14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күні.
Бұл күнді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде белгілеп, әлемнің түкпір-түкпірінде жыл сайын атап өтіледі. Мереке қарсаңында еліміздің әр өңірінде донорлыққа байланысты түрлі игі шаралар ұйымдастырылады. Бүгін Қостанай облыстық қан орталығына 200-ге жуық адам келіп, соның 140-ы қан тапсырып, сауапты іске өз үлесін қосты.
– Донор боламын деген әр адам медициналық талаптарға сай болуы тиіс. Ол созылмалы немесе жедел жұқпалы аурулармен ауырмауы керек және диспансерлік есепте тұрмауы қажет. Қан тапсырардан екі күн бұрын дәрі-дәрмек қабылдауға болмайды. Таңертең жеңіл тағам ішіп, майлы әрі ауыр тамақтан аулақ болу қажет. Күнделікті қан орталығына 20-50 адам аралығында келеді. Кей күндері 100-ге дейін жететін кездер де болады,-дейді ОДР және ЗК бөлімінің меңгерушісі Шынар Қуанышбайқызы Байманова.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда оң резус-факторлы қан -донорлық тапсырмаларда жиі кездесетін түр. Оның ішінде 1-топтағы қанға сұраныс жоғары. Ал Қостанай облысында 3-ші оң резус-факторлы қан кең таралған.
– Барлық жүргізілетін шаралар толықтай стерильді жағдайда өтеді. Әр донордан кейін қан тапсыратын орын мен құралдар міндетті түрде залалсыздандырылады. Бұл-біздің орталықтың басты талаптарының бірі,-дейді сала маманы.
Донор болудың ағза үшін де пайдасы зор. Бір рет қан тапсырған адамнан шамамен 450 мл қан алынады. Бұл процесс ағзаның жасаруына, қан айналымының жақсаруына және кей жағдайда қан қоюлануының алдын алуға септігін тигізеді.
– Донорларды тарту үшін біз барлық атаулы күндерде түрлі акциялар ұйымдастырып отырамыз. Бүгінгі Дүниежүзілік донор күніне орай да осындай акция өтті. Тұрақты донорларды салтанатты түрде марапаттап, спонсорлардан сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстадық. Бұл дәстүрге айналған жақсы үрдіске айналды, – дейді Шынар Қуанышбайқызы.
Қан компоненттерінің әрқайсысының сақтау мерзімі әртүрлі. Сондықтан кез келген қан тобының жеткілікті мөлшерде болуы қоғам үшін аса маңызды. Ер адамдар жылына 6 рет (әр 2 ай сайын), ал әйелдер жылына 4 рет (әр 3 ай сайын) қан тапсыра алады.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77