Балалардың психологиясына әлеуметтік желілерден төнетін қауіп көбеймесе, азаяр емес. Заман талабына сай түрлі ақпарат тез таралуда. Қазіргі таңда қоғам жасанды интеллектті кеңінен қабылдап, соның көмегі арқылы әртүрлі анимациялық видеолар жасауда. Бұл құбылыс қоғамның дерті мен трендіне айналып отыр.
Бүгінгі күні «TikTok» әлеуметтік платформасында жасанды интеллектінің көмегімен жасалған қысқаметражды анимация балалар арасында кеңінен тарап кетті. Қоғамда бұл құбылыс қалыпты жағдай болып таралып кеткенімен, сарапшылардың пікірінше, аталмыш желідегі кейбір контент түрлерін баланың психологиялық дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Соның айқын мысалы-«Brain rot» хэштегі арқылы таралған түрлі анимациялық бейнелер. Осы хэштегпен тарап жатқан «Тралалеро тралала, Бомбардиро Крокодило, Бомбомбини Гусини, Триппи Троппи, Лирили Ларила, Тунг Тунг Тунг Сахур» сынды италян тілінде таралып кеткен бұл анимациялардың мағынасы қандай?
Жалпы -«Brain rot» деген сөздің өзі «мидың шіруі» деп аударылады. Осындай негізде жарияланатын видеолардың түп мақсаты белгілі болар. Көрінісі күлкілі, әуені тартымды бұл анимацияның мәніне үңілсек, олар түсініксіз, абсурдтық сөздер мен әрекеттер арқылы баланың ойлау қабілетін шектеп, қатыгездікке бейімдейді. Бұл сөздер бала санасын улап қана қоймай, психика мен мінез-құлықтың өзгеруіне әкеліп соғады.
– Бұл тақырып төңірегінде ешқандай шағым жасалған жоқ. Десе де, ата-ана бала тәрбиесінің негізгі діңгегі. Сол себептен кәмелет жасқа толмаған балалар қандай контентті жиі қарайды, нені көп көреді деген сұрақтарға жауап іздеуі керек. Бұл видео балалардың көңілін қызықты бейнелермен алаңдатады. Дегенмен де оның аудармасы адам шошырлық екенін естен шығармаған жөн. Қазіргі таңда жаңа тенденциялар арқылы балаларға арналған контентті қолға алып, оны дамыту керек деп ойлаймын. Бала біреуге қарап еліктеп өседі. Сол себептен ата-ана тарапынан бақылау күшейтілуі керек,-деп Қостанай облысы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Несібелі Басенова өз ойын білдірді.
Кейбір адамдардың сөзінше, бұл уақытша нәрсе екен. Біраз күндер өткен соң ұмыт қалады. Әйтсе де, аталмыш вирус секілді таралған «Тралалеро тралала» 17 миллионнан аса қаралым жинаған. Бұлардың трендке айналғаны сондай бүгінде олардың кейіптерімен жейделер мен ойыншықтар шығып үлгерді. Енді бала мұны қалай ұмытады? Олда бұрынғы «Хаги-ваги», «Киси-миси» сынды кері әсер ететін ойыншықтар сияқты жадында мәңгілік қалары сөзсіз. Кезінде психологтар аталмыш кейіпкерлердің бала жүйке жүйесіне кері әсер етеді деп дабыл қаққан еді.
– Бұрын балаларға «Хаги-ваги», «Киси-миси» және басқа да агрессиялық мінез қалыптастыратын мультфильмдерді көруге болмайтынын айтып өткенбіз. Дегенмен, көптеген ата-ата, барлығын уақытша деп қабылдап, баласының дегенін жасады. Олар мультфильм кейіпкерлерін ойыншық түрінде сатып алып берді. Әйтсе де, мұндай ойыншықтардан балаға ешқандай зиян келмейді. Бірақ, бала сол ойыншықтармен мультфильмдегі іс-әрекет пен көріністі қайталап, бір-бірімен төбелестіріп ойнайды. Бұл бала санасында «зұлымдық-қалыпты» деген түсінікті қалыптастырады. Ал бұл туралы ата-ана еш ойланбайды, – дейді психолог Махаббат Татыбаева.
Ғалымдардың пірінше, осындай контенттер қабылдау уақытына байланысты адам баласына өз әсерін береді екен. Егер қабылдау уақыты екі сағаттан көп болса, онда мидың дамуына кері әсерін тигізеді. Сәйкесінше 10-15 минут қараса, бала денсаулығы мен дамуына айтарлықтай әсер қалдырмайды. Қазіргі кішкентай қоғамның ұялы байланыста бір емес бірнеше сағат отыруы, олардың әлеуметтік қарым-қатынасын әлсіретіп, шынайы өмірмен байланысын үзіп жатыр. Бұл жағдайдың алдын алу үшін ата-ана мен мектептегі тәрбиелік рөлді күшейту керек.
