Оған әрбір отбасы үлестерін қосса мәртебесі асқақтайды
Қалада қоғамдық көлікпен көп жүреміз. Жуырда мынадай бір оқиғаға тап болдым. Халық көп жиналатын аялдамадан бір топ жас автобусқа мінді. Олар жан-жағындағы үлкенді-кішілі кісілерді елеген де жоқ. Көңілдегідей сауатты сөйлесе де мейлі ғой. Келсін-келмесін өзге тілде бірдеңелерді айтып жатты.
Олардың бәрі де өзіміздің қарагөздеріміз. Жасөспірімдердің әңгімесіне шыдамады білем, жанымдағы жетпістің үстіндегі ақсақал: «Қарақтарым, сендер қазақ деген ұлттың баласысыңдар ғой. Неге ана тілдеріңде сөйлемейсіңдер?» – деп ауыр күрсініп алды. Сол кезде жастардың бірі басынан сөз асырғысы келмеді ме, лезде: «Ақыл айтып, сөзіңізді шығындамай-ақ қойыңыз. Қай тілде тіл қатуды өзіміз білеміз», – деп жауап берді.
Әрине, оны тыңдап отырған біздің ұлт өкілдерінің жүзі төмен қарап, еңсесі түсіп-ақ қалды. Осыдан кейін біраз уақытқа дейін жабырқап жүрдім.
Жоғарыдағы жайт менің ғана емес, барша ағайынның жанына батып, намысына тиіп жүрген мәселе екеніне шүбә келтірмеймін.
Сондықтан көзбен көріп, көңілге түйгендерімді баяндағанды жөн көрдім.
Осыдан отыз үш жыл бұрын еліміз Тәуелсіздік алып, Көк туымыз көкте желбірегенде «Енді ана тіліміз де жетім баланың күйін кешпей, оның мәртебесі өседі» деп қуанғанымыз рас.
Әлбетте, бұл орайда республикамызда талай іргелі істер атқарылды. Басқа өңірлерді айтпағанның өзінде, Қостанай өңірінде де жүзеге асырылған игі іс аз емес. Мәселен, кешегі Кеңес Одағы кезінде облыс орталығында жалғыз ғана Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат болды. Онда, негізінен, аудандар мен ауылдардағы қарапайым еңбек адамдарының баласы жатып оқыды.
Қостанай қаласының өзінде бірде-бір мемлекеттік тілде оқытатын басқа білім ордасы болған жоқ. 1991 жылы шаһарда алғаш рет жоғарыда аталған мектеп-интернаттың жанынан бастауыш қазақ сыныбы ашылып, зиялы қауым балаларын мектепке қолынан жетектеп алып барғаны әлі есімде. «Ұрпағымыз ана тілінде оқитын болды» деп көзіне жас алғандарды да білеміз.
Уақыт өткен сайын бауырларымыздың да намысы оянып, перзенттерін сол білім ордасына бере бастады.
Оқушылардың саны көбейген сайын сыныптар саны да арта түсті. Сол бастауыш оқу орны кейін орта мектепке айналды. Бұрынғы қаланың қақ ортасындағы бір орыс орта мектебінің орнына қазақ мектебі ашылды. Кейін оған қазақтың көрнекті ақыны, даңқты жерлесіміз Сырбай Мәуленовтің есімі беріліп, гимназия мәртебесін алды.
Сол жылдардағы өңір басшысының тікелей қолдауымен қаражат бөлініп, ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Сөйтіп, үш қабатты оқу орны адам танымастай құлпырып шыға келді. Әрбір ата-ана осы жерге ұрпағын оқытуға талпынды.
Соңғы уақытта Қостанайға жан-жақтан қоныс аударушылар қатары көбейді. Қазақша мектептер тарлық ете бастады. Тиісті орындар халық сұранысын ескеріп, шаһардың шет жағынан қазақ мектептерін ашты.
Шона Смаханұлы секілді ұлтжанды азаматтар біздің өңірден де табылды. Бұл ретте бүкіл саналы өмірін мемлекетіміздің өркендеуіне арнаған абыз ақсақал Омар Төртбаевтың тілімізге ерекше жанашырлығын атап өткеніміз жөн.
Ол шақта ақсақал кеншілер қаласы Рудныйда тұратын. Қазақ үшін қандай қиындыққа да дайын атамыз жасының ұлғайып қалғанына қарамастан, үй-үйді аралап, ата-аналарды ұл-қыздарын қазақша оқытуға үгіттеді. Бұл кезде шаһардағы қандастарымыздың саны пайызға шаққанда өте аз болатын. Сондықтан Омекең уақытпен санаспады.
Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, тұрғындардың балаларын өз тілдерінде білім беруге көндірді. Жергілікті басшылардың да қолдауына ие болды. Осындай жанкешті әрі қажырлы еңбектің нәтижесінде қазақша сыныптар есігін айқара ашты. Мұнда да бала саны жылдан-жылға артып, ұлттық рухта тәрбие беретін білім ордалары көбейді. Қазіргі таңда онда таза қазақ тіліндегі оқу орындарының қатары бірнеше. Білім ордасына көрнекті тұлғалардың есімі берілді.
Омар ақсақалдың құрметіне бір мектептің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылды. Жалпы, бұл кісіге қандай ілтипат көрсетсе де, әбден жарасады. Осындай белсенді, қайраткер қарттарымыз артса, қазақ елінің де абыройы асқақтай түседі деген терең ойда қаламыз. Өткен мерзім ішінде Қостанай, Рудный, Жітіқара қалаларымен қатар, өңірдің Қарабалық, Меңдіқара, Ұзынкөл, Қарасу, Федоров, Алтынсарин және басқа да аудандарында қазақ мектептері ашылды.
Өңірдің бірқатар ауылдарында да ашылған білім ордаларында қарагөз балаларымыз білім алып жатқаны шексіз қуанышқа бөлейді. Балдырғандардың ұлттық тәрбиесінің негізі отбасымен қоса балабақшаларда да қаланатынын жақсы білеміз. Бұл орайда да Қостанай облысының қалалары мен аудандарында қаншама игі өзгерістер болды. Өзге ұлт өкілдері де баласын кішкентай кезінен қазақ топтарына беріп жатқаны белгілі. Өйткені олар да ұрпағының болашағы қазақ тілінде екенін түсінеді.
Осы арада өзімізді көптен бері мазалайтын кейбір ой-пікірімізді айта кетпесек, мақаламыз толық шықпайтын секілді. Бұл күндері Қазақстанды бүкіл әлем мойындады. Қай жағынан болсын, үлге етер жақтарымыз жеткілікті.
Бірақ, қаншама уақыт өтсе де, ана тілдеріне немқұрайды қарайтын қандастарымыз да жоқ емес. Олар отбасында перзенттерімен қазақша сөйлеспек түгілі, өздері де оны жете білуге талпынбайды. Өздері құлшыныс танытпаса, жарқын болашағымыз болатын ұл-қыздары туралы не айта аламыз. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз босқа айтылмаса керек.
Мына бір жай да зиялы жұртшылықты бейжай қалдырмайды деп үміттенемін. Қайсыбір шаңырақ иелері балаларын әу баста қазақ сыныптарына бергенімен, кейін «Өзіміз қазақша білмегендіктен, балаларымызға сабақты түсіндіре алмаймыз. Сол себепті оларды орысша оқытқан тиімді» деседі. Ал бұған керісінше орыс мектептеріндегі ұл мен қызын қазақ сыныптарына беріп, «Бұрын қалай байқамағанбыз, қазақша оқыған баланың түсінігі де, ұлтқа деген құрметі де өзгеше болады екен» десіп, мақтанышпен айтатындар да арамызда кездеседі.
Жасыратыны жоқ, балабақшалардың қазақ тобына да барып тұрамыз. Мұнда алғашқыда сәбилердің басым көпшілігі орысша сөйлеуге бейім. Өйткені анасы үйде өз тілінде баласымен тілдесіп, күнделікті үйретіп отырмаса, оның да келешегі бұлыңғыр секілді. Себебі бүлдіршінге тәрбиешілері үйреткенімен, үйде қазақ тілін одан әрі ұштамаса, ұмытып қалады. Ананың тілі қазақша болмай, баланың қазақ болатыны да күмәнді.
Бұл мысалдарды неге келтіріп отырмыз. Себебі бізге әлі де болса ұлттық намыс, тілге деген ерекше құрмет жетіспейді. Айналаңызға бір сәт қараңызшы, ойыңызға ой қосар мысал аз емес. Мәселен, шетелдерден келген азаматтар аз уақыттың ішінде қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлесіп жүр. Ұлттық құндылығымыз – қасиетті домбырамызды да үйреніп, әндерімізді де асқақтата орындайды.
Міне, осындай мысалдарды басылымдардан оқып, теледидардан көрген кезде сол баяғы «Шіркін, туған жерімізде тұрып, ана тіліміздің қадір-қасиетін қашан білеміз. Басқалардың алдында қашан тіл мәселесінде еңсемізді көтеріп, жүзіміз жарқын болады?» деп ойлаймыз.
Қазақ тілі ең алдымен қазаққа керек. Соны ұғынатын кез жетті. Бірақ әлі де болса болашағымыз қазіргі жастардың қолында екенін бір сәтке де ұмытуға болмайды. Егер әрбір ата-ана өз шаңырағында баласына ана тілін қадірлеп, ұлттық салт-дәстүрін ұлықтап, заман талабына сай білім алуы қажет екенін ұғындырып отырса, мақала басында айтылғандай оқиға сирер еді.
Оразалы ЖАҚСАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
