Біздің Қостанай Социум

Азаматтарды қабылдау және қалалық қызметтермен өзара іс-қимылы

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жаңа форматы мен даму бағытын білдіретін маңызды бастама. Бұл идея азаматтар мен билік арасындағы ашық диалогты, әр адамның пікірін, өтінішін және күнделікті өмірде туындайтын мәселесін дер кезінде тыңдауды және жауап беруді көздейді

Мемлекет қоғамның қажеттілігіне құлақ асып, тұрғындардың сеніміне ие болу үшін тек басқарушы орган емес, белсенді серіктес болуы керек деген қағиданы қалыптастырады. Бұл тұжырымдаманың негізінде әділдік, ашықтық, қолжетімділік және жауапкершілік қағидаттары жатыр. Қазіргі заманда қоғамдағы өзгерістердің қарқыны жылдам. Мәселелер де күрделене түсуде. Осындай жағдайда мемлекет пен халық арасындағы өзара түсіністік пен тиімді байланыс тұрақтылықтың және қоғамның дамуының басты шарты.

Әкім аппараты

Егер азамат өзінің өтініші қараусыз қалмайтынын, нақты нәтиже болатынын білсе, билікке деген сенім артады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы сенімді күшейтуге бағытталған, ал халықтың мәселесіне бейжай қарамайтын, іс жүзінде шешім қабылдайтын жүйе құруға мүмкіндік береді.

-2025 жылдың 1 қаңтарынан 17 қарашасына дейін Қостанай қаласы әкімдігінде барлығы 76 азаматтарды қабылдау өткізілді. Осы кезеңде жазбаша және электронды түрде 3741 өтініш тіркелді. Қала әкімі жеке қабылдауды 19 рет жүргізген, – дейді Қостанай қаласы әкімінің аппаратының басшысы Максим Моргунов.

Әкім аппаратының мәліметінше, азаматтарды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес және тұрғындардан түскен өтініштерге қарай жүйелі түрде ұйымдастырылады. Тұрғындар көтеретін мәселелердің аясы кең болғанымен, ең жиі қойылатын сұрақтар – баспана беру, көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу, ОСИ/ПКСК жұмысына қатысты ұсыныстар, қала және аулалар ішіндегі жолдарды, тротуарларды асфальттау, балалар ойын алаңдарын орнату, ағаштарды кесу және тәжін қалыптастыру, қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін өзгерту, ПДП әзірлеу, тұрғын үйлердің сапасыз құрылысы, жер телімдерін бөлу, сондай-ақ «Инватакси» қызметіне қатысты мәселелер. Өтініштердің ішінде көш бастап тұрғаны – абаттандыру тақырыбы. Әкім аппаратының айтуынша, жылдан жылға өзгермей қайталанатын мәселелер жоқ, себебі мәселелердің сипаты маусымға, қаланың даму жобаларына және нақты жағдайларға байланысты өзгеріп тұрады. Нақты мысалдар да аз емес.

– Мәселен, «Қостанай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» Красносельская көшесі, 22 мекенжайындағы орталыққа кіреберістегі асфальтты жаңарту туралы өтініш білдірген, жұмыс орындалды. «Мир нашими глазами» зағип жандар ұйымы оқу үшін арнайы орын беру жөнінде сұрау салған, нәтижесінде мүлікті жалға алу туралы келісім жасалды. Титова көшесі, 21 үй тұрғындарының электр қуатының өшірілуіне қатысты шағымы да оң шешімін тапты: ескі нысан бұзылғаннан кейін туындаған мәселені жою үшін трансформатор тексеруден өтіп, қайта орнатылды. Мұндай мысалдар көп, барлық мәселелер қолданыстағы заңнама аясында қаралып, шешімін табады. Өтініштердің шешілу мерзімі әр жағдайға жеке анықталады, – деп жауап берді әкімдік қызметкері.

Қаржыландыруды қажет ететін мәселелер бюджет қаражаты бөлінген сайын кезең-кезеңімен орындалады. Дегенмен әкім аппараты барлық өтінішті уақтылы қарау қағидаты сақталатынын атап өтеді. Тұрғындардың онлайн-платформаларды белсенді пайдалануы да байқалады, өтініштердің басым бөлігі e-Otinish арқылы түседі. Соңғы жылдары азаматтарды қабылдауға қатысты тәсіл жаңарып, «Азаматтарды қабылдау орталығының» ашылуы тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасады. Сонымен бірге, өтініштерді қарау тәртібі мен мерзімін айқындайтын әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жұмыс сапасын айтарлықтай арттырды.

Басқа да өтініштер

Тұжырымдаманың маңызды бағыттарының бірі мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшті, тұрғындар өтінішті үйден шықпай-ақ e-Otinish арқылы жолдап, оның орындалу барысын онлайн бақылай алады. Бұл бюрократияны азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді және мәселелерді шешу жылдамдығын арттырады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен қоғамдық қабылдау форматтарының белсенді қолданылуы биліктің халыққа жақын болуына ықпал етеді. Бұл механизмдер мемлекеттік органдарды кез келген мәселеге жедел әрі түсінікті жауап беруге міндеттейді.