– Ата-ана балам жыламаса болды деп қолына күн ұзаққа телефон беріп қояды. Бұл дұрыс емес. Балаға барынша көңіл бөліп, дамуына атсалысқан абзал. Сондай-ақ, үлкендер де телефонды азырақ пайдаланса екен. Қазіргі таңда бала емес үлкеннің өзі үстел басында, не болмасын әжетханада ұялы телефонды ұстап отыруды норма санап кеткен. Біз балаларға үлгі болуымыз керек. Бала көргенді қайталап, істейді, – деп толықтыра түсті сала маманы.
Осы тақырып төңірегінде ата-аналар арасында инстаграм әлеуметтік желісінде сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқан 30 адамның ішінде 40%-ға жуық ата-ата қазіргі тарап жатқан трендтен бейхабар. Тіпті, қалай аударылатыны туралы да білмейді екен. Оқырмандардың ішінен бір ата-ана өзінің баласының қандай контентті көп қарайтынына анализ жасап отыратынын жеткізді.
– Мен баламның қандай контентті көп қарайтынына аптасына бір рет болсын анализ жасап отырамын. Ол күнделікті Tiktok әлеуметтік желісінде көп отырады. Қазір қандай жаңалық болмасын, аталмыш әлеуметтік желіден шығады ғой. Сол себептен қорқамын. Ол жерден медиалық талаптар сақталмаған видеолар да өте көп таралып кетеді, -дейді ата-ана.
Қазіргі таңда жасөспірімдердің ата-анасы балаларында агрессия пайда болғаны және сабақ үлгерімінің нашарлағаны туралы психолог маманына көп шағымданады екен. Сала маманының айтуынша, виртуалды ойында бала мінез-құлқының өзгеруіне алып келеді. Ондай адамдармен ең алдымен кеңестік сұхбат жүргізілетінін атап өтті.
– Кеңес беру барысында, біз бірден баланың ата-анасы жанында қалсын ба, жоқ па соны анықтап аламыз. Көбінесе балалар аналарының қасында қалғанын қалайды. Ондай шешім қабылдағаны қуантады. Себебі, бала да, ана да белгілі бір мәселенің бар екенін мойындауы керек. Осы арада үш жақты жұмыс жасап, баланың одан шығуы үшін жоспар жазамыз. Бос уақытты немен алмастыруға болады деген сұрақ төңірегінде жұмыстарды көп жүргіземіз, – дейді психолог маман Махаббат Шақатқызы.
Ал мұндай жадайдын орын алмауы үшін, ата-ана басынан бастап қадағалау керек. Баламен көп уақытты бірге тиімді өткізуі тиіс. Көбірек кітап оқып, таза ауада серуен құрғаны жөн екенін тілге тиек етті.
Мақпал Сүндетқызы – 4 баланың анасы. Негізі психолог маманы. Көп балалы ана қазіргі таңда декреттік демалыста. Балалары бірінен кейін бірі өсіп келе жатыр. Үлкені небәрі жеті жаста. Ол балаларына қазақша контентті қосып, соны көруді талап ететінін айтады.
– Қазіргі таңда Ютуб желісінде қазақша контенттердің дамуы белең алуда. Көбінесе балаларыма «Balafunny», «Torgai tv» каналдарының видеоларын қосып беремін. Ол видеолар арқылы түстерді, алыс пен жақынды, ұзын мен қысқа, аз бен көптің не екенін ажырата алады. Видеоларымен айтылатын әндері де қызықты. Есте тез жатталып қалады. Балаларым да осы каналдардың контенттерін көруді ұнатады. Кейде басқа осындай баланың дамуына теріс әсер ететін видеоларды қосқан кезде, түсіндіріп, барынша көрмеуіне жағдай жасаймын, – дейді жас ана.
Цифрлық әлемнің жасайтын мүмкіндіктері шексіз. Осы дамып жатқан мүмкіндіктер мен қоса қауіп те қатар жүретінін ұмытпаған жөн. Баланың танымы, психологиясы, ойлауы бәрі әлі қалыптасып келеді. Сол себептен олардың тұтынатын контенті бірінші орында болғаны абзал. Тарап жатқан видеолар жәй ғана тренд емес, баланың сана-сезімінің бір бөлшегіне айналып отыр. Сол себептен медиаконтент қалыптастыру – уақыт талабы. Бүгін баланың миын қорғасақ, болашақ ұрпақтың саналы болуына ықпалымыз тиері сөзсіз.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77