Біздің Қостанай Социум

Қазақстанның құрметті кітапханашысы Гульфира Галиуллина жайлы мөлтек сыр

Көзі қарақты оқырманның есінде болар, Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы жаппай кітап оқитын ұлтқа айналудың маңызына ерекше тоқталған болатын.

Осында айтылған тұжырымның жүзеге асуына парасат биігінде жүрген кітапханашылар қауымының қосып жатқан үлесі де айтарлықтай. Бүгін біз осы бағытта мінсіз қызмет атқарып, қостанайлықтардың ілтипатына бөленіп жүрген жайсаң мінезді жан Гульфира Өмірзаққызы Галиуллина жайлы әңгімелемекпіз.

Осынау сөзі мен ісі бір жерден шығатын білікті маман бұл күндері Л.Толстой атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында бөлім жетекшісі болып қызмет атқарады.

Кітапқұмарлық – отбасынан басталды

Жоғарыда аталған парасат ордасында аянбай еңбек етіп келе жатқан өз саласының майталманын мен көптен бері білемін. Алайда, онымен емен- жарқын сырласудың сәті таяуда ғана келді. Бірден айтарым, бұл замандасымыз да өзі жайлы айтуға сараң. Сондықтан араға біраз уақыт салған соң кездестік.

Бір ғажабы, біз тез тіл табыстық. Жүздесу барысында ол маған белгісіз біраз жайды асықпай баяндап берді. Енді соған рет-ретімен тоқталғанды жөн көрдім. Жалпы, кітапқұмарлық және қазіргі өзі шын беріліп атқаратын қызметіне деген қызығушылық сонау артта қалған балалық шағында яғни, мектеп қабырғасында жүргенде басталыпты.

Қайсы бала болсын өз ата-анасын қадір тұтып, соған еліктеп өседі емес пе. Оның үстіне мұның әке-шешесі талай шәкірттерді түлетіп ұшырған ұлағатты ұстаздар. Ал, шаңырақтың иесі, бір әулеттің басшысы, ардақты әкесі Өмірзақ аға артында өшпес ізін қалдырған айтулы педагог еді. Мұндай зиялы кісі оқығаны мен тоқығаны мол, білімнің нағыз шыңына көтерілген асыл азамат болып келетіні белгілі. Өзінің қарым-қабілеті, адамдармен жұмыс істеудегі ерекше тәсілінің арқасында директор лауазымына дейін көтерілді. Анасы Рәсима болса, ғұмырлық серігіне сай бала жанының бағбаны, мұғалімдікті пір тұтқан, жан дүниесі рухани жағынан кемел-ді.

Олардың өткен өмір жолына тоқталатын болсақ, Өмекең қазағы қалың Торғайда туған. Зайыбы Рәсима жер жәннаты Талдықорғанда өскен. Ерлі-зайыптылар кезінде мәңгілік жасыл қала Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтта оқып жүргенде танысып, студенттік шақтары бірге өткен. Аталмыш шаһарда жоғары білім алып, химик-биолог мамандығын игерді.

Содан қолдарына диплом тиген соң Қостанай облысындағы Қамысты ауданына қарасты Бестау ауылында ұстаздық жолдарын жалғастырды. Осындағы жергілікті тұрғындардың ұл-қыздарын білім нәрімен сусындатып, олардың заман талабына сай азамат болып қалыптасуына өздерінің лайықты үлестерін қосты.

Галиуллиндер әулетінде үш ұл мен үш қыз тәрбиеленді. Ауылда ғұмыр кешкен соң балаларының бәрін де кішкентайынан еңбекқорлыққа баулыды. Біздің кейіпкеріміз сол перзенттерінің бесіншісі. Ерекше бір атап өтер жай, отбасында әке-шешелерінен бастап бәрі де кітап десе ішкен астарын жерге қоятын. Бір бөлмесінің сөрелерінде танымдық кітап қоры жеткілікті-тін. Ол аз десеңіз, республикаға танымал беделді басылымдарды да жаздырып алатын. Үй ішімен сол газет-жорналдардың әрбір санын асыға күтетін.
Қазақта ата-әженің орны бөлек қой. Олардың берген тәлімі мен тәрбиесіне, мейірімі мен ұрпағына деген шексіз махаббатына ештеңе жетпейді. Атасы Галиолла мен әжесі Аққанымның жарқын бейнесі немерелерінің жадында мәңгілік сақталып қалды.