Кері байланыстың күшеюі де тұжырымдаманың басты элементтерінің бірі. Мемлекеттік органдар тек өтініш қабылдап қана қоймай, оның не себепті солай шешілгенін немесе қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндіруге тиіс. Бұл тұрғындарға өз мәселесінің назарда екенін сездіреді, ал билікке деген сенімді күшейтеді. Мемлекет алға қойған міндеттердің бірі халықпен сөйлесу ғана емес, оның сұранысын түсіну, қиындықтың түпкі себебіне үңілу және нәтижелі шешім ұсыну.

– 2025 жылдың 1 қаңтарынан 13 қарашасына дейін Қостанай қаласының ситуациялық орталығына 60 747 өтініш түсті. Оның 38 243-і – кеңес беру сипатында, 21 995-і – тіркелген инциденттер, ал 610 өтініш әлі де орындау барысында. Өтініштердің ішінде ең өзектілері – коммуналдық шаруашылық және абаттандыру мәселелері. Электр қуатының болмауы, бағдаршамдардың және теміржол семафорларының істен шығуы, ауызсу берудегі іркілістер, көше жарығының болмауы, қоқыс шығаруға қатысты шағымдар, қар тазалау, жасыл желектерді қалпына келтіру, қоғамдық көлік жұмысына байланысты өтініштер, қаңғыбас жануарларды ұстау – тұрғындар ең жиі көтеретін мәселелер, – дейді Максим Моргунов.

2024 жылмен салыстырғанда да негізгі мәселелер өзгеріссі, электрмен жабдықтау, жол инфрақұрылымы, санитарлық тазалау, ТБО шығару, су беру, көше жарығы, су басу, өндірістік жұмыстардан кейінгі қалпына келтіру, кәріз жүйесі және қоғамдық көлік. Тұрғындар байланыс арналарына да белсенді, Call-орталыққа – 48 900, WhatsApp-қа – 10 898, Instagram-ға – 583, Telegram-ға – 160 өтініш түскен. Әлеуметтік желілер арқылы келетін хабарламаларға міндетті түрде жауап беріледі, сондай-ақ орталық осы платформаларда өшірулер мен жөндеу жұмыстары туралы ақпарат таратады. Ситуациялық орталықтың негізгі қағидаты – жеделдік және ашықтық. Жұмыс тәулік бойы, 24/7 режімінде жүреді. Орталық 436 орындаушымен тікелей байланыста: 15 қалалық мемлекеттік мекеме, 27 ведомстволық және қосалқы ұйым, 64 КСК, 290 ОСИ, сондай-ақ 46 облыстық және республикалық мекеме жедел әрекет етеді. Күн сайын орын алған жағдайлар туралы жедел есеп қаланың әкімінің орынбасарына жолданады, ал апта сайын күрделі мәселелер аппараттық жиындарға шығарылады. Бұл жүйе өтініштердің орындалу мерзімін бақылауға, сапасын арттыруға және қаладағы жағдайға жылдам әсер етуге мүмкіндік береді.

Осындай ашық әрі жүйелі жұмыс – «тыңдайтын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудағы негізгі қадамдардың бірі. Азаматтардың өтініштеріне дер кезінде назар аудару, мәселелерді заң аясында және мүмкіндігінше жедел шешу – қала дамуы мен тұрғындардың сенімін арттыратын маңызды фактор.

Маңыздылығы

Бұл бастама халықтың қоғамдық белсенділігін арттырады. Азамат өз пікірінің маңызды екенін сезінген сайын, қаланың дамуына атсалысуға ынталы болады. Қоғамдық бақылау, бастамашыл топтар, еріктілер қозғалысы – осының бәрі аталған тұжырымдаманың нақты көрінісі.

Қостанай қаласында бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Азаматтардың өтініштерін қабылдау жүйелі жолға қойылған, әкімдік пен Ситуациялық орталық халықпен тікелей әрі ашық жұмыс істеуде. 2025 жылдың өзінде мыңдаған өтініштің уақтылы қаралуы, олардың шешімінің тұрғындарға нақты жеткізілуі, жедел әрекет ету мысалдарының көп болуы – бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелілігін көрсетеді. Әкімдік жанындағы «Азаматтарды қабылдау орталығының» ашылуы, e-Otinish жүйесі арқылы түсетін өтініштердің белсенді төңкерілуі, Ситуациялық орталықтың тәулік бойы жұмыс істеуі – Қостанайда «тыңдайтын мемлекет» қағидатының нақты іске асып жатқанын дәлелдейді. Қала билігі тұрғындармен байланыс орнатуда ашықтыққа, жеделдікке, нақты нәтижеге ерекше мән беруде. Бұл – тұжырымдаманың өміршеңдігін көрсететін маңызды фактор.

Жалпы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – тек саяси бастама емес, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімнің негізін қалыптастыратын жаңа басқару мәдениеті. Қостанай қаласында бұл қағида күнделікті жұмыс тәжірибесіне айналып, тұрғындардың мәселесін шешуге бағытталған нақты механизмдер арқылы жүзеге асуда.

Аяжан СЕРІК,
суреттер архивтен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77