде қағаз құжаттарын немесе рецепттерді алып жүрмей-ақ, тек Egov mobile қосымшасындағы QR код арқылы дәрі-дәрмектерін ала алады. Бұл бастама дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үдерісін оңтайландырып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге бағытталған. Бұрын дәрі-дәрмектерді алу бірнеше қадамдардан тұратын ұзақ процесс болатын. Науқас емханаға келіп, дәрігердің қабылдауында болған соң, оған дәрігер арнайы рецепт жазып береді. Одан кейін науқастың телефонына рецепттің расталғаны туралы SMS-хабарлама мен дәріханаға барып дәрі алу үшін арнайы код жіберіледі. Науқас дәріханаға барып, сол кодты көрсеткен соң ғана фармацевт қажетті дәрі-дәрмектерді беретін. Кейде SMS хабарламасының кешігуі немесе байланыс мәселелері уақытты алады. Мұндай жағдайда науқастар ұзақ күтіп, кезектер көбейіп, ыңғайсыздық тудыратын.

Жаңа жүйе бұл үдерісті айтарлықтай жеңілдетуді көздейді. Енді Egov mobile қосымшасында дәрігер тағайындаған рецепт электронды түрде сақталып, науқас дәріханаға келгенде QR кодты көрсету арқылы дәрілерін ала алады. Ең бастысы, бұрынғыдай SMS күтудің қажеті жоқ, рецепт автоматты түрде жүйеге енгізіледі. Жүйе дәріні алғаннан кейін науқастың дәрімен қамтылғаны туралы автоматты түрде белгі береді, яғни фармацевт ешқандай қосымша құжаттарды толтырмай-ақ науқастың қажеттілігін жүйеге енгізе алады. Егде жастағы адамдар үшін дәрі алу кезінде қағаз түріндегі рецептпен жұмыс жасау мүмкіндігі сақталады. Өйткені көптеген үлкен кісілер телефонды немесе мобильді қосымшаларды пайдалана алмауы мүмкін. Бұл оларға қолайлы және бұрынғы әдіспен дәрілерін алу жолын жалғастыруға мүмкіндік береді.

-Болашақта біз толығымен электронды жүйеге көшуді жоспарлап отырмыз. Қағазсыз рецепт жүйесі медицина қызметін оңтайландыруға, уақытты үнемдеуге және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа жүйе арқылы науқастар дәрігерге қаралып, QR код арқылы рецепт алып, қажетті дәрі-дәрмектерін дәріханадан жылдам ала алады. Мобильді қосымша Egov-ты қолдана алмайтын немесе телефондары мүмкіндік бермейтін азаматтар үшін қағаз түріндегі рецепт сақталады. Оларға цифрлық технологияларға бейімделу қиын болуы мүмкін. Сондықтан біз оларға ыңғайлы жолды ұсынуды жалғастырамыз,- дейді Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанова.

Жоба қазіргі уақытта сәтті жүзеге асуда және оның аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жылдамдығы артты. Адамдар жаңа жүйеге қызығушылық танытып, оның жұмысын түсініп, пайдалану жолдарын үйренуге ниет білдіруде. Дәріханаларда арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға жаңа жүйені қалай қолдану керектігі үйретілуде. Бұл жоба денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру үдерісін одан әрі дамытып, науқастар үшін қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
сурет ашық
ақпарат көзінен


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77