Мамандық таңдауда қателеспеді

Бестау ауылындағы мектептегі жылдар да ә дегенше өте шықты. 1986 жылы Гульфира өзге құрбыларымен бірге білім ордасын аяқтап қолына кәмелеттік атттестат алды. Содан кейін өзі түлегі болып табылатын ұжымда кәдімгі қатардағы пионер жетекшісі ретінде жұмысқа қабылданды.

Кезінде белсенді оқушы атанған бойжеткен осы қызметті ұршықша үйіріп алып кетті. Әріптестері мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырушылық қырымен көзге түсті. Көп өтпей ол кішкентайынан алдына қойған мақсатына жету үшін жүрегі қалаған мамандықты игеруге ұмтылды. Ол осы ойын әке-шешесіне жеткізді.

Сол кезде ата-анасы қыздарының есеп қызметкері болғанын дұрыс көрді. Алайда, табанды жас өз таңдауын жасады. Араға бір жыл салып, облыс орталығындағы Қостанай мәдени-ағарту училищесінің кітапханашылар бөліміне түсті. Кезінде аталмыш оқу орны да аты айтып тұрғандай, талай мәдениет саласының білікті кадрларын дайындады. Мұнда қаншама ұлағатты тәлімгерлер бойжеткендер мен бозбалаларға дәріс беріп, оларды қанаттандырып шығарды.

Гульфира Өмірзаққызы өзінің қағылездігі және кәсібіне деген ерекше құштарлығының арқасында екі жылдың ішінде білікті маман иесі болып шықты. Содан кейін туған жеріне оралып, өзі тәлім алған білім ордасында кітапханшылық жұмысты жалғастырды.
Әрине, бұл кезеңдер де босқа өткен жоқ. Ең бастысы, кітапханашылық қызметтің көзге көріне бермейтін өзіндік қыр-сырын жетік меңгерді. Оқырмандармен тығыз байланыс орнатып, көптеген үлкенді-кішілі қауымның шынайы алғысына бөленді. Оқушыларға кітап оқудың пайдасы мен артықшылығын ұғындырып, олардың ойлау жүйесін қалыптастыруға атсалысты.

Мұндай маман қайда болса да қадірлі әрі абыройлы емес пе. Өз саласы бойынша едәуір тәжірибе жинақтап, әбден ысылған Гульфира 2000-нші жылы жадыраңқы жаз айында қазіргі Л.Толстой атындағы облыстық кітапхананың абонемент бөліміне қызметке қабылданды. Өзінің іскерлігі және біліктілігінен де шығар, жаңа ортаға тез сіңісіп кетті.

Ол негізгі жұмысынан қол үзбей жүріп, сырттай Алматыдағы Орта-Азия университетінің кітапханатану және библиография факультетін аяқтады. Жоғары білімді маман осы жылдар ішінде әбден шыңдалып, өңіріміздегі кәсібін жетік меңгерген кітапханашылардың біріне айналды.

Уақыт өте оған үлкен сенім артылып, аталмыш руханият ордасының көзі көрмейтін және нашар көретіндерге арналған жаңа бөлім ашылып, соған жетекшілік етті. Бұл қызметтің де өзіндік жауапкершілігі мен қиындығы аз емес. Тынбай ізденістің және кәсібін үнемі жетілдіріп отырудың арқасында келушілердің талап тілектерін орындап, олардың көңілінен шықты.

Соңғы біраз жылдан бері кітапханадағы толықтыру, құжаттарды өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөліміне басшылық етеді.

Мұнда жеті адам жұмыс істейді.

Бөлімнің негізгі міндеті – кітап қорын арттыру, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат бөлімінің мемлекеттік тапсырыс бойынша еліміздің беделді «Өнер», «Жазушы», «Фолиант» және басқа да көпшілікке кеңінен танымал баспаларында жарық көрген түрлі тақырыптардағы кітаптарды өңірдегі 336 кітапханаларға таратады.

Сондай-ақ, Қазақстандағы беделді «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» «Ана тілі», «Казахстанская правда» және өзге де газет-журналдарды жаздырып алады. Көзі көрмейтіндерге арналған әдебиеттер де бар.

