Без рубрики Біздің Қостанай Социум

Бүгінде қаланың мәдени және әлеуметтік өмірінің күре тамырына айналды

Қостанайдың ең ірі әрі маңызды көшелерінің бірі – Абай даңғылы. Бұл даңғыл қаланың оңтүстік-батысынан солтүстік-шығысына қарай созылып, күн сайын мыңдаған қостанайлықтың өмірімен тікелей байланысты

Абай даңғылы – тек көлік қатынасының күре тамыры ғана емес, сонымен қатар тарихтың, мәдениеттің және заманауи Қостанайдың бейнесін айқын көрсететін орын.

Бұл көше алғаш рет ХІХ ғасырдың соңында қалыптасып, сол кезеңде Троицкая деп аталды. Патшалық дәуірдің бұл атауы қала өміріне бір ғасырға жуық қызмет етті. Кеңес үкіметі орнаған соң көшенің атауы бірнеше рет өзгерді, алдымен Комсомольская, кейіннен Свердлов даңғылы атанды. 1995 жылдың 25 шілдесінде Қазақстанның тәуелсіздік алғанына төрт жыл толған тұста көшеге ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Бұл – ұлттық руханиятқа тағзым етіп, халықтың тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды.

Бүгінде Абай даңғылының ұзындығы шамамен 9,9 шақырымды құрайды. Ол Рудный тас жолынан басталып, Лермонтов көшесіне дейін созылады. Даңғыл бойында Қостанайдың көптеген орталық көшелерімен қиылысатын жолдар бар, ал орналасуы бойынша ол Әл-Фараби және Назарбаев даңғылдарымен параллель. Көше бойында тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, білім беру мекемелері мен жаңа құрылыс аймақтары орналасқан.

2019 жылы көше атауын өзгерту мәселесі көтерілді. Қалалық мәслихат депутаттары мен әкімдік Абай даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атауды ұсынды. Жергілікті билік бұл бастаманы қолдағанымен, республикалық ономастика комиссиясы түпкілікті шешім қабылдамады.

Даңғыл бойында мәдени-рухани нысандар да бар. Солардың бірі – 2018 жылы салынған Абайдың муралы. Бұл туынды ұлы ойшылдың 173 жылдығына орай, қаланың көркін ашу және жастарға рухани қуат беру мақсатында жасалды. Алматыдан келген «Tigrohaud Crew» тобының суретшілері Ержан Танаев пен Али Закиров төрт күннің ішінде қабырғаға ақынның бейнесін айшықтап, қала тұрғындарына ерекше сый жасады. Сонымен қатар биыл 180 жылдыққа орай Береке шағын ауданында тағы бір мурал салынды.

Абай даңғылы бойында бұрынғы СХИ базасында орналасқан А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің аграрлық факультеттері жұмыс істейді. Мұнда көптеген мамандар даярланып, олардың бірқатары еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жетекші қызмет атқарып жүр. Ал даңғылдың бір бөлігінде орналасқан Жаңа қала шағын ауданы – Қостанайдың жаңа тынысы. Бұл ауданда көпқабатты тұрғын үйлер салынып, заманауи инфрақұрылым дамып келеді.

Айта кету керек, Қостанай облысында төрт мектепке қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың есімі берілген. Абай даңғылы – Қостанайдың тынысы. Оның бойымен өткенде тарихтың бірнеше кезеңін қатар сезінуге болады. Мұнда өткен мен бүгін, дәстүр мен заманауилық тоғысып жатыр. Көшенің атауы қостанайлықтарға ұлттық рухты, даналықты және мәдениетті еске салады. Сондықтан да бұл даңғыл тек қала картасындағы сызық емес, ол – Қостанайдың рухани символы.

– Мектеп қабырғасынан Абайдың кім екенің білмейтін адам жоқ шығар. Абайдың өлеңін жаттамаған, оның мұрасын оқымаған адам жоқ шығар. Міне, осыдан 180 жыл бұрын 20 жасында бір ұлттың болмысын, бүкіл бір ұлттың тынысын, мінезін өзінің өлең жолдарына түсіріп, қара сөзбен жеткізген жан, – дейді Қазақстан жазушылар одағының Қостанай облысы бойынша өкілі Жанұзақ Аязбеков.

Әдеттегідей біз шағын сауалнама жүргіздік. Қала тұрғындарының басым бөлігі Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жақсы білетінін айтты. Сұралғандардың ішінде бірде-бір адам «Абайды білмеймін» деп жауап бермеді. Көбі мектеп кезінде өлеңдерін жаттағанын, ал үлкендер жастайынан қара сөздерін оқығанын жеткізді. Тұрғындар пікірінше, даңғылға ұлы ойшылдың есімі берілуі – әділ шешім және келешек ұрпаққа үлгі.

– Абай Құнанбайұлы атамызды көбінесе қазақ халқы ақын ретінде таниды. Бірақ ол компазитор және оның әндерінен басқа күйлері де бар. Мұхтар Әуезовтың романында Абайды жан-жақты біл аламыз, – дейді қаламыздың жас тұрғыны Нұрбек Керичев.

Жалпы, бұл көшеде барлығы бар: әкімшілік ғимараттар, білім беру мекемелері, тұрғын үйлер, дүкендер, дәмханалар мен мейрамханалар, мәдени нысандар, демалыс орындары, банктер мен қызмет көрсету орталықтары. Қала тұрғындарына қажеттінің бәрі – бір даңғыл бойында шоғырланған. Абай даңғылы бойымен жүрсеңіз, күнделікті өмірдің бүкіл қырын көресіз, таңертең жұмысқа асыққан адамдар, сабаққа бара жатқан студенттер, серуендеп жүрген зейнеткерлер мен балалар. Бұл көше – нағыз Қостанайдың өмір сүру ырғағын сезінетін орын.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77