Социум

Қазалы үйде дастарханды қуанышты тойдағыдай жайнатып қойған дұрыс па?

Бүгін Қостанай облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігінде «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Дін мен дәстүр: ысырапшылдықтың алдын алу» тақырыбында облыстық конференция өтті.

Қаралған мәселелер қоғам үшін өзекті әрі маңызды болды, себебі олар артық шығындардың алдын алуға және ысырапшылдықты болдырмауға бағытталған.

– “Ас адамның арқауы” дейді, тойда болсын, жиында болсын мұны ысырыпқа жол бермеу керек. Шариғат бойынша қайғылы үйде үш күнге дейін ас бермеген жөн. Алыстан келген туыстарға кішігіріп қонақасын берсе жарайды. Бүкіл халықтың жиналуы не шариғатқа, не дәстүргеде тура келмейтін нәрсе. Той дастарханы мен астың айырмашылығы болу керек. Жерлеу мәселесі де, барлығымыздың баратын жеріміз сол жер. «Қамқор-Шарапат» ритуалдық қызмет көрсету орталығы бекіткен ережелерге сай болуы тиіс, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Сансызбай қажы Құрбанұлы.

Іс-шараға белгілі діни және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар мен ақындар қатысты. Конференцияның қорытындысы бойынша келесі маңызды шешімдер қабылданды. Біріншіден, Қостанай облысында қайтыс болған адамның жаназасы алдында бір күн бұрын қонақтарға ас беру дәстүрін тоқтату. Тағам мәзірін реттеу: баурсақ немесе нан, қант, кәмпит-печенье, су, шай және ыстық тамақпен шектеу. Діни рәсімдердегі сөз сөйлейтін адамдар санын үш адаммен шектеу. Зираттарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қамқор-Шарапат» ритуалдық қызмет көрсету орталығы бекіткен ережелерге сәйкестендіру, қабір тастарына суреттер, Құран аяттары, өлеңдер салуды тоқтату. Жыл сайынғы ас беру рәсімдерінде көрсетілетін бейнероликтердің мазмұнын бақылау, музыкалық сүйемелдеуге назар аудару және бейне мен фотосуреттерде алкогольді ішімдіктер мен орынсыз киімдерді болдырмау. Осы қабылданған шешімдерді құжатпен бекітіп, қол қойылды.

– Өшпенділік, мақтаншақтың қоғамның дамуын тежейді деп президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы ұлттық құрылтайда айтқан болатын. Құрылтайдан кейін талқыға салынып жатқаны көптеген қоғамдық мәселелер ушығып кеткен сияқты. Әлеуметтік желі дамыған заманға түрлі ойға қонбайтын нәрселерді көріп жатырмыз. Жаназа болсын, зиратқа барғанда болсын телефонды алып шығып сол жағдайды суретке, видеоға түсіріп жатқандар бар. Ол қаншалықты орынды деп ойланғандарыңыз дұрыс,- дейді Қостанай облысы Дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Конференция барысында көптеген адамдардың адам қайтыс болғанда той секілді мол дастархан жайып, торттар мен түрлі тәттілер әзірлеуге әдеттенгені ерекше атап өтілді. Мұндай салт-жоралғылар отбасына ауыр материалдық жүк артып қана қоймай, қарапайым және құрметпен өтетін діни дәстүрлерге қайшы келеді.

Бұл шешімдердің басты мақсаты — артық шығындар мен ысырапшылдықты болдырмау, жақындарынан айырылған отбасының ауыртпалығын жеңілдету. «Өмір бар жерде, өлім де бар» дегендей, марқұмды соңғы сапарға шығарып салу ауыр сынақ, сондықтан әрбір нәрсе мұқият ойластырылып, қайғы жамылған отбасының азабын жеңілдету үшін жасалуы тиіс.

Аяжан СЕРІК, суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77