Социум

«Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық»

Рухани құндылыққа толы онлайн  дөңгелек үстел өтті

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі   «Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық» деп аталатын онлайн дөңгелек үстел өткізді. 3-5 қыркүйек аралығында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығынан солтүстік бағыттағы ғылыми экспедиция Қостанай облысына арнайы келді. Олар өңіріміздегі бірнеше қасиетті орындарды аралады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан тарихындағы геомәдени кеңістіктегі ерекше қасиеттілік құбылысын, топонимдерді, белгілі тұлғалардың қызметі мен жерленген қасиетті орындарын зерттеу арқылы рухани және білім беру саласын дамыту, әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының қасиетті нысандарының сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету.

Дөңгелек үстел жұмысына М.Қ. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты З.С. Тайшыбай,  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ж.О. Артықбаев, К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты М.Қ. Хабдулина, философия ғылымдарының докторы Р.И. Иманжүсіп, тарих ғылымдарының докторы М.А. Алпысбес, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Т. Жәнісов ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты А.Қ. Шаяхмет, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты З.С. Мәлікова, Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ директоры С.Б. Ысқақов, Қостанай қаласы білім бөлімінің №28 мектеп-гимназиясының мұғалімі Б.Қ. Қайпаева, сонымен қатар өлкетанушылар, музейлердің, мәдениет және білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелді Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтау сөзімен ашты. Zoom платформасында өткен іс-шараға қатысушылар өңірлердегі қасиетті орындарды сақтау, насихаттау жұмыстары жайында, белгілі тұлғалардың қызметі мен жерленген орындарына қатысты, жойылып кетуге аз қалған киелі орындарды зерттеп-зерделеудің қажеттігі жайында пікірлермен бөлісті. Дөңгелек үстелдің модераторы – «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Б.Жұмабаев осы уақыт аралығында қасиетті нысандар тізіміне енген орындарды жаңғырту, насихаттау, тұрғындар арасында дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысының орынбасары Эльмира Алшимованың айтуына қарағанда, өткізілген дөңгелек үстелді маңызы өте зор. Бүгінде қасиетті жерлерді танып білу арқылы болашақ жастарды Отанын сүюге тәрбиелеп, олардың бойына рухани құндылықтарды қалай бағалау керектігін қалыптастырамыз. Еліміздің өзге аймақтарындағы білікті жандардың баяндамасын тыңдай отырып, жалпы қазақ жерінің қаншалықты қасиетті екенін көпшілік жете ұққан.

Сондай-ақ дөңгелек үстел соңында  қасиетті орындарға қатысты инфрақұрылымды дамыту, әдістемелік кеңестер беру және басқа да мәселелерге ұсыныстар жасалды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77