Ол бір бөлімде күнделікті қызмет атқаратын әріптестерімен де сыйласып, бір мақсат жолында аянбай қызмет етіп келеді. Өзі ерекше ілтипатпен ауызға алған әріптестері Күлзинат Оспанова, Ұлдай Нұраленова, Жанат Қойшыбаевалар да тәжірибелері мол, облыстық кітапхананың абырой-беделін көтеріп келе жатқан мамандар. Бұлардың қай-қайсының да есімдері мақтан етуге әбден лайық-ты. Өйткені, халықпен тығыз байланыста қызмет атқарып, өз саласының нағыз білгірлері атанған жандар.

Облыстық кітапхана өңірдегі әдістемелік орталығы ретінде көпке белгілі. Себебі, көп жылдардан бері аймақтағы аудан және қала, ауыл кітапханашыларына бағыт-бағдар беріп, қызмет барысында оларға қолдау көрсетеді әрі тәжірибелерімен бөлісіп отырады.
Абырой еңбекпен келеді

Өзіміз әңгімеге арқау етіп отырған Гульфира Өмірзаққызы мәдениет саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан айтулы маман ғана емес, жапырағын тереңге жайған бір әулеттің ұйытқысы. Адал жар, сүйікті ана, ақылшы әже. Ол отағасы Бақытжанмен 1989 жылы отау құрды.

Ынтымағы жарасқан шаңырақта Әсем есімді қыз бала дүниеге келіп, отбасының бақытын шалқытты. Уақыт деген жүйрік аттай зырылдап өте шығады екен. Сол перзенттері де бойжетіп, көңілдері жарасқан Дәмермен тағдырын қосты. Күйеуі екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, ата-әжесіне үш немере сүйгізді.

Кейіпкеріміз жан-жақты білімді, зерделілікті қажет ететін кәсіпті жетік игерудің нәтижесінде өзгелерге үлгі-өнеге көрсетті. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Гульфира еңбек жолын енді бастаған көптеген жастардың сүйіктісіне айналды. Бәрінің аты-жөндерін айтпағанның өзінде, кешегі бұдан тәлім алған Анастасия Степанова бұл күндері танымал кітапханашылардың қатарында. Соған қуанып, оның сенімін ақтағанына кеудесін мақтаныш сезімі кернейді.

Қандай сала болмасын адал еңбек, маңдай тер ескерусіз қалмайды. Оның осы кезге дейінгі атқарған жұмыстары лайықты бағасын алды. Облыстық мәдениет басқармасы және ұжым атынан бірнеше рет Құрмет грамоталарына ие болды.

Үстіміздегі жылы оның жұлдызы жанып, «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Бұл оның мәртебесін асқақтатып, әріптестерінің алдында мерейі үстем етті.

Онымен әңгімелесу барысында «Кітапханашы қандай болу керек?» деген сауал қойғанымда сұхбаттасым көп ойланбастан:

«Оқырман бізге үлкен үміт артады. Сондықтан оларға қалтқысыз қызмет көрсетіп, іздегендерін тауып беру басты міндетіміз. Оқырмандардың алғысына бөлену шексіз бақыт сыйлайды», -деді.

Замандасымыз уақыттың қадірін біледі. Қызметтен қолы бос кездері жан-сарайын байыту үшін театрларға барады. Табиғат аясында серуендегенді жаны сүйеді. Кітап оқу мақаланың басында айтылғандай, оның сонау бала кезден бергі қалыптасқан дағдысы.
Бұл тәжірибелі маман иесімен жүздесу алдында облыстық кітапхана директоры Сәния Серікқызы Безаубековамен тілдескенде былай деп сыр шертті:

-Гульфира Өмірзаққызы біздің ұжымның мақтанышына айналған әріптесіміз. Оның қызметіне деген ерекше жауапкершілігі, адамдармен қарым-қатынастағы инабаттылығы мен жоғары мәдениеті, терең білімі, құрметі кейінгі жастарға ғибрат. Биязы мінезінің арқасында жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Сонымен бүкіл саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған айтулы маманмен асықпай сөйлескенде көп жайға қанықтым. Соңғы жылдары бұл мамандық иелеріне елімізде айрықша көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде қазан айында кітапханашылар күні тиісті деңгейде аталып өтеді.

Сондай салтанатта құрметке бөленгендердің бірі – Гульфира Өмірзаққызы Галиуллина. Оның болашақта да биік белестерді бағындыра беретіндігіне шүбә келтірмейміